Қош келдіңіз, сеньор!
Қостанайлық бизнесмендердің тəжірибе алмасу үшін шетелдік мамандарды қонаққа шақыруға мүмкіндіктері бар
Кəсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы–2020» бірыңғай бағдарламасы аясында «Аға сеньорлар» компонентіне қатысу үшін өтінімдерді қабылдау басталғанын хабарлайды.
Компонент ерекше таныстыруды қажет етпейді. Экономиканың басым секторларында жұмыс істейтін кез келген кəсіпорын өзіне қажетті тәжірибелі маманды шет елден шақыра алады. Ол екі апта ішінде жаңа технологиялар мен өндірісті басқару әдістерін енгізуге көмек береді. Сонымен қатар, бизнестің осы түрі шет мемлекетте қалай жүзеге асырылатынымен де таныстыратын болады. Егер қателіктер анықталса, оларды жоюға көмектеседі.
Шетелдік мамандардың аса тәжірибелі, білімді, зейнет жасындағы сарапшылар екені белгілі. Оларды Қазақстанға әкелуге кететін қаражат шығыны мемлекет тарапынан төленбек. Кәсіпкерлер, шақырушы тарап ретінде, тек аударма қызметін, тәуліктік төлемақыны, сондай-ақ тамақтандыру пен жүріп-тұруға кететін шығындарды көтереді.
2016 жылы жобаға Қостанай облысынан екі компания мен бір жеке кәсіпкер қатысты. Канададан келген маман Брайн Фордхэмді «Тамақ комбинаты» ЖШС (Қарабалық ауданы) мен «Дәмді» ЖШС (Жітіқара ауданы) шақырған еді. Ол өзінің аспаздық құпияларымен, жаңа рецебімен бөлісіп, қоғамдық тамақтандыру мекемелерінің қызметін жақсартуға көмектесті. Ал Арқалық қаласындағы тігін шеберханасының басшысы Ғалия Ерғалиева жеңіл өнеркәсіп саласындағы канадалық сарапшы Алекс Вегидің көмегіне жүгінді, ол модельдік өнімдер сұрыпталымын көбейтуге көмек берді.
«Атқарылған жұмыстардың қорытындысы кәсіпкерлердің көңілінен шықты. Олар тауарлар тізбесін кеңейтіп, кондитерлік өнімнің жиырмадан астам түрін шығара бастады, сонымен қатар бүгінгі күні жаңа сауда орындарын ашуға әзір. Жобаға қатысу үшін өтінім беру қажет, Ұлттық экономика министрлігі мақұлдаған соң ғана шетелдік мамандардың кандидатуралары анықталады. Биыл біз, тағы да Канадамен жұмыс істейміз. Әлеуетті қатысушылардың өтінімдерін аудандардағы және моноқалалардағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында және Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында қабылдаймыз», – дейді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Айгүл Есентемір.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: