«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан қандай франшизаларды ұсына алады?

2017 жылғы 15 Наурыз
- Алматы қаласы
14989 просмотров

Алматыда Franch day аясында бірінші кездесу өткізілді

Алматы кәсіпкерлер палатасы мен «Kaz Franch» Қазақстанның франчайзинг қауымдастығы лицензиялауға қатысты мәселелерді талқылады. Енді кәсіпкерлікті жаңадан қолға алған тұлғалар тиімді франшизаларды анықтау мен шетелдіктерді қандай қазақстандық сауда белгілер қызықтыратыны жайында, сондай-ақ басқа да сұрақтар бойынша толымды әрі нақты ақпарат ала алатын болады.

«Kaz Franch» Қазақстанның франчайзинг қауымдастығының Президенті Бекнұр Қисықов отандық франшиза саласының келешегі зор деп санайды. Мәселен белгілі бір компанияның жылдап жинаған тәжірибесі мен біліктілігін бірден ақшаға сатып алуға болады. Жарнама мен сауда белгіні насихаттау бойынша қыруар ақша жұмсаудың қажеті болмайды. Бұл бағыт шығынға батқан әрі қызметкерлері мен сауда орын-жайын сатуға мәжбүр кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ.

«Қазақстан негізінен субфранчайзингтің аймағы болып саналады. Тікелей франшизалар саусақпен санарлық. Өйткені бізде халықтың ауқымы аз, сондықан франшизаны тікелей алу әдетте өте қиын. Toni & Guy брендінің лицензиясына Ләззат Нәбиева шапқылап жүріп, әйтеуір қол жеткізді. Іскер әйел Қазақстан туралы мықты презентация дайындаған. Алайда бұл жағдай бойынша кәсіпкерлерге уайымдаудың қажеті жоқ. Алматының Inter Continental қонақ үйін Түркия арқылы, Burger King, KFC сынды брендтері Ресей арқылы Қазақстанға таратылған. Белгілі бір брендті елімізде ашу үшін Лондонға сапарлап, құжаттарды әзірлеп, сол жүкті алыстан арбалағанша,сол брендтің Ресейліктер бейімдеген түрін алу тиімді», – деп мәлімдеді Бекнұр Қисықов.

Оның айтуынша өз лицензияларын сату бойынша көш басында Қытай тұр, оларда – 4100 сауда белгісі, екінші АҚШ, бұл мемлекетте – 3700 сауда белгісі. Айта кетелік, Қытай ұсынып отырған сауда белгілердің басым көпшілігі шын мәнінде америкалық болып табылады.

Алматы кәсіпкерлер палатасы бизнес-тренеры Людмила Лазарева қатысушыларға қандай франшизаларды сатып алу тиімді, сатып алғанда қандай жағдайларды қаперде ұстау керек сынды мәселелер жөнінде кеңес берді. «Қолданысқа дайын франшизалар бар. Бұл бизнес-жобаны толық сатып алғанда болатын мүмкіндік. Франчайзер сізге сауда орын-жай тауып береді, өндірісті жолға қояды, қажетті келісімшарттарды жасайды деген сөз. Яғни тұтас төлем жасалғанда, франчайзер сізге бәрін реттеп береді, егер қандай да бір ауытқулар орын алса, оған франчайзи жауап бермейді. Франшизаның, сондай-ақ классикалық түрі бар. Ол өзінің қатаң тәртіптері салдарынан сұранысқа ие емес. Онда тұтас төлем мен роялти қатар жүреді. Дегенмен, келісімшарт аяқталған соң сауда белгісіне деген құқық пен иелік франчайзиге өтеді», – деп түсіндірді Людмила Лазарева.

Басқосудың спикерлері шетелдік бизнесмендердің тұрақты түрде нарықты зерттейтіндерін, әрі қазақстандық франшизаларды сатып алуға дайын екенін алға тартты. Егер белгілі бір бизнес ұзақ жылдар бойы қарқынды дамып жатса, онда бұл өндірістке деген құқықты өте тиімді сатуға болады. Бүгінде көп елдерде моңғол мейрамханалары мен ортаазиялық шәйханалар аса танымал.

«Franch day» құру туралы идея баяғыда туған. Біз бұл жобаны іске асыруға асықпадық, алдымен жүйелі жұмыстың тәсілін ойластырдық. Бүгінде спикерлерді тыңдау үшін 50-ден астам адам келді, келесі жиынға қатысам деушілердің қарасы қалың. Бұл алматылықтардың жеке кәсіп ашуға ынталарын көрсетеді. Менің ойымша кәсіпқойлардың берген кеңесі бизнес-қоғамдастықтың мүшелерін көбейтеді», – деді Алматы кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов. Кәсіпкерлер палатасы директоры, сондай-ақ Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында кәсіпкерлерге тегін кеңес берілетінін айтып, франшиза саласында ақпарат алуға шақырды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер