Жаппай кәсіпкерлікті дамыту ауылдан бастау алады
Мемлекеттік қолдау шаралары туралы халықтың тек 4%, ал кәсіпкерлердің 15% біледі
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Ауылдағы қыз-келіншектерді экономикалық ілгерілету. Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Жиынға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, «Қазақсан кәсіпкер әйелдері одағы» ҚҰ төрайымы Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Ирина Унжакова, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев, Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Томас Хельм, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Астана қаласы өңірлік бөлімшесінің директоры Исламбек Қайырбеков, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Өңірлік дамыту департаментінің басқарушы директоры Айжан Кенжебаева мен әйелдер қатысты.
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, «Қазақсан кәсіпкер әйелдері одағы» ҚҰ төрайымы Меруерт Қазбекова Елбасының биылғы Жолдауы жалпы экономиканы дамыту мен қоғам жаңғыртуда айқындалған жаңа стратегиялық бастамалар болашаққа жол ашады деп атап өтіп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда, әсіресе, ауылдық жерлердегі әйелдер кәсіпкерлерге қолдау білдірудің маңызы зор екенін ерекше екенін баса назар аударды.
«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев: «Қазақстандағы жеке кәсіпкерліктің негізін әйелдер қалаған. Елбасы экономиканың үшінші жаңғырту қажеттілігі туралы бастама көтерді. Әрине, әсіресе ауылдық жерлерде кәсіп ашуға жағдай жасалу керек. Кәсіпкерлер палатасы былтырғы жылы ауылдық жерді дамытуға жаңа бағдарлама керек деген бастама көтерді. Елбасы тапсырмасымен агробизнес бағдарламасы тек салалық қана емес, ауқымды, бірнеше бағытты қамтылды», – деп өңірлердегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобалар туралы түсіндіріп өтті.
Нұржан Әлтаев өңірлердегі азаматтарға кәсіпкерлік негіздерін оқытатын «Bastau бизнес», «Bastau кәсіп» бағдарламаларының пилоттық жобалары сәтті жасалып, бүгінде Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілгенін жеткізді.
«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев жұртшылыққа керекті, дұрыс ақпарттың жеткізілуін қолға алу мәселесін көтерді. «Халықтың тек 4%, ал кәсіпкерлердің 15% мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар. Бұл ақпараттық қалай жеткізілетінін білдіреді. Біз ҚР Ақпарат және коммуникация министріне хат жолдадық. Біз мемлекеттің қаржысы бөлінетін мемлекеттік комиссияның құрамына енгіміз келеді. Біз бизнеспен айналысу туралы ақпаратты қалай жеткізу керектігін бөлісуіміз қажет. Кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы айтылу керек. Қоғамға осы жағы жетіспейді», – деді Эльдар Жұмағазиев.
Қазақстанда жаппай кәсіпкерлікті ілгерілетуде өңірлердегі жобаларды қолдау керектігіне Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Томас Хельм назар аударды. Оның айтуынша, Германияда экономиканың 97% шағын және орта бизнес құрайды, оның ішінде он шақты адамды жұмыспен қамтитын отбасылық кәсіпкерлікер ерекше дамыған.
Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Унжакова Мемлекет басшысының Жолдауы дамудың жаңа кезеңіне бағыттайтына тоқталып, мұнайдың бағасының арзандауы оған деген тәуелділіктен арылып, дамудың жаңа жолдарына бейімделу керектігіне баса назар аударды.
«Қазір жұртшылық қызмет түрлерін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы алады. Бүгінде Қазақстанда 776 мемлекеттік қызмет көрсетудің 586-сы цифрлық қызметке енгізілген. Қарқынды технологиялық модернизация қажет. Әлем елдері модернизацияланып кетті. Сондықтан, Қазақстан зор қарқынмен дамып, үздік отыздықтың қатарына көтерілмесе, мәңгілікке артта қалып кетеді. Сондықтан әрбір салада цифрлық басқаруды енгізіп, сапалы қызмет пен тауар ұсынуды дамыту керек. Әсіресе туризм саласында ұлттық қызмет көрсетуді сату арқылы пайда табуды үйренткен жөн», – деді Ирина Унжакова.
Сонымен қатар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Астана қаласы өңірлік бөлімшесінің директоры Исламбек Қайырбеков, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Өңірлік дамыту департаментінің басқарушы директоры Айжан Кенжебаева бизнес жобалардың қаржыландыру талаптары мен несиелеу бағдарламаларының түрлері мен талаптары туралы таныстырып өтті.
Жиын соңында «Қазақсан кәсіпкер әйелдері одағының» төрайымы Меруерт Қазбекова әрбір адам жиында көтерілген мәселелер мен кәсіпкерлікті қолдау бойынша ақпараттарды өз айналасындағы жандарға жеткізіп, олар келесілерге тарату керектігін ұсынды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту, әйелдер бизнесін ілгерілету, ауылдағы қыз-келіншектердің жеке кәсібін ашуға ынталандыру ақпаратты уақыты жеткізгенде, тиісті қолдау мен көмекті қай жерден алуға болатынын хабарлағанда ғана жүзеге асатынына баса назар аударды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: