Субсидиялау электронды сипатқа көшеді
Кәсіпкерлер үшін қаржылай көмек алу мәселесі оңтайландырылады
Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіп кешені комитетінің отырысында айтылды.
Күні бүгінге дейін ауыл шаруашылығы тауарларын және тыңайтқыштарды өндірушілер мемлекеттік субисидияны алу үшін тиісті құжаттарды жинап, арнайы жауапты күтуге қыруар уақыт жұмсайтын. Алайда, «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Жанасыл Оспановтың хабарлауынша, болашақта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер электронды қызмет көрсету арқылы уақытын көп үнемдеп, жеделдікке қол жеткізбек.
«Қазіргі таңда Агроөнеркәсіптік кешеннің электронды қорлары мен ақпараттық жүйелері жасалып, minagro.kz/kz сайтынан субсидия алуға өтінім қабылдау электронды жүйеге көшіріліп жатыр. Субсидия алу талаптары қарапайым. Өтінім беруші бұрынғыдай, субсидия алу үшін өтінім берген сайын көптеген құжаттар жинап әуреге түспейді. Барлық қажетті ақпарат электронды базада сақталатын болады. Қажетті ақпарат өтінім берушінің жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН) арқылы автоматтандырылған базада тексеріледі. Ал жер учаскесі бойынша тек кадастрлық нөмір тіркеледі. Бұрынғыдай жер учаскесінің мемлекеттік актісін, бекітілген жобасының көшірмелерін ұсынып қажеті жоқ, барлық ақпарат портал базасына тіркеледі», – деп таныстырып өтті Жанасыл Оспанов.
Субсидия алу талаптары барынша оңтайландырылған. Электронды порталдағы автоматтандырылған жүйеге электронды түрде өтінім беру керек. Өтінім берушінің ЖСН және БСН деректері арқылы қажетті мәліметтер автоматты жүйе арқылы шығарылады. Жеке және заңды тұлғалардың базасынан қажетті ақпарат жүктеледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы порталында агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялауға берілетін өтінімдердердің электрондық тізілімі жасалған.
«Ай сайын мәліметтерді жаңартып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өңірлік мекемелеріне жолдаудың қажеті болмайды. Жеке бас мәліметтерін, төлем деректемелерін қолмен енгізудің де қажеттілігі жоқ. Портал техникалық тұрғыда субсидия бөлудің мерзімін қысқартып, уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Болашақта жүйе жұмысы жетіле түседі. Қазір біздің жүйеге Ауыл шаруашылығы министрлігінің 16 облыстағы басқармалары, 197 аудан әкімдіктері қосылған. Бір ай уақыт ішінде субсидияның әрбір түріне қарай жүйе жасалады», – дейді «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Жанасыл Оспанов.
Сонымен қатар, автоматтандырылған жүйе ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат алуға, субсидия бөлу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге, субсидия бөлу туралы шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, субсидиялау туралы есепті нақты уақытта дәлме-дәл мағлұматтан алуға мүмкіндік бермек.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: