Астанада IT технологиялық хаб құрылады
Жас мамандар «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жасауға үлес қоспақ ниетте
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында IT саласын, қаржылық технологияларды, сандық сервис пен Е-коммерцияны дамыту бойынша мәселе көтерген баспасөз мәжілісі өтті.
Брифингке «Атамекен» ҰКП Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов, ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев, Қазақстанның IT компаниялар қауымдастығының Төралқа Төрағасы Нұрлан Исин және ҰКП жанындағы Стартап және IT-экожүйені дамыту бойынша кеңес төрағасының орынбасары Мағжан Мәдиевтің қатысты.
Брифингті ашқан «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы IT-технологиясын дамыту бойынша берілген тапсырманы бизнес-қоғамдастықтың жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасында IT саласындағы жас өкілдердің қатысуымен стартап және IT-экожүйені дамыту бойынша кеңес құрылғанын хабарлады.
«Атамекен» ҰКП Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов: «Елбасы Жолдауында көптеген мәселелер айтылды. Кәсіпкерлікті дамыту, маман дайындау, IT-технологиялар, инновация, ғылыми ізденіс мәселелері мемлекеттік органдарға ғана емес, бизнес саласына да катысты. Сондықтан да, осы мәселелерді шешуде мемлекеттік органдар бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп жұмыс істесе екен деген ұсынысымыз бар. Айталық, бос жұмыс орындарының электронды базасын жасау туралы тапсырма берілді. Бұл IT саласының мамандарымен бірлесіп жүзеге асырылады», – деп, қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтерді.
Комитет төрағасы жұмыссыз азаматтарды қайта оқыту, ғылыми ізденістерге бөлінетін қаражаттың ашықтығын, адами капиталды арттыру, жастарды кәсіпкерлікке тарту, бизнеспен айналысуға қызықтыру секілді мәселелер тоқталып өтті.
Сонымен қатар, «Елбасы Жолдауында IT саласы үшін тапсырмалар айқын көрсетілді. Елімізде IT саласын дамыту үшін бірнеше бағытты айқындадық. Ең алдымен, Қазақстан Республикасының IT саласындағы сенімді бағдарламаларының тізімін жасау керек. Себебі, бізде барлығын шет елден алу үйреншікті болған. Ал өзімізде қандай дүниелер бар екені бір жерге жинақталу керек. Екіншіден, IT бағдарламалық өнімдерінің сенімді жеткізушілер институтын құруды ұсынамыз. Сонымен қатар, ақпараттық-экономикалық қауіпсіздікті күшейту. Себебі, бұл сала өте маңызды. Хакерлерден, кибер атакалардан сақтану керек. Сонымен қатар өзін-өзі басқару принципімен жұмыс істейтін технопарк құруды ұсынамыз. Ол технологиялық кәсіпкерлікті тартатын платформаға айналады», – деп Қазақстанның IT компаниялар қауымдастығының Төралқа Төрағасы Нұрлан Исин ұсыныстарын атап өтті.
Нұрлан Исин елімізде мемлекеттік органдардың пәрменді ықпалымен ақпараттық-технологиялық коммуникацияны дамытудың кешенді шарасы мен стратегиясын бекіту, ақпарттық технологияға ұзақ мерзімді тапсырысты құру, салаға қажетті мамандардың әлеуеті мен білім беруді дамыту қажет екенін нақтылады.
«Атамекен» ҰКП жанындағы Стартап және IT-экожүйені дамыту бойынша кеңес төрағасының орынбасары Мағжан Мәдиев Мемлекет басшысының IT-стартаптардың халықаралық технопаркін құру туралы тапсырмасын Кеңес мүшелері зор ынтамен қабылдағандарын жеткізді.
«Стартаптар, технологиялық сала туралы айтсақ, Қазақстанда бұл сала кеш дамып отыр. Жобалар өте көп, бірақ IT-экожүйесін құру керек. Келесі жылы ашылатын технопарк еліміздегі IT жүйесін дамытуға көп көмегі тиеді. Технологиялық бизнеске мойын бұратын кез келді. Жастардың осы салада стартаптарды бастауы маңызды. Әрдайым көмектесуге, қолдауға дайынбыз», – деп, жастарды кәсіпкерлікте дәл технологиялық саланы таңдауға шақырды.
Спикерлердің пікірінше, отандық IT-компаниялардың тізілімін, сенімді бағдарламалық өнімдердің Ұлттық тізілімін қабылдауда және IT-өнімдердің ақпараттық қауіпсіздігін сертификаттауда, шетелдік жекелеген бағдарламалық қамтамасыз етуінен кезең-кезеңімен бас тартуда мемлекеттік қолдау көрсетілу керек.
Спикерлер брифингті қорытындылай келе, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жасауға белсенді қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: