Оң шешімін тапты
Кәсіпкер аукцион жеңімпазы ретінде жер учаскесін заңдастыру мен жеке мүлікті тіркеу кезінде көптеген қиындықтарға кездесіп, Палатаға жүгінуге мәжбүр болған
2016 жылы кәсіпкер Санжар Жұбаниязов қалалық жер бөлімі жариялаған аукцион қорытындысы бойынша жеңімпаз атанып, келісімшартқа қол қойған. Спорт алаңын салу мақсатында Мерей ықшам ауданында жер учаскесін алған. Тіпті 738 758 (жеті жүз отыз сегіз мың жеті жүз елу сегіз) теңге сомасында жалдау ақысын да төлеген.
Алайда, ниетті істің бастауы күрделеніп кеткен. Себебі қалалық жер қатынастары бөлімінен тиісті құжаттар берілмей, кәсіпкер 7 ай бойы құрылыс жұмыстары басталмады. Қажетті құжаттарға қатысты мәселемен қанша жүгінсе де, бөлім жұмысшылары тарапынан лайықты жауап ала алмаған. «Мен бөлімнің басшысына жүгінгенімде, ол менің мәселемді шешуге уәде берген еді, алайда ешқандай нәтиже шықпады. Сондай-ақ сол бөлімге жолданған хатыма да жауап берілмеді», – дейді Санжар Жұбаниязов. Заңдастыру мәселесінің әуресімен шаршаған кәсіпкер Палатадан көмек сұрады.
Кәсіпкерлер палатасы жобаны сүйемелдеу бөлімінің сарапшылары араласқанда бұл іске қатысты құжаттар тіпті дайындалмағанын анықтады. Кәсіпкерлер палатасы мәселенің ақ-қарасын ашуға кіріскеннен кейін ғана іс оң шешімін тапты. Бір ай ішінде жер учаскесіне қатысты барлық құжаттар кәсіпкердің қолына тиді.
«Мен өңір экономикасының дамуына өз үлесін қосамын деп жеке ісін ашқандарға баға жетпес көмек көрсетіп отырған Кәсіпкерлер палатасының білікті мамандарына зор алғысымды білдіремін. Менің мәселем аз уақытта, жедел әрі оң шешімін тапты», – деді кәсіпкер Санжар Жұбаниязов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: