Лаззат Рамазанова: «Бүгінде кәсіпкерліктегі әйелдердің үлесі 50%»
Әйелдер кәсіпкерлігінің басым бөлігі қызмет көрсету саласына бағытталған
«Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесі атқарылған жұмыс қорытындысы мен алдағы уақытта атқаратын жоспарлары туралы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді.
Жиынға «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Хатшылығының жетекшісі, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, «Asyl Arman» ЖШС директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева, «Территория дизайна deSali» студиясының, «Coffee & People» ЖШС директоры, Маңғыстау облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова және «DELUXE» журналының бас редакторы, Қарағанды облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Садырбаева қатысты.
«Мемлекет басшысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдына экономиканы әртараптандыруды қамтамасыз етуде, жаппай кәсіпкерлікті дамытуды, халықтың басым бөлігін кәсіпкерлікке тартуды тапсырды. Кәсіпкерлер палатасы міне 4 жылға жуықтады, осы мақсатта жұмыс істеп келеді. Іскер әйелдер кеңесінің құрылғанына көп бола қойған жоқ. Дегенмен нәтиже бар. Бүгінде кәсіпкерліктегі әйелдердің үлесі – 50%, ал мемлекеттің ЖІӨ құраудағы салымы – 40%», – деді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова.
Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы «Атамекен» ҰКП қаржылай емес қолдауды тұрақты түрде көрсетіп келе жатқанын, бүгінге дейін 46 мың 126 сервистік қолдау крсетілген, яғни кәсіпкерлерге ақпараттық қызмет көрсетілгенін, сонымен қатар 10 мыңға жуық кәсіпкерлер бизнесті жүргізу бойынша практикалық көмек алғанын хабарлады. Сонымен қатар, әйелдер кәсіпкерлігінің басым бөлігі қызмет көрсету саласына бағытталғанын сервистік қызмет көрсетуде 63% әйелдерге тиесілі екенін, ауыл шаруашылығындағы кәсіптің 53% нәзік-жандылар басқаратынын айтты.
«Біз алғаш рет көрсетілген көмекті ерлерге және әйелдерге деп бөлдік. 46 мыңнан аса көрсетілген қызметтің ішінде іскер әйелдерге 17 666 сервистік қолдау көрсетілген, өңірлерде 8 мың әйел оқыту түрінде көмек алды. Өңірлерді аралау, облыстардағы бизнес-қоғамдастықтармен бірлесе жұмыс істегенде, көпшіліктің бизнес саласында жұмыс істегісі келетіні, тек қаржы жетіспейтінгі анықталды. «Атамекен» енгізген жаңалықтың бірі – шағын несиелеу. Жергілікті атқару органдарымен жүргізілген келісімдердің нәтижесінде Қазақстанның 5 өңірінде бизнесті микронесиелеу бағдарламасын іске қосты. Пайыздық мөлшерлемесі көп емес, 5-8% құрайды. Инвесторлар мен жергілікті атқару органдары бірлесуі нәтижесінде шағын бизнеске қаржы бөлініп отыр», – деді Ләззат Рамазанова.
Брифингте Ләззат Рамазанова шалғай аудандардағы әйелдерді ақпаратпен қамтамасыз ету, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, қаржылық сауаттылықтарын арттыру бағытында жұмыс істелу керектігін ерекше атап өтіп, кәсіпкерлікпен айналысатын, сондай-ақ өз ісін ашуға ниетте қыз-келіншектерді Кеңес аясында бірігуге шақырды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: