«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Санаулы минуттар ішінде қайта ашылды

2017 жылғы 26 Қаңтар
- Шымкент қаласы
10210 просмотров

Палата арыздарға жауап қатудың жаңа форматын енгізіп, ол кәсіпкерлердің проблемаларын жедел шешуге мүмкіндік берді

Кәсіпкерлер палатасына «Grand Miks» жеке кәсіпкерлігінің басшысы көмек сұрай келіпті. Нақтырақ айтсақ, олар Түркістан қаласы Мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлерінің кесірінен қиын жағдайға тап болған. Кәсіпкердің жиһаз шығаратын компаниясы Қытайдан жиһаз жасауға арналған жабдық сатып алып келген. Кәсіпкер станокты тиісті сертификатсыз пайдаланғандықтан, ОҚО Мемлекеттік кірістер департаменті әкімшілік жазаға тарту, яғни 2,5 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салу туралы қаулы шығарыпты. Бизнесмен Мемлекеттік кірістер департаментіне айыппұл төлеу мерзімін ұзарту туралы өтініш білдірген. ОҚО Мемлекеттік кірістер департаменті оның өтінішін құп көріп, айыппұл төлеу мерзімін осы жылдың 10 ақпанына дейін созды. Бірақ, оған қарайтын Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкердің шоттарын бұғаттап, жиһаз компаниясының жұмысына зардабын тигізді. Компания басшысы Сабыржан Ысқақов дәл сол тұста ресейлік компанияға 47 миллион теңге төлеуі қажет еді. Келісімшартағы міндеттемелерін орындамағаны үшін, бизнесменге бұдан да қомақты айыппұл салына жаздады.

Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері проблеманы мекемелер мен ұйымдардың басшыларымен тікелей жұмыс істейтін байланыс топтары арқылы шешіп берді. Палата сарапшысы Майя Исаева Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Абай Адыршаевпен телефон арқылы байланысқа шықты. Келіссөздер кезінде жағдай түсіндіріліп, салық органы әрекетінің заңсыз екені айтылды, сондай-ақ «Grand Miks» жеке кәсіпкерлігінің банктік шоттарындағы шығыс операцияларын тоқтату туралы қаулының күшін жою туралы өтініш білдірді. Бірнеше минуттың ішінде салық органы басшысынан жоғарыда айтылған қаулының кері қайтарылғандығы туралы жауап келді.

Осылайша, кәсіпкердің проблемасы санаулы минуттар ішінде шешілді, шоттар ашылып, фирма өз жұмысын одан ары қарай жалғастырды.

Проблеманы зерттеу барысында Майя Исаева салық қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне қатысты қызықты жайттарды анықтады.

«Біз салық органдарының әрекеттерін заңсыз деп таптық, – деп атап өтті ол. Техникалық реттеу және метрология комитетінің түсіндірмелеріне сәйкес, кәсіпкер жабдықты сертификатсызда пайдалана алады. Яғни айыппұл заңсыз салынған. Бұдан бөлек, кәсіпкерде облыстық департаменттен берген босату хаты бола тұра, түркістандық салық қызметкерлері оның шоттарын бәрібір бұғаулаған. Бұл Мемлекеттік кірістер департаментінің құрылымдық бөлімшелерінде әріптестіктің жоқтығынан хабар береді. Бірақ ең басты заңбұзушылық – салық қызметкерлері о бастан-ақ компанияның қоймасына тексеріс актілерін жүргізу тәртібін бұзған».

Естеріңізге сала кетейік, байланыс топтарын – кәсіпкерлердің проблемаларын шешудің жаңа формасын Кәсіпкерлер палатасы құрған еді. Мақсаты – құзырлы органдар арасында хат алмасуға ұзақ уақыт жұмсамай, бизнестің құқықтарын бұзу деректеріне жедел жауап қату және оған тиімді көмек беру. Бүгінгі таңда Палатада энергиямен және газбен қамтушы ұйымдармен, Шымкент қаласы әкімдігінің мемлекеттік кірістер департаментімен, жер комитетімен, сәулет және қала салу бөлімімен жұмыс істейтін байланыс топтары бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер