«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Көктемгі дала жұмыстарына берілетін несие пайызы азайды

2017 жылғы 03 Ақпан
3034 просмотров

Ең бірінші кезекте қаржыландыратын дақылдар анықталды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен Агроөнеркәсіп кешені комитетінің кезекті отырысында көктемгі дала жұмыстарына арналған несие жайы талқыланды. Жыл сайын бөлінетін несие көлемі қандай болады, несие алу үшін өтініштер қашан қабылданады, сыйақы мөлшері қандай болады деген сұрақтарға «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі төрағасының орынбасары Айгүл Мұхамадиева жауап берді.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін жыл сайын несие бөлінеді. Мемлекет тарапынан аз мөлшерлемесі бар бұл қаржы көзі дәнді дақылдар өсіретін диқандар үшін жақсы демеу. Қар кетісімен жерді жыртып, егін егу жұмыстарына уақытында кірісу – шаруаның бір жылдық азығының кепілі.

«Биыл қаржыландыру көлемі 60 млрд теңгені құрады. Елбасы Жолдауында да айтылғандай, агроөнеркәсіп кешеніне басымдық беріліп отыр, сондықтан биыл«Қазагро» ұлттық холдингі өз жұмысын барынша оңтайландырмақ. Осы мақсатта холдинг өзінің барлық еншілес компаниялары функцияларын қайта қарайды. Операциялақ жұмыстардың барлығы оперцаиялық компанияларға өтеді, демек бюджеттік несие толығымен аграрлық несие корпарациясына табысталады.

«ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі несиенің сыйақы мөлшерлемесін азайту бойынша жыл сайын жұмыстар жүргізеді, нәтижесінде, 2015 жылы қаржыландыру екінші деңгейлі банктер арқылы 11%-бен берілсе, 2016 жылы 7%-бен берілген, биыл сыйақы мөлшерлемесі 6%-ға дейін төмендетіледі. Ал егер несие тікелей Аграрлық несие корпорациясынан рәсімделсе пайыздар тіпті төмен. Мәселен, былтыр мөлшерлеме деңгейі 5%-ды құраған болатын, биыл 3%-дан аспайтын болады. 60 млрд соманың 40 млрд теңгесі екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі», – деді «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі төрағасының орынбасары Айгүл Мұхамадиева.

«ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі өкілінің айтуынша, көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін берілетін несиені тікелей Аграрлық несие корпорациясы арқылы рәсімдеуге болады, сонымен қатар, үш жыл қатарынан несиелеу екінші деңгейлі банктер мен несие серіктестерінен де алуға мүмкіндік бар. 2016 жылдан бастап несиелеу шағын несиелеу ұйымдарынан да рәсімделеді.

1 сәуірге дейін дәнді дақылдардың тек басым түрлері бойынша несиелеу жүргізіледі. Басым түрлері, яғни ең бірінші кезекте қаржыландыратын тұқым түрлері Ауыл шаурашылығы министрлігімен белгіленген, олар – күнбағыс, рапс, зығыр, арпа, жүгері, күріш, қант қызылшасы, бидай, картоп, сұлы дақылы. 1 сәуірден кейін басқа да дақылдар несиеленетін болады.

«Бүгінгі таңда неисе алу үшін барлық серіктес банктерде өтініш қабылдау науқаны басталып кетті, несиенің өзі 1 сәуірден кейін беріледі. Биылғы жылдың жаңалығы күнбағыс, арпа, рапс, зығыр секілді басым дәнді дақылдарды несиелеу кезінде өнімді жеткізу туралы өндіріс корпорациясымен немесе өндіруші кәсіпорынмен жасалған келісімшарттың болуы қадағаланады. Несиелеу мемлекет қаржысына іске асқандықтан біздің міндет дақылдарды, егіп, орып, экспортқа шығару. Негізінен дәнді дақылдарға бағытталған несиелер кооперативтер үшін қолжетімдірек болады», – деп атап өтті Айгүл Мұхамадиева.

Жиын барсында несиелеуге алаңдаушылық танытқан Оңтүстік Қазақстан облысының «Амангелді» ЖШС өкілі шаруалар негізінен күздік тұқымдарды егетінін, ал Аграрлық несие корпорациясы көктемгі несиелеуді ғана ұсынатындығын, бұл қолайсыз екендігін жеткізді. Сондай-ақ, несие беруші екінші деңгейлі банктердің талаптарының да тым жоғары екенін, сол кедергілерді мүмкіндігінше азайтса деген ұсынысын да жасырмады.

Тиісінше, жиын барысында жауап та берілді: «Біз бүгін бюджет есебінен бөлінетін несиелеуді төңірегінде ғана сөз қозғап отырмыз. Бұл мүмкіндіктен басқа Агро несие корпорациясында түрлі несиелеу бағдарламалары бар. Екінші деңгейлі банктерге келетін болсақ, Холдинг банктердің ішкі талаптарына қатысты ешқандай құзіреті жоқ», – деді Холдинг өкілі.

Әлия Кемелбекова 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер