Бос жұмыс орны болмаса, есеп бермейсіз
Бос жұмыс орындары болмаса, жұмыс берушілерге жұмыспен қамту орталығына есеп берудің қажеті жоқ
«Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаментінің қызметкерлері түсіндіргендей, кезіндегі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, жұмыс берушілер қажетті мамандар мен бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді ҚР денсаулық сақту және әлеуметтік даму министрінің «Қажетті мамандықтар мен бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді бос жұмыс орындары мен болжалды жұмыс орындарының деректер базасына енгізу үшін ұсынуға арналған әкімшілік есептер үлгілерін бекіту» туралы 2016 жылдың 1 маусымындағы №532 бұйрығының (1-бжо – бос жұмыс орны) бірінші үлгісіне сәйкес ұсынуы керек.
«1-бжо» үлгісін жұмыс берушілер бос орындар пайда болған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде тұрғындарды жұмыспен қамту орталықтарына ұсынады. Сәйкесінше, егер бос орын болмаса, бұл мәліметтер көрсетілмейді. Ал «-» немесе «0» мәліметімен есеп тапсырудың қажеті жоқ.
Бұйрықтың екінші үлгісінде (1-болжам) жұмыс берушілер болжамды жұмыс орындары бойынша (жыл сайын 1 сәуір мен 1 қазаннан кешіктірмей) сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпараттарды көрсетуі тиіс. Заңға сәйкес, бұл шара арқылы жұмыс беруші мемлекеттің халықты жұмыспен қамту саясатын жүзеге асыруға атсалысады.
Жауапкершілікке келсек, 2016 жылдың 6 сәуіріндегі ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңына сәйкес, жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына бос жұмыс орындары (вакантты қызметтер) туралы ақпаратты олар пайда болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жіберуге міндетті.
Бұл ережелерді орындамағандарды ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» 2014 жылдың 5 шілдесіндегі Кодексінің 98-бабы бойынша жауапкершілікке тарту қарастырылған. Ол бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
«1-Болжам» үлгісі жұмысшылар мен мамандар қажеттілігі туралы мәлімет болған жағдайда беріледі. Сонымен қатар «-» немесе «0» мәліметі бар есептер өткізудің қажеті жоқ.
Бұйрық бойынша жұмыс берушілер мәліметтерді тікелей халықты жұмыспен қамту орталықтарына өткізуі керек және бүгінгі таңда мұның электронды үлгісі қарастырылмаған.
Жоғарыда айтылғандарды есепке ала отырып, Бұйрыққа сәйкес мәліметтерді көрсету еңбек қатынастары туындаған жағдайда барлық жұмыс берушіге қатысты болмақ. Сонымен бірге, бұл ұйымдастырушылық-құқықтық үлгіге қарамастан жүзеге асырылмақ.
Анықтама үшін
ҚР 2015 жылдың 23 қарашасындағы Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші – жұмысшымен еңбек қатынасын орнатқан жеке немесе заңды тұлға.
Өз кезегінде, Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек қатынастарына ҚР еңбек заңнамасында, келісімдерде, еңбек және ұжымдық келісімшарттарда, жұмыс беруші актілерінде қарастырылған құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру кезінде туындайтын жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы қатынас жатады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: