«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауылдың бекіре балығы

2017 жылғы 27 Қаңтар
- Шығыс Қазақстан облысы
14830 просмотров

Осы айдан бастап кәсіпкер Рустам Агаджанян өзінің бекіре шаруашылығында «балық аулау науқанын» бастайды

Оның айтуынша, бұл балық үш жыл ішінде қажетті салмақ жинаған, енді оны облыс дүкендеріне нық сеніммен жеткізуге болады.

Бекіренің бір келісі – 2,5 мың теңге. Дегенмен, бизнесмен балықтың дүкен сөресінде көп жатпайтынына сенімді.

Сырт көзге қарағанда, бекіре шаруашылығы тартымсыз көрінеді. Тарханка ауылындағы кәдуілгі ауыл бақшасында 30 метрлік бөрене кесінді қойылған. Ғимараттағы температура тіпті қақаған аязда да минус төрт градус болып тұрады.  Бекіре балығы төрт бассейнге жіберіледі. Балықтар шағын су қоймасында ирелеңдей жүзеді. «Олар осылайша тамақтанады», – деп түсіндірді бизнесмен.

Балықтар инкубаторлар арқылы өндіріледі. Рустам ұшақпен Адлерден балық уылдырығын әкеліп, оны оттегімен қоректендіретін жылытқышы бар арнайы ыдысқа салған. Шабақ балықтарға аса мұқият қарау керек. Ірілері ұсақ балықтарды бірден жұтып қоюы да мүмкін. Оларды дұрыс тамақтандыру және судың температурасын қадағалау секілді мәселелермен арнайы күтуші Надежда Круглова айналысады. Бұрын сауыншы болып жұмыс жасаған әйел жаңа кәсіпті бірден игеріп алды, тіпті тәжірибелі ихтиолог маманды да шаң қаптыратын дәрежеге жеткен.

«Бекіре балығын күніне төрт-бес рет тамақтандыру керек, – деп әңгімелейді әйел. – Біз арнайы тексерістен өткен жем сатып аламыз. Оның құрамына бидай, жүгері және балық ұны кіреді. Балығымыздың тәбеті жақсы. Салмақты да тез жинайды».

Рустам көз алдымызда торлы дорбаны суға салып, бірінші болып іліккен балықты көрсетті. «Бұл тауарлық салмақ, – дейді ол. – Бұл балықтың салмағы 500 грамнан кем емес. Алғашқы партиясын Өскеменнің бірнеше мейрамханалары сатып алды. Олар тағы да сұрап жатыр. Себебі, қалаға бұл тауар мұздатылған күйде келеді. Ал біздің балықтар бассейннен жаңадан ауланған. Өскемендіктерге балықты жаңа жыл қарсаңында ұсынамыз деп ойлағанбыз. Бірақ бекіре бір келіге дейін салмақ қосып алсын деп шештік. Жаппай сатылымды осы айдан бастаймыз. Алдымен барлық ірі тапсырыс берушілердің сұранысын қанағаттандырамыз, артылғанын қала базарлары арқылы сатамыз».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер