Өз кәсібіңді дұрыс таңда!
Кәсіпкерлер палатасы Көкшетау қаласындағы №1 сервистік-техникалық колледжбен бірге кластерлік қамқорлық туралы меморандум аясында «Шеберлер қаласын» ұйымдастырды
Айта кетерлігі, ашық есік күндері колледжде облыс орталығындағы №4, №16, №21 орта мектептердің жетпістен астам оқушылары болып қайтты.
ӨКП мен колледждің мамандыққа бейімдеу шарасы жұмысшы мамандықтар беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылған екен. Себебі, біршама уақыттан кейін, оқу жылы аяқталады, сондықтан мектеп түлектері бүгіннен бастап болашақ мамандықтарын таңдауға кіріспек.
Бұл ретте, сервистік-техникалық колледждің өңірдегі қырық жылдан астам бай тарихы бар бірден-бір кәсіптік оқу орны екенін ұмытпаған абзал. Бүгінде, мұнда келесі мамандықтар бойынша білікті мамандар даярланады: шаштараз-сәнгер, тігінші, хатшы-референт, электр қондырғылары және күш желілері бойынша электр монтаждаушы, көлік және электр құрылғысын жөндеуші, автокөлікті жөндеу шебері, темір ұстасы мен сантехник, электрмонтаждаушы, электр-газ дәнекерлеушісі.
«Шеберлер қаласында» мамандықтарды таныстырумен қатар, өндіріс зертханаларына арнайы саяхат ұйымдастырылды. Сондай-ақ, колледж студенттері өз мамандықтарының қыр-сырына тоқталып, біліктіліктері мен тәжірибелерін ортаға салып, шеберлік сабақтарын өткізді. Ал, шара қонақтары – 9-11-сынып оқушылар оқу процесімен және өндірістік оқу талаптарымен танысты.
Колледж оқушылары, түрлі байқаулар мен жарыстарға қатысып, өздерінің білімі мен біліктілігін сан мәрте дәлелдеген көрінеді. Тек былтырдың өзінде, колледж «Үздік маман» республикалық байқауы мен облыстық «Неофольклор-2016» дизайнерлік киім байқауында бірінші орынды иеленсе, «Менің колледжім, менің мамандығым» ұлттық байқауында – екі екінші орынды, «Дельфий ойындары-2016» шарасының облыстық кезеңінде – екі үшінші орынды иеленген екен.
Оқу орнының директоры Любовь Дробышеваның айтуынша, 2016 жылы колледжді алты жұмысшы мамандығы бойынша 211 студент тәмамдаған. Жалпы, колледж тарихында нан өнімдері, сервис және қызмет көрсету, өнеркәсіп, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларына қажет 30 мыңнан астам маман даярланған екен. Түлектердің басым көпшілігі жоғарғы оқу орындарында өз білімдерін жалғастырып, кәсіпорын басшыларына айналса, ал енді бірі өз кәсібін ашып, кәсіпкерлікке ден қойған. Бастысы, олардың барлығы өз ісінің шебері атанды дейді колледж басшысы.
«Қазіргі заманауи өндіріс талабына сай мамандар даярлау – жастардың мамандыққа бейімделу ісін одан әрі өзекті етпек. Және қазіргі таңда бұл тек оқытушылардың ғана мәселесі емес. Біз – Кәсіпкерлер палатасы – өз тарапымыздан, мүмкіндіктер мен жауапкершіліктерге жол ашып, шешім қабылдау тетіктерін жастарға үйретуге қатысты мақсатты жұмыстарды қолға алып келеміз», – деді ӨКП директорының орынбасары Айжан Тәжмиева.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: