Іскер әйелдер жаппай кәсіпкерлікті дамытуды қолға алмақ
700 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік іскер әйелдер басшылығында
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымдары туралы хабарлап, атқарылған жұмыстардың қорытындысымен бөлісті.
Қазақстан халқының 9 миллионнан астамын (52%) санын әйелдер құрайды. Бұның ішінде 16 жастан 62 жас аралығында еңбекке жарамдылары – 50%. Ал шағын және орта кәсіпкерлікті 697 355 (42%) әйел басқарады. Ал осы кәсіпкерлік саласына қаржылай емес қолдау көрсету бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкер әйелдерге 17 666 сервистік қызмет көрсетсе, 45 501 ақпараттық қолдау білдірген.
«Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шағын және орта кәсіпкерліктегі әйелдер үлесі 50% екенін атап өтті. Осыншама көрсеткішке қол жеткізген іскер әйелдердің жұмысы өңірлерде қалай жүргізіліп жатыр, атқарылған жұмыстар мен келешекке арналған жоспарлар легі қандай деген сауалдарға Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымдары төрайымдары жауап берді.
Жасырын кәсіп тіркелу керек
«Маңғыстау облысында өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған әйелдердің көрсеткіші өте төмен, небәрі – 3%. Біздің мақсатымыз білім беру, кеңес беру қызметтері арқылы әйелдерді жеке кәсіп ашуға ынталандыру. Әйелдер айналысатын кәсіби салалардың қауымдастықтарын құрумен айналысып келеміз. Биыл ақпан айында Маңғыстау облысында дизайнерлердің, сондай-ақ интерьер дизайнерлері мен декораторлардың қауымдастықтары құрылды. Алдағы уақытта Маңғыстау облысы кондитерлерінің гильдиясы, қолөнершілердің мектепке дейінгі білім беру мен дамыту салаларының жеке-жеке қауымдастықтарға біріктіріледі», – деп Сәуле Салихова жұмыс барысымен таныстырды.
Маңғыстау облысында іскер әйелдер 7 салада жеке кәсіппен айналысып отыр. Мал шаруашылығы, аспаздық, нан өнімдерін пісіру, балабақша қызметі, авто және арнайы техникаға қызмет көрсету, тігін цехы, хостелдер ашу секілді бірнеше бағытты қамтиды.
«Кондитерлік өнімдерді дайындайтын қыз келіншектер өте көп. Олар әлеуметтік желілер арқылы танымал. Біз келіншектерді заңды түрде жұмыс істеуге шақырдық. Бір ай ішінде барлығы да жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Тағам саласында қауіпсіздік өте маңызды. Көпшілік үшін тағам дайындап, пайда тауып отырғанда, медициналық тексеруден өтуі, медициналық кітапшасының болуы маңызды. Сонымен қатар, әрбір кәсіп иесі заңды түрде жұмыс істеп, мемлекетке салық төлеуі керек», – деді Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.
Шалғай аймаққа ақпарат жетпейді
Оңтүстік Қазақстан облысында 175 мың кәсіпкерлік субъектісінің 30% әйелдерге тиесілі. Облыс бойынша 35 акционерлік қоғамды, түрлі ауқымдағы 6 мың кәсіпорынды, 5 мыңнан аса жауапкершілігі шектеулі серіктестікті әйелдер басқарады, ал 56 мыңнан аса келіншек жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.
«2016 жылы «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы бойынша 18 кәсіпкер әйел 39,5 млн теңге сомасындағы грантқа ие болды. «Әйел және бизнес» ІІ форумының қорытындысы бойынша 71 млн теңге сомасындағы 11 жоба қаржыландырылды. Отандық кәсіпкерлер бизнес форумдарға, көрмелер мен жәрмеңкелерге жиі қатысады. Біз қызметіміздің аумағын кеңейтіп келеміз. Ең ерекше атап өтетін іс-шара Оңтүстік Қазақстан облысынан 12 компанияның өкілдері Түркияға іс-сапар жасап, бизнес ұйымдарымен тәжірибе алмасты», – деді Оңтүстік Қазақстан облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева.
Сонымен қатар, ОҚО Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы облыстағы 14 ауданды аралап, шалғай аймақтағы қыз-келіншектерге ақпараттық қолдау керектігі анықталғанын хабарлады.
Халықаралық деңгейге көтерілді
Ал Қарағанды облысында халықаралық байланыс күшейіп келеді. Бұл туралы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Садырбаева айтты. Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы байланысты нығайтуда Қарағандыда бизнес форум ұйымдастырылып, «Меди-сити Тэгу» бірыңғай ақпараттық-медициналық орталық ашылғанын хабарлады. Қарағанды облысы Іскер әйелдер кеңесінің ұзақ уақыт бойы жүргізілген келіссөздерінің нәтижесінде «Лидер-Консалт» компаниясы Тегу қаласының әкімдігімен 500 мың доллар сомадағы меморандумға қол қойған.
«Тегу қаласын Оңтүстік Кореядағы медицинаның астанасы деп айтуға болады. Онда медициналық жоғары оқу орындары, медициналық мекемелер өте көп. Сапалы медициналық қызметімен танымал қала Сеулге қарағанда, бағасы жағынан да арзан. Екіжақты байланыстың нәтижесінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік көп. Былтырғы жылы Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен, Оңтүстік Кореяның 60 дәрігері Қарағанды өңірінің 3000 тұрғынына тегін медициналық тексеру жүргізіп, диагноз қойып, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті», – деп атап өтті Әлия Садырбаева.
Қарағанды облыстық Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен 2016 жылы «Дарынды бала» деген атаумен 3 балабақша ашылды. Бұл дарынды балаларды анықтап, дамытуға бағытталған ерекше бағдарламамен жұмыс істейді. Әлия Садырбаеваның айуынша, қазіргі таңда франшиза бағыты жоспарланып, дайын бизнесті сату жағы қарастырылып жатыр.
Әрбір өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар Қазақстандағы кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған. Қазақстанның 3 өңірінен берілген айрықша ақпарат – қыз-келіншектердің қаржылық сауаттылығын арттыру үшін, жеке істерін ашуға көмек көрсетуде, тәжірибе алмасуда Іскер әйелдер кеңесі жұмысының маңызы зор екенінің айқын дәлелі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: