«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Уағдаластық тек қағаз жүзінде қалмаса игі

2017 жылғы 27 Қаңтар
- Жетісу облысы
8918 просмотров

Экономикалық тергеу қызметі кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл тағайындайды

Кәсіпкерлер палатасы мен Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеулер қызметі арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге өтпек. Осылайша, мекемелер арасында, өңірдің шағын және орта бизнесіне қолдау көрсету бойынша бірлесе жұмыс жасау туралы меморандумға қол қойылды.

Айта кетерлігі, кәсіпкерлік саласы мәселелерін тиімді шешу әрі заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында, Палата мен жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдар арасында түрлі сипаттағы келісімшарттарға қол қойылған. Нәтижесінде, бизнестің құқықтары қорғалып, кәсіпкерлікке жаппай қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда, облыстық Кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі, Прокуратура, Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі, Мемлекеттік кірістер, Әділет басқармасы, Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті департаменті, Халыққа қызмет көрсету орталығы, «Нұр Отан» партиясы арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімшарттар бекітілген.

МКД жетекшісінің орынбасары Дәулет Ақылбековтың айтуынша, бұл меморандум тиісті органдардың бизнесті қорғауға қатысты ұстанымын нығайтуы тиіс.

«Келісім кәсіпкерлік климатты жақсартуға, бизнес және заңды кәсіпкерлердің мүдделерін құқықтық тұрғыдан қорғауды қамтамасыз етуге жол ашады. Бірлескен іс-әрекеттер Алматы облысындағы кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға және оның өсіп-өркендеуінің интитуционалды негізін қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Дәулет Ақылбеков. Ол өз кезегінде, департамент тарапынан заңсыз кәсіпкерлікке және оларға қатысты қылмыстық істердің қозғалуы бойынша деректерді анықтау жөнінде қолға алынып жатқан бірқатар шараларға тоқталып өтті. Осылайша, аталған бап бойынша, қылмыс үстінде ұсталған 16 дерек орын алып, олардың барлығы сотқа жөнелтілген.

Палатаның Кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою бөлімі кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштер негізінде біршама сауалдар қойып, кәсіпкерлер мәселелерін қарау ісінде, процессуалды ережелерді сақтау және оларды қолдану барысында заңға қайшы әрекеттердің орын алмауын қамтамасыз ету туралы ұсыныстар айтты.

Сонымен қатар, кездесу барысында, Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева, Палата тарапынан атқарылған жұмыстар мен кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі міндеттерге тоқталып өтті. Былтырғы жылдың қорытындысына сәйкес, Палатаның тек құқықтық блогында 636 өтініш тіркеліп, олардың басым көпшілігі оң шешім тапқан. Сарапшылар 155 сот ісіне қатысып, олардың 108-і (70%) бизнес пайдасына шешілген. Осы уақыт аралығында Палата кәсіпкерлердің 1,1 млрд теңге көлеміндегі қаражатын қорғаған. Сондай-ақ, мәселелерді шешу барысында, Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің өңірлік аппараты да маңызды рөл атқарып келеді.

Бұдан бөлек, Ләззат Шыңғысбаева, ынтымақтастық тек қағаз жүзінде қалмай, ол жүйелі түрде жұмыс жасау қажет екенін нығарлады.

«Біз сіздермен «тонның ішкі бауындай», жүйелі түрде жұмыс жасауымыз қажет. Мысалы, прокуратура органдарымен тиімді ынтымақтастық орнатылған, сол себепті, кәсіпкерлердің бақылау-тергеу органдары қызметіне деген көзқарасы өзгерді. Әр органның Палатаға қатысты бекітілген қызметкері бар, олар үнемі бизнестің өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстелдерге қатысып отырады. Осындай қарым-қатынасты сіздермен де орнатқымыз келеді. Яғни, экономикалық тергеу қызметінде кәсіпкерлер құқығын қорғауға арналған өкілетті уәкіл бекітсеңіздер. Бізге бұл бағытта көптеген жұмыстарды қолға алу керек», – деді Палата басшысы.

Алматы облысы бойынша МКД басшысының орынбасары Дәулет Ақылбеков, Экономикалық тергеу қызметінің бірлескен жұмысқа әзір екенін, алдағы уақытта кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл бекітетіндерін айтып сендірді.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер