«Bastau Бизнес» жобасын орындау жолында
Өңірлерде кәсіпкерлікті оқытатын үздік бизнес-тренерлер легін дайындау науқаны басталды
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлерді дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Bastau Бизнес» оқу бағдарламасы оқыту науқанын ашық деп жариялады.
Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ гуманитарлық заң университеті базасында «Bastau Бизнес» оқу бағдарламасының жұмыс тобы өңір-өңірде кәсіпкерліктің негізін үйрететін тренерлердің тобын жасақтап, оларға арналған жүйелі нұсқама сабақтары жүргізіліп жатыр. Жалпы оқу науқаны бойынша дайындық жұмыстары басталды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев үш үлкен аудиторияларға жайғасқан тренерлерді оқу басталуымен құттықтап, емтихандар мен іркітеуде сәттілік тіледі.
«Мен Ақтөбе облысынан келген бизнес-тренермін. «Bastau Бизнес» Жаңаөзен өңірінде өткенде «Атамекеннің» бизнес-тренерлері бізге құнды семинарлар өткізген болатын. Халықта жақсы әсер қалды, кәсіпкерлікте сауаттылығы артты. Бұл алаңда оқытудың әдісі тамаша. Енді аталмыш бағдарлама республикалық ауқымда жүзеге аспақ. Демек, елдің әлеуеті, экономиканың дамуы жоғарылайды. Жалпы «Bastau Бизнес» жобасы жайында ауылдағы халықтың пікірі жақсы», – деді Ақтөбе облысынан келген бизнес-тренер Ерлан Дүйсенбаев.
2017-2021 жылдар аралығында бүкіл республиканы қамтитын оқу бағдарламасының тренерлерін дайындауға экономика мен бизнес саласының білікті мамандары шоғырланды.
АҚШ-тың Сиракузы университетінің түлегі, «Транстелеком» АҚ Бизнес-қосымшалар бойынша сараптама орталығының директоры Кемел Айтжанов, Лондон экономика мектебінің магистрі, кәсіпқой тренер Марат Раимханов, ADK PROJECT компаниясының жетекшісі Әнуар Ахметжанов, Қазақ гуманитарлық заң университетінің «Экономика, менеджмент и туризм» кафедрасының жетекшісі Асхат Наметша, Корпоративті даму мен мансап орталығының директоры, «Болашақ» түлегі Кристина Мацалак, АҚШ-тың Голден Гейт Университетінің түлегі Самат Панов, Service Quality Institute, John Tschohl интитуты тренер сертификатының иегері Данияр Махкамбаев, АҚШ-тың Индиана университетінің түлегі Алтай Әбдікерімов, ҚР кәсіпқой бухгалтеры Әлия Молдашева, Гүлбаршын Қайдарова, Швейцарияның UBIS университетінің түлегі Максим Крушинский сынды өз ісінің майталмандары сабақ беретін болады.
Тренерлерге тайм менеджмент, стресс менеджмент, инновациялық менеджмент, жобалық менеджмент, шешендік өнер, маркетинг, бизнес негіздері, құқықтық, қаржылық аспектілер, бухгалтерлік есеп және т.б. салалар бойынша тиімділігі жоғары семинарлар жүргізіледі.
«Bastau Бизнес» жобасы не үшін керек? Бүгінде көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр, түрлі тренерлер де өте көп. Олардың біліктілігі қандай, дәрежесі қандай, жалпы тренер ме өзі тексеру керек. Ал «Атамекен» ҰКП осы бағытта нақты іске кірісті. Бизнес бойынша ірі саланың майталмандарын бір ортаға жинап, білім мен біліктіліктің тамаша алаңын ұйымдастырып, тегін семинарларды өткізіп жатыр. Оңтүстік Қазақстаннан 19 тренер келді, Bastau Бизнес ұсынған оқу бағдарламасы жүйелі, көңілден шығып жатыр.Барлық ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, – деді жобаға қатысушы, Оңтүстік Қазақстан облысының тренері Амангелді Жарылқаған.
Жоба бойынша 130-дан астам тренерлер біліктіліктен өтіп жатыр. Екі күн өткен соң тренерлер ішінен 100 адам іріктеліп, оның 80-ні өңірлерде оқытуды жүргізеді, 20 теренер резервте тұратын болады.
«Әдетте ең мықты бизнес-тренерлер ірі бизнес секторында еңбектенеді, олардың қызметі шағын бизнеске қолжетімсіз. Өйткені шағын бизнестің нағыз тренерлерді жалдайтындай жағдайы жоқ. Сондықтан, мемлекет қолдауы мен «Bastau Бизнес» бағдарламасы өңір-өңірдің тренерлеріне шетелдік практикасы бар ең мықты кәсіпқолардың семинарларына қатысуға, өзге әріптестермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік сыйлады. Мемлекет пен «Атамекен» кәсіпкерліктің жөнін білетін азаматтарды біріктіріп, мега-жобаны қолға алды, менің ойымша бұл бастаманың келешегі ғаламат», – деді оқуға қатысушы Павлодар облысының бизнес-тренері Диаз Шорманов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: