Сенат төрағасы: «Өндірістік және жоғары технологиялық бизнесті дамыту қажет»
Қазақстанның ЖІӨ-дегі инновациялық өнімнің үлесі шамамен 1% ғана
ҚР Парламенті Сенатында отандық кәспкерлікті дамытуға арналған тыңдалымда ҚР Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске инновациялық көзқарастың жетіспеушілігін атап өтіп, осы мәселені жекелей қарауды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры отандық бизнеске айтарлықтай қолдау көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар, Елбасы тапсырмасымен бизнесті дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы», «Агробизнес–2020», индустриялық және инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы сынды жекелеген бағдарламалар әзірленіп, тиімді жүзеге асып жатқанын, биылдан бастап кәсіпкерлікті дамытуға негізделген 2017-2020 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы қолға алынғанын да айтып өтті.
«Мемлекет отандық бизнес ахуалды жақсарту бағытында жүйелі күш жұмсауда. Алайда сала дамуына жағдай жасау аздық етеді. Еліміздің экономикасында әлі де мұнай және тау-кен металлургиясы секторына басымдық беріліп отыр. Ал шағын және орта бизнестің ЖІӨ-ға қосар үлесі 25%-дан аспай тұр. Шағын бизнес сауда мен ауыл шаруашылығынан ары аспайды. Ал дамыған елдерде шағын және орта бизнес үлесі ЖІӨ-нің 50% құрайды. Қазақстандық бизнес жалпы инновацияларды қолдану бойынша төмен көрсеткіштерге ие. 2015 жылдың қортындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-дегі инновациялық өнімнің үлесі 1% ғана құраған. Елбасы тапсырмасына қайшы осы жағдайдың себебін егжей-тегжейлі анықтауымыз қажет», – деді Сенат төрағасы.
Қасым-Жомарт Тоқаев көп елдерде басымдық мемлекеттік қолдауға емес, кәсіпорынның дербестігіне беріледі. Кәсіпкерлікке бағытталған мемлкеттік қолдау экономикалық ақпаратқа сәйкес технологиялармен қамтамасыз етуде, кәсіпкерліктің инновациялық түрлерін ынталандыруда көрініс табады. Сондай-ақ, дамыған мемлекеттерде техникалық инновациялардың қарқынды дамуы бизнес-сектордың басты ілгерілеу факторына айналып отырғанын үлгі ретінде айтты.
«Шетелдік кәсіпкерлер нарықтағы бәсекелестіктің өршуіне мән беріп, жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізуге күш салуда. Біз еліміздегі өндірістік және жоғары технологиялық бизнестің дамуына назар аударуымыз қажет. Мемлекеттік қолдау да тек қана осындай бизнес түріне ғана бағытталуы абзал, оның ішінде квазимемлекеттік кәсіпорындары тапсырыспен қамтамасыз ету де бар», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сенат төрағасы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға, жеке кәсібін ашуға ниеттенген жандарға барынша қолдау көрсетіп, жастарға кәсіпкерлік негіздерін оқытуды, олардың жеке бизнесте жұмыс істеуіне жағдай жасау керектігіне баса назар аударды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторларға, сондай-ақ отандық кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасымен қызмет көрсету мәселесі өзекті, бұл бағытта кемшіліктер бар екенін жеткізді. Әлі де «бір терезенің» жанынан қосымша «терезелер» ашылып, министрліктер арасындағы әуре-сарсаңның шешілмегенін атап өтті.
Дамыған мемлекеттерде электронды қызмет саласы жақсы қолданыс пен сұраныста. Осы тұрғыда отандық электронды үкімет тетігі сөзімізге дәлел. Үкімет тарапынан бизнес үшін «Бір терезе» іске асатын болса, құжат алмасу үдерісі, рәсімдеу жұмыстары жеңілдейді.
Жиын барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ахан Бижанов Кәсіпкерлер палатасының отандық ғылымды дамытуға қандай үлес қосқанын, осы жолда атқарып жатқан еңбектер туралы айтуды сұрады.
Тиісінше, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов инновациялар арзан және ұзақмерзімді ақшаны қажет ететінін алға тартып, Елбасы қойған міндеттер бойынша жұмыс істеліп жатқанын, инновацияларды қолға алу үшін салықтық жеңілдіктерді қамтамасыз ету керектігіне назар аударды. «Атамекен» ғылым саласының мамандарымен бірге министрлік алдында сауал қойып, жоғары оқу орындарына жүктелетін инновациялар мен ғылыми жұмыстар ең алдымен бизнеспен келісілгені жөн екеніне назар аударып отыр. Абылай Мырзахметовтың айтуынша, қазіргі таңда «Атамекенде» ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан, ғылыми кеңестерде, отырыстарда, салалық бизнес құрылымдарда Кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары ескерілсе деген өтінішін де жасырмады.
Парламенттік тыңдалымда Сенат төрағасы бизнесті дамыту үшін мемлекеттің де, кәсіпкерлердің да мүддесін байланыстыратын тиімді әрі қолайлы ортаны қалыптастыру басты мақсат екенін жеткізді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: