«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жол картасы қаржысын ұтымды жаратты

2017 жылғы 27 Қаңтар
- Шығыс Қазақстан облысы
7797 просмотров

Веселое ауылының тұрғыны Алтай Раисов «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында отбасылық бизнесін жолға қойды

Ол 2015 жылы жеңілдігі бар несие алып, 10 бас мал сатып алған еді. Барлық сиырдың мол сүт беретінін, өнімді өткізуге қатысты проблема жоқ екенін айта кету қажет.

Шаруа қыста да, жазда да сүттің литрін 70 теңгеден сатады. Ол сауып алған сүтін жақын маңдағы Уварово ауылының сүт қабылдау бекетіне өткізеді. Айлық табысы – 220 мың теңге, бұл ауылды жер үшін жаман табыс емес. Осы қаражатпен кәсіпкер несиесін жауып, қалғанын өндірісті дамытуға жұмсап жатыр.

«Несиені көп күткен жоқпын, бар-жоғы бір-екі ай ғана, – дейді кәсіпкер. – Жанұямызбен ақылдасып, үш миллион теңгенің жартысына 10 бас қара-шұбар тұқымды сиыр сатып алдық, ал қалған ақшаға лизингке трактор алдым».

Алтай Раисовтың көмекшілері көп. Үш ұлы күні бойы әкелеріне көмектеседі. Қазір Раисовтардың жеке меншігінде 30 ірі қара мал бар. Кәсіпкер сүтпен қатар, ет те өндіреді. Қазір жас малдарды бордақылауды бастады, жақында соларды сатып өткізбек.

«Мамандығым зоотехник, – дейді Алтай Раисов. – Сондықтан барлық малға өзім дәрі егемін. Жем де өзімдікі, ештеңе сатып алмаймын. Ұзақ мерзімге жалға алған жерім бар, биыл астықты артығымен дайындадық, сондықтан қалғанын сатуға болады».

Алтай Раисов айтып өткендей, ол «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында берілетін арзан несиенің арқасында, аяғынан тік тұрып, келешекке сеніммен қарай бастады. Кәсіпкер мемлекеттік бағдарламаға қатысуды ойлап жүргендерге бір ғана кеңес береді – қаржыны ұқыпты жұмсап, өз күшіне сену.

2019 жылы қарызды өтеу мерзімі аяқталады, бірақ фермердің жақын болашаққа жоспары жетерлік. Ол еттен жасалатын жеңсік ас шығаруды армандап жүр, ол үшін шағын болса да өңдеу желісін сатып алу қажет. Алтай Раисов бұл жолы да жаңа бизнес-жобаның бүге-шігесін егжей-тегжейлі есептеп қойған, банкке өткізетін құжаттар да дайын екен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер