Түркия инвесторлары Картамен танысты
Түркия Оңтүстік Қазақстан облысында бірлесе бизнес жүргізуге қызығушылық танытып отыр
Бұл туралы Шымкентте ашылған Қазақстан – Түркия бизнес-форумында түрік шенеуніктері мен бизнесмендері айтты. Бірінші күннің қорытындысы бойынша ОҚО Кәсіпкерлер палатасы мен түркиялық Сакария өлкесінің Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында кәсіпкерлікті дамытудағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
200 кәсіпкерден тұратын қонақтар делегациясын Түрік кеңесі бас хатшысының орынбасары Өмер Қоджаман мен Түрік Республикасы Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі Тарық Сөнмез бастап келді.
Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі бизнесмендер, сауда-өнеркәсіп палаталары, қауымдастықтар, инвестициялық компаниялар, даму институттары, екі ел сарапшылары мен отандық және халықаралық БАҚ өкілдері қатысты.
Инвестициялық форумның басты мақсаты – түркиялық инвесторларды өңір экономикасымен, инвестициялық климатпен таныстыру, инвестиция тартуға байланысты мемлекеттік бағдарламаларды ұсыну, екі елдің іскер топтары арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайту. В2В форматтағы кездесулер өткізу жоспарланып отыр.
«RixosKhadishaShymkent» қонақүйінде өткен іс-шараның алғашқы күні өңір басшылығы түрік инвесторларына алғыс білдіріп, осы форум Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бүгінде Түркия Қазақстанның ең жақын және сенімді серіктестерінің бірі, экономикалық көрсеткіштері бойынша әлемнің ең дамыған 20 елінің қатарына кіреді. Бұл республиканың индустриалдық аймақ құруда және оны жүргізуде тәжірибесі мол. Соңғы жылдары Түркия фармацевтика, медицина, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс секілді салалар бойынша көш бастап келеді. Ол өзінің даму жоспарын Қазақстанға, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысына да ұсынып отыр.
Қазіргі таңда ОҚО-да 30 түрік фирмасы мен компаниясы жұмыс жасайды. Бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары дережеде екенін айғақтайды. Одан басқа соңғы үш жылда түркиялық серіктестер ОҚО-да құны 33,7 миллион АҚШ доллары болатын 4 жобаны жүзеге асырды. Сонымен қатар, қазір құны 2,7 млрд теңге болатын 18 жобаны іске асырып жатыр, оның алтауына түрік инвесторлары қатысуда. Олардың бесеуі 27 млн АҚШ долларын тарту арқылы қолданысқа берілді. Осыған сәйкес, 400-ге тарта жұмыс орны ашылды. Қазақстан – Түркия индустриалды аймағы дами бастады, онда жалпы құны 13,4 млрд теңгеден асатын 8 жоба іске асырылуда, олардың ішінде 1 жоба 2017 жылы, 4 жоба 2018 жылы, 3 жоба 2019 жылы жүзеге асырылмақ.
Өз кезегінде қонақтарға экономикасы әртараптанырылған өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылды. ОҚО шикізатқа тәуелді емес, оның экономикасының 60 пайыздан астамы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
«Қазір барлық бағыттар технологияланып болып жатыр. Технология әлемдегі барлық салаларға енгізілген. Оның өнеркәсіпке де, ауыл шаруашылығына да, қауіпсіздікке де, киберқауіпсіздікке де және т.б. да қатысы бар. Мұны түсінген адам пайдалана алады, бәсеке тұрғысынан артықшылығы көп. Бұл өзара ынтымақтастықтағы басты бағыттардың бірі саналады», – дейді кездесуге қатысушылар.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров түрік қонақтарға инвесторларға жол (навигатор) көрсететін Өңірлік даму картасын көрсетті. Бұл алдағы уақытта облыста бизнесті жүргізуді шынымен де жеңілдетпек. Қазақстан экономикасын инвестициялауға ниет білдірген кез келген отандық немесе шетелдік кәсіпкер өңірлердің жай-күйі туралы толық ақпарат алады.
«Кәсіпкерлер инвестицияны қайда салу керектігін, осы және басқа да өңірлерде қай бағытты дамытқан жөн екенін, өңір әлеуетін ашатын негізгі көрсеткіштер, инфрақұрылымдар, адам капиталы, қаржы көздері, сату нарығы және т.б. туралы мәліметтерді білуі керек. Бұл ақпараттың барлығы осы Картада», – деп атап өтті Палата директоры.
Тұтас алғанда, 1-3 ақпан аралығында өтетін Қазақстан – Түркия форумы аясында, «ОҚО инвестициялық әлеуеті» тақырыбындағы конференциядан бөлек, инвестициялық жобалардың, тауар өндірушілердің, туристік жобалар мен даму институттарының көрмесін және ОҚО-ның туристік бағыттары туралы ақпараттық турлар ұйымдастыру жоспарланған.
Атап айтқанда, 2 ақпанда «Көрме» орталығында 80-ге жуық отандық тауар өндірушілер мен даму институттары қатысатын көрме өтеді, онда шетелдік қонақтарға инвестициялық жобалар көрсетілмек. Туризм саласында В2В форматында кездесулер өтпек. Ал 3 ақпанда Түркия делегациясы «Шымкент – Отырар – Түркістан» бағыты бойынша тарихи орындарға саяхат жасайды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: