«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тондарға чип тағу кейінге қалдырылды

2017 жылғы 30 Қаңтар
10309 просмотров

Қазақстанда аң терісінен жасалған бұйымдарды таңбалау жүйесін іске қосу кейінге шегерілді

2017 жылдың қаңтар айына жоспарланған Қазақстан аумағында аң терісінен жасалған бұйымдарды таңбалау мерзімі тағы ұзартылды. Оның себебі,  тауарларды бақылау белгілерімен таңбалау туралы пилоттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі Келісімнің әрекет ету мерзімін ұзарту туралы заңның бекітілуі.

Таңбалаудың пилоттық жобасын жүзеге асыру 2015-2016 жылдарға арналғаны белгілі. Алайда, жоба Одаққа мүше елдердің барлығында сәтті әрі уақтылы жүзеге асырылмағаны ескеріле отырып, оны ұзарту туралы шешім қабылданған.

Мысалы, 2016 жылдың 27-28 қазанында Минск қаласында өткен үкіметаралық кеңес барысында аң терісінен жасалған бұйымдарды таңбалау жөніндегі келісім мерзімін 2018 жылға дейін ұзарту туралы хаттамаға қол қойылды. Сондай-ақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасы бойынша, Үкіметаралық кеңестің таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобасын талдау туралы тапсырма қолға алынды. Содан кейін  2017 жылдың 31 желтоқсаны бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия мен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бірлескен есебін ұсыну қажет.

Алайда, ҚР заңнамасына сәйкес, Хаттама бекітілуі қажет. Содан соң пилоттық жобаны 2017-2018 жылдары жүзеге асырудың ішкі ережелері бекітілетін болады.

Бекіту процесі бірнеше кезеңнен тұратынын ескеріп, ҚР-да таңбалау жүйесін іске қосу кейінге қалдырылды.

Сонымен бірге, ҰКП Экономикалық интеграция департаменті аң терісінен жасалған бұйымдарды таңбалау – тауарларға бақылау (сәйкестендірілген) белгілерді жапсыру (БжБ) болып саналатынын айтады. Оның мақсаты бәсекелестікті қолдау және жалған кәсіпкерлермен күрес жүргізу. Процедура тек қана аң терісінен жасалған бұйымдарды шығару, әкелу және сатумен байланысты  кәсіпкерлік қызметтерге жарамды.

Тауарларды таңбалау туралы талаптар келесі жағдайларда қолданылады:

  • үшінші елдерден тауарларды әкелу кезінде;
  • аң терісі бұйымдарын ҚР-да шығару (тігу) кезінде;
  • трансшекаралық сауда (ЕАЭО елдерінен әкелу/әкету) кезінде;
  • тауарлар қалдығын таңбалау кезінде;
  • сатып алушылар қайтарып берген (ауыстырып алған) тауарларға БжБ-ды қолдану кезінде;
  • БжБ бүлінген немесе жоғалған тауарларға БжБ қолдану.

Еуразиялық экономикалық одақ (Ресей, Белоруссия, Қазақстан, Армения, Қырғызстан) аумағында сатылатын таза аң терісінен жасалған (4303 СЭҚ ТН тобы) киім-кешектер, киім бөліктері мен  керек-жарақтар таңбалануы тиіс.

Қаракүзен, сазбұлғын, ақтүлкі, түлкі, қоян, жанат, қой терісі және өзге таза аң терілерінен жасалған өнімдер таңбаланады.

Егер, бұйымның тек ішкі жағы немесе сыртқы жағы ғана таза аң терісінен жасалған болса, оларды да таңбалау қажет болады (бұйым 4303 СЭҚ ТН тобына сәйкес келген жағдайда ғана).

Аң терісі бұйымның жағасына, жеңдеріне, бүкпелеріне пайдаланылған жағдайда, сонымен бірге таза аң терісінен жасалған қолғаптар, биялайлар, білек орағыштар және бас киімдер таңбаланбайды.

Кәсіпкерлерге таңбалау жүйесін енгізген күннен бастап Қазақстан аумағында тек бақылау белгілері жабыстырылған аң терісі бұйымдары ғана сауда айналымына енгізілетінін ескертеміз.  

Бүгінгі таңда «Атамекен» ҚР ҰКП ҚР Ұлттық банкінің Банкнот фабрикасымен бірге бақылау белгілерінің қажетті санын даярлап, олардың жеткілікті болу мәселесін реттеп алу үшін сатылмаған тауарлар (қалдықтар) санын нақтылау жөнінде жұмыстар жүргізіп жатыр.

Осыған байланысты «Атамекен» кәсіпкерлерден аң терісі бұйымдарының қалдықтарын түгендеп, сатылмаған тауарлар саны туралы ақпаратты өңірлік кәсіпкерлер палатасына немесе тікелей ҰКП Экономикалық интеграция департаментіне хабарлауды сұрап отыр.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер бүгінгі таңда GS1 Kazakhstan қауымдастығының сайтына тіркелуі қажет. Ұйым сайты: www.gs1.kz.

ҚР-дағы аң терісі бұйымдарын таңбалауға қатысты толық ақпаратты мына сілтеме арқылы таба аласыз: http://palata.kz/ru/news/25006

Сонымен қатар, ҰКП Экономикалық интеграция департаменті аң терісі бұйымдарын таңбалаудың пилоттық жобасын іске қосу мониторингін тұрақты негізде жүзеге асырып отыратынын хабарлаймыз. Сонымен бірге Палатаның ресми сайтында өзгерістер туралы дер кезінде ақпарат берілетін болады.

Аң терісі бұйымдарын таңбалау жөніндегі жобаны жүзеге асыру мәселелері бойынша "Атамекен" ҚР ҰКП  Экономикалық интеграция департаментіне мына телефондар арқылы хабарласуды сұраймыз: 8 7172 91 93 73 немесе мына электронды поштаға жазуға болады: dei@palata.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер