«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексі қалай әсер етеді?

2017 жылғы 01 Наурыз
11725 просмотров

 «Атамекен» алаңында Агроөнеркәсіп кешені мен Тамақ өнеркәсібі комитеттері, Шағын және орта бизнесті дамыту комитеті мен Сауда комитетінің бірлескен отырысы өтті.

Алқалы отырысқа ҚР Ұлттық экономикасы министрлігі өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Картоп және көкөніс өсірушілер одағы, Қазақстан фермерлер одағы, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев алқалы отырысты ашық деп жариялап, отандық экономика дамуына жаңа бағдар беретін Елбасы Жолдауының маңызын айтып, Жолдаудағы отандық шағын және орта бизнес кеңістігін кеңейтуге арналған нақты тапсырмаларды атап өтті.

ҚР Ұлттық экономика министрлігімен Салық кодексі жобасы әзірлену үстінде. Бүтін салық саласын реттейтін құжаттың шағын және орта бизнес өкілдері мен аграрлық секторға қалай әсер ететінінің маңызы зор. Салық кодексі бойынша ұсынылып отырған өзгертулер мен толықтырулар жайлы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Әмрин баяндады.

«Біз сараптама жасадық. Патент негізінде жұмыс істеп отырған, жылдық табысы 1,5 млн теңгені құрайтын кәспкерлердің 58% яғни 144 313 субъект әлеуметтік салықты төлемейді. Өйткені әлеуметтік аударым сомасының әлеуметтік салық сомасынан асып түсуі кезінде әлеуметтік салық нөлге тең болып қалады. 2015 жылы әлеуметтік салық бойынша түсім көлемі 976,4 млн-ды құраған. Біздің ұсынысымыз арнайы салық режимі аясында әлеуметтік салықты алып тастап, патент негізіндегі мөлшерлемені 1%-ға дейін төмендету».

Салық және кеден саясаты департаменті директорының жасаған ұсынысы бойынша арнайы салық режимі аясында жеңілдетілген декларация негізінде заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер (ИП) үшін кірістердің бірыңғай шектік мөлшерін және қызметкерлердің санын бекіту қажет. Мәселен, жылына ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 4200 (2017 ж: 4200*24 459 = 102,7 млн теңге), қызметкерлер саны – 30 адам.

«2015 жылы жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын 499 694 салық төлеуші 100 млн-нан төмен кірісті көрсетті. Аталған арнайы салық режимін 2020 жылдан алып тастап, кірістер мен шығындарын жалпыға бірдей декларациялауды енгізуді ұсынамыз», – деді Азамат Әмрин.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі ұсынған өзгертулер тізімінде сондай-ақ, кірістер мен шығындардың жеңілдетілген тәртібі, бірыңғай жер салығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер, балық өнімдері мен ауылшаруашылығы кооперативтері үшін арнайы салық режимі айтылды.

Арнайы салық режимін қолданатын ауыл шаруашылығы өндірушілері 2016 жылы 5 238 субъекті құрады (Заңды тұлғалар, оның ішінде ауыл шаруашылық кооперативтері – 3 309, шаруа қожалықтар – 1 929). «Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне ҚҚС бойынша жеңілдік (70%-ға дейін жеңілдік) ДСҰ талаптарына қайшы. Сондықтан корпоративті табыс салығына, әлеуметтік салық, АСР негізінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін көлік пен мүлікке жеңілдікті сақтап, ҚҚС-қа жеңілдікті алып тастауды ұсынамыз», – деді Азамат Әмрин.

Осы өзгерістер бойынша ҰКП Басқарма Төрағасы орынбасары Рустам Жүрсіновтың пікірінше жаңа Салық кодексінің негізгі мақсаты өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды көлеңкеден шығару деп есептеу тартты.

ҰКП Төралқа мүшесі Райымбек Баталов бизнестің шоғырландыруын құру маңызды екенін атап өтті. «Жаңашылдықтар бизнеске қаншалықты ауыртпалық түсіретінін саралау қажет. Мүмкіндік болса белгілі бір аудандарды алып, пилоттық режимде қалай жұмыс істейтінін сынап көру керек», – деді Райымбек Баталов.

Өз кезегінде Картоп және көкөніс өсірушілер одағының басшысы Қайрат Бисетов Бірыңғай жер салығы мәселесін көтерді.

 «ҚР Салық кодексінің 568-бабына өзгертулер енгізіліп, 3-тармақ бойынша 442-бабқа сілтеме алынып тасталған. Осының салдарынан Қосымша құн салығы енді шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтарға таралып отыр. Егер, олардың табысы 30 мың АЕК (68 млн теңге) көрсеткішінен асса, олар ҚҚС-ті төлеуге міндеттеледі. Бұл жайт көп қожалықтарды бірыңғай жер салығы бойынша арнайы салық режимінде жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр», – деді Одақ басшысы.

Қайрат Бисетовтың айтуынша, Бірыңғай жер салығы режимі шаруалар үшін түсінікті. 2015 жылы шаруалар үшін аталған БЖС-ке сәйкес ауылшаруашылығы жер учаскелері бойынша шектеулерді белгілеп берген болатын. Мәселен, Солтүстік Қазақстан бойынша 3500 гектарға дейін, ШҚО бойынша 1500 га, ОҚО бойынша 500 гектарға дейін шектелген. Енді жаңа Салық кодексіне сәйкес шекті жер учаскілері бар шаруа қожалықтары сол салық кодексінің басқа бабы бойынша толық бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізуге көшуге мәжбүр. Ағымдағы жылдың 1-тоқсаны аяқталысымен шаруа қожалықтар мен фермерліктер БЖС-дан он есе асатын шығынға батып, бірнеше мың бухгалтерлерді тауып, салық төлеуге міндеттеледі.

«Өңірлерде салық комитеттері жаңа Салық кодексін тілге тиек етіп, жалпы режимге көшу үшін жергілікті шаруаларға қысым көрсетуде. Бұл шын мәнінде жұртшылықты мазалау. «Біз екі жол ұсынамыз. Біріншісі, Бірыңғай жер салығы режимін сол күйінде қалдыру, есесіне Министрлікке кезең-кезең бойынша мөлшерлемені 5 есе көтеруді ұсынамыз. Екіншіден, осы БЖС шеңберінде бухгалтерлік пен салықтық есептерді қарапайым халыққа түсінікті әрі оңай етіп енгізу қажет», – деді Бисетов.

Қайрат Бисетовтың ұсынысын ҰКП Басқарма Төрағасы орынбасары Нұржан Әлтаев назарға алып, бұл мәселені Үкімет деңгейінде көтеру қажет екенін алға тартты: «Бүгінгі отырыста протоколға қол қойып, қажетті органдарға жолдап, мәселені шешуге тырысамыз», – деді.

Отырыс қорытындысы бойынша барлық айтылған ескертулер мен ұсыныстар ескеріліп, «Атамекен» ҰКП салық департаменттері, агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі 10 жұмыс күні ішінде аталған ұсыныстарды саралап, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне ұсыну тапсырылды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер