«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Абылай Мырзахметов: Квазимемлекеттік сектор бизнестің дамуын тежейді

2017 жылғы 24 Ақпан
9103 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы әр өңірден түсетін сауалдарды сараптап, 439 сауалдан тұратын өзекті мәселелер тізімін дайындады

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов ҚР Парламенті Сенатында өткен парламенттік тыңдалымда Кәсіпкерлер палатасының жалпы қызметі мен атқарылған жұмыстарын баяндап, бизнесті дамытудағы негізгі бағыттарды атап өтті.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына 2013 жылдан бастап бизнесті қорғау бойынша 17 мыңнан аса арыз-шағым түскен, оның ішінде 7225 шағым  2016 жылы түскен. Жер бөлу мен қала құрылысына қарасты рұқсат беру мәселелерінен шағымданғандар өте көп. Кәсіпкерлер палатасы әр өңірден түсетін сауалдарды сараптап, 439 сауалдан тұратын өзекті мәселелер тізімін дайындады. Оның ішінде 295 мәселе шешілді. Сонымен қатар нормативтік құқықтық актілерді сараптау жұмыстары да жүргізіп келеді. Бүгінде дейін 4 930 НҚА жобасына сараптама жасалды. Атамекен ұсынған ескертулер мемлекеттік органдар тарапынан назарға алынып, оның 81% енген», ­– деп Абылай Мырзахметов жұмыс барысымен жан-жақты таныстырды.  

Бүгінде «Атамекен» ҰКП қарасты Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарында 16 Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жұмыс істейді, сонымен қатар 26 Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен 199 Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары кәсіпкерлерге жан-жақты ақпаратты тегін беру, кәсіпкерлікке баулу секілді бірқатар жұмыстар жүргізіп отырғанын айтты.

Басқарма төрағасы парламенттік тыңдалымда жыл сайын Мемлекет басышысына «Атамекен» ҰКП жұмысының қорытындысы бойынша есеп берілетінін, 2016 жылғы жұмыстың ауқымды қорытындысы сәуір айында дайын болатынын, шағын және орта бизнес бойынша өңірлердегі рейтингін жасауға болатынын хабарлады.

«Бизнесте макроэкономикалық салада да ауқымды жұмыс жүргізілу керек. Біз бизнесті дамыту дегенде нарық сыйымдылығын назарға алуымыз керек. Нарық сыйымдылығы ­– бизнесте ең басты көрсеткіш. Елімізде халық саны 17 миллионнан асады, бұл нарық сыйымдылығы үшін аз. Бизнесте дамыту үшін сұраныстың болуы маңызды. Ол үшін экпортты дамыту, өткізу нарығын кеңейтуіміз керек», – дейді Басқарма төрағасы.

Осылайша, Абылай Мырзахметов бизнес-ортаны жетілдіру мен кеңейтуге әсер ететін басты алты бағытты, яғни салық салу; шағын және орта бизнес секторын қайта реттеу және ырықтандыру;  экономикада мемлекеттің қатысу үлесін азайту; қаржыға қолжетімділікті арттыру; мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көтеру, нарықтық ақпаратқа қолжетімділікті атап өтті.

«Мемлекеттің үлесін азайту өте маңызды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор айналысатын 600-ден аса сала 2015 жылдың аяғында 300-ге азайтылды. Бұл әлі де жалғасу керек. Осы 300 саланың 270-тен астамымен квазимемлекеттік сектор айналысады. Дәл осы сектор бизнестің дамуын тежеп отыр. Ұлттық компаниялар өзінің еншілес компаниясын ашып, кейтрингтік қызмет көрсетіп отыруы дұрыс емес. Мұны жеке меншік сектор да атқара алады. Мұндай құрылымдарды құрған сайын бизнес алаңын азайтамыз», ­– деп Абылай Мырзахметов мәселенің ашығын айтты 

Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы ұлттық банк мандатын қайта қарауды ұсынды. Бизнесті дамытуда, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті арттыруда қаржыға қолжетімділіктің маңызы зор, о үшін қор нарығын ашып, несиенің негізгі мөлшерлемесін азайту керектігін атап өтті.

Бизнеске «бір терезе» арқылы қызмет көрсетуді дамыту, ақпараттық қолжетімділік, В2В форматында бизнес нарығын кеңейту, экспорт көрсеткішін арттыру бағытына да баса назар аударды. Бизнестің өзін-өзі реттеуін қолға алып, импортты алмастыру, бизнесті сақтандыру жүйесін дамыту бойынша жұмыстар жүргізуді ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер