«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кеңес Әбсәтіров: «Кәсіпкерлер құқығын бұзған лауазымдық тұлғалар шындығында ешқандай жауапқа тартылмайды»

2017 жылғы 23 Ақпан
2890 просмотров

Мемлекеттік органдар жұмысына қатысты 44 920 шағым түскенімен, тек 17 қызметкер тәртіпке шақырылған

Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кеңес Әбсәтіров бизнесті қорғау мен мемлекеттік қызметкерлердің жауаптылығы мәселелеріне тоқталды.

Мәжіліс депутатының айтуынша, «Ақ жол» демократиялық партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракциясы жалған кәсіпкерлік мәселесінде адал кәсіпкерлердің зардап шегу мәселесін көтеріп, Бас прокуратураға Әкімшілік кодекстен 215-бапты алып тастау туралы депутаттық сауал жолдаған. Сонымен қатар, жалған кәсіпкерлік бойынша қылмыстық істің алғаш рет оң шешілгені туралы хабарлады. Алматы қаласы Алмалы аудандық соты 101 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты қылмыстық істі тоқтатып, нәтижесінде компаниялар 2012-2013 жылдары жалған кәсіпкер төлемеген миллиондаған салық пен айыппұлдан құтқарылған.

Кеңес Әбсәтіров мемлекеттік сатып алулардағы, сәулет құрылыс саласындағы кәсіпкерлер құқығының шектелуіне, заңды мүдделеріне қатысты құқық бұзушылықтардың орын алғанына тоқталып өтті. Комитеттің отырысында кәсіпкерлердің мәселелерін өз ауыздарын естуге мүмкіндік жасап, көпшілік назарына видоматериал ұсынды.

Депутат елімізде бизнеске қатысты өзекті мәселелер өте көп, 2016 жылы бір ғана «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлер тарапынан түскен арыз-шағым барлық мемлекеттік органдарға бизнес өкілдерінен түскен жылдық шағымнан екі есе артық екенін атап өтіп, статистиуалық мәлімет шындық іздеген кәсіпкерлерге құзырлы органдарға қарағанда, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен жұмыс істеген тиімді деген пікірін жасырмады.

«Кәсіпкерлер құқығын бұзған немесе кәсіпкерлер шағымына немқұрайлы қараған лауазымдық тұлғалар шындығында ешқандай жауапқа тартылмайды! 2016 жылы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 173-бабы бойынша 3 әкімшілік іс жүргізілген, ал осы кодекстің 173-бабы бойынша 19 әкімшілік іс қозғалып, 16 лауазымдық тұлғаға жаза қолданылған. Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 175-1 бабына сәйкес былтырғы жылы 2 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. 2016 жылы жеке және заңды тұлғалар тарапынан мемлекеттік органдар жұмысына қатысты 44 920 шағым түскен, алайда небәрі 17 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Тіпті дәлелсіз шағымдар түскен күннің өзінде де, мұншама шағымға қатысты шешім өте аз», ­– дейді Кеңес Әбсәтіров.

Осылайша Мәжіліс депутаты өзінің заңсыз әрекетімен немесе әрекетсіздігімен бизнесті шығынға ұшыратып, оның қызметіне зиянын тигізген мемлекеттік лауазымдық тұлғаларды жауапқа тарту керектігін, тіпті «Ақ жол» партиясының фракциясы ҚР Үкіметіне осы мәселеге қатысты депутаттық сауал дайындағанын жеткізді.

       


Еншілес ұйымдар

Серіктестер