«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекеттік салып алуларға қазынашылық сүйемелдеу енгізілмек

2017 жылғы 01 Наурыз
9956 просмотров

Бюджеттен бөлінген қаржының 1/3 бөлігі құрылыс саласына тиесілі

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеудің жаңа механизмі туралы қоғамдық тыңдау өткізді.

Жиынға ҚР Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева мен ҚР Қаржы министрлігінің және құрылыс компанияларының өкілдері қатысты. Ал кәсіпкерлік саласының аймақтағы өкілдері Өңірлік кәсіпкерлер палатасында бас қосып, талқылауға онлайн-режимде байланысқа шықты.   

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева Кәсіпкерлер палатасында салалық қауымдастықтар мен құрылыс компаниялары өкілдерінің қатысуымен алдын-ала талқыланғанын, бастапқы ыңғайсыз жобасы ықшамдалғанын  жеткізді.

«Мемлекеттік сатып алуларға қатысатын бизнес қоғамдастық өкілдері тарапынан ұсынылып отырған қазынашылық сүйемелдеу үлгісіне қатысты біршама сұрақтар түсті, сондықтан жұмыс барысында талқылап шешу керек», ­– деп атап өтті Юлия Якупбаева.

Қазынашылық сүйемелдеу – құрылыс объектілеріне қатысты бюджеттік инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына бөлінген қаржының мақсатты пайдаланылуын, сондай-ақ жобаға барлық қатысушылардың – бас мердігердің, қосалқы мердігердің төлем жүргізуінің барлық кезеңінде салықты толық төлеуді қамтамасыз етуді бақылау.

ҚР Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов қоғамдық тыңдау тәртібінде «Мемлекеттік сатып алуларды Қазынашылық сүйемелдеу» атты жобаның таныстырылымын жасап, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алулардағы мәселелерді атап өтті.

«Мемлекеттік сатып алу аясында салық төлеушілердің саны 2015 жылы – 45 мың, ал жалпы сомасы 3 трлн 215 млрд теңге. Ал мемлекеттік сатып алу бойынша бюджеттен бөлінген ақшаның 1/3 бөлігі құрылыс саласына тиесілі. Бюджет заңнамасы мен мемлекеттік сатып алулар туралы заңды бұзудың басым үлесі құрылыс саласына тиесілі. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 2016 жылы 380 қылмыстық істің 115-і құрылыс саласында жасалған, яғни 30,2 % құрайды», – деп хабарлады Берік Шолпанқұлов.

Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеу төлемдердің ашықтығын, салық төлемінің толық жүргізілуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ құрылыс сапасын қадағалауға, бюджет қаржысын мақсатты жұмсауға, сатып алулардағы қамту үлесін бақылауға мүмкіндік береді. Қазынашылық сүйемелдеуде халықаралық тәжірибеге сүйене отырып алғаш рет жобаны басқаратын инжиниринг компаниялар (Супервайзер) тартылатын болады.

Берік Шолпанқұлов қазынашылық органдарында арнайы шоттар тек бас мердігер мен қосалқы мердігер үшін ашылатынын түсіндірді. Бюджеттен бөлінетін қаржы Супервайзердің, яғни жобаны басқару үшін тендер арқылы анықталатын инжинирингтік компанияның шешімімен жасалады. Супервайзерге құрылысы сапасын бақылау ғана емес, барлық шығындардың негізделуін бақылауға қосымша құзырет беріледі.

Қазынашылық сүйемелдеуді енгізу бойынша Астана қаласы мен Ақмола, Қарағанды облыстарында пилоттық жоба енгізілген. Бұл жоба құрылыстағы сатып алуларға қазынашылық сүйемелдеудің ұтымды тұстары мен қолайсыз жақтарын анықтауға, мемлекеттің бюджетінен қаржыландыратын құрылыс саласындағы инвестициялық жобаларды сапалы іске асыру үшін ҚР заңнамасын тиісті өзгертулер мен толықтыруларды енгізуге мүмкіндік береді.   

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл жүйеге жаңа құрылғыларды – Тауар жеткізушілер реестрі (одан кейін Қызмет көрсетуді жеткізушілер реестрі, Қосалқы мердігерлер реестрі) енгізуді ұсынып отырғанын жеткізді.

«Тауар жеткізушілер реестріне отандық тауар өндірушілер туралы, өңір бойынша тауарлардың түрлері мен бағасы жайлы ақпарат салынатын болады. Сондай-ақ отандық және импорттық өнім бойынша шетелдік өндірушілер мен ресми дистрибюторлар да енгізіледі. Жосықсыз жеткізеушілерді тізімнен шығару, Реестрге жеткізушілерді енгізу Мемлекеттік кірістер комитетімен келісілетін болады. Реестрге отандық тауар өндірушілерді енгізу механизмі бизнес өкілдерімен жасалады», ­– деді Юлия Якупбаева.

Талқылау барысында бизнес-қоғамдастығының Мемлекеттік кірістер комитетімен, Супервайзермен  өзара байланысы, казынашылық сүйемелдеуде МКК қызметінің регламенті, қосалқы мердігерлердің адалдығын тексеруге, қосымша шығындарға қатысты төлем аудырымдарындағы мәселелерге, нормативті акті жобасының өзгеруіне, баға демпингі, инжинирингтік компаниялар қызметіне, адал жеткізушілер реестріне қатысты сауалдарды қойып, ұсыныстарын берді.

«Супервайзер қызметінің регламенті мен мәртебесін, оның инжинирингтік компания ретінде аккредиттелуін, біліктілік талаптары мен қазынашылық сүйемелдеуде өкілеттігін бірлесіп анықтау үшін жеке жиын өткізіп, талқылау керек», ­– деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер