Бастысы – адамдарға қуаныш сыйлау
Лисаковск қаласында тұратын мүмкіндігі шектеулі жан, өңірде алғашқылардың бірі болып интерактивті тир ашты
Павел Сидорчук тағдырдың тәлкегіне мойымаған, ерік-жігері мол, қажырлы жан. Ол арбаға таңылса да, бүгінде өз кәсібін ашып, тәп-тәуір табыс тауып отыр. Мұндай жетістікке жетудің сыры, алдына мақсат қойып, соған жету үшін бар күшті салу дейді кәсіпкер. Кәсіпкер өзінің жеке өмірінде де, спортта да, енді міне, кәсіпкерлікте де осы күш-жігерінің арқасында, талай белестерді бағындырып отыр
Лисаковск қаласында Павел Алексеевичтің есімі көпшілікке мәлім. Ол жергілікті мүмкіндігі шектеулі жандар бірлестігіне жетекшілік етіп, тағдырға мойынсұнған жандарға жанашырлық көрсетіп келеді. Бүгінде, ол – мүмкіндігі шектеулі жандардың да талай биік белестерді бағындырып, өмірден өз жолын таба алатынын дәлелдеп келе жатқан бірден-бір тұлға. Сол өмірлік ұстанымы мен ерік-жігерінің арқасында, Павел Сидорчук паралимпиадалық ойындарға қатысып, ядро лақтырудан Азия чемпионы атанған және халықаралық спорт шебері атағына қол жеткізген. Оның қанжығасында әлемнің түрлі елдерінде өткен танымал турнирлерде жеңіп алған жиырмадан астам медаль бар.
Дәл осы спорттың арқасында, Павел Алексеевичке бизнеспен шұғылдану туралы ой келген. Кореяның Инчхон қаласында өткен кезекті жарыстардың бірінде, ол ерекше аттракцион – интерактивті тирге көзі түсіпті.
«Біздің облыста мұндай орындар жоқ. Өзім ішімнен, егер осы істі қолға алып жатсам, тамаша идея емес пе, деп ойладым. Яғни, ату нысандарын ғана көздемей, экран көмегімен де атып жатса, қызықты емес пе? Мұнда да компьютердегі сияқты бүкіл топ болып ойнап, баукеспелерге шабуыл жасауға болады. Бірақ қолымызда кәдімгі автоматтар мен пистолеттер болмақ. Ер балалар көп келіп жатты, бәрі мәз-мейрам. Содан, мұндай тирді біздің Лисаковскіде де ашу керек екен деп, сол ойымды іске асырып жатқан жайым бар»,– деп еске алды Павел Сидорчук.
Ол осы ойын ақыры іске асырды. Кәсіпкер құны 2,5 млн доллар тұратын қондырғыны мемлекеттік бағдарлама гранты арқылы сатып алған. Бұл істе Палата филиалы көп көмек көрсетті дейді кәсіпкер. Осылайша, палата мамандары кәсіпті ашуға қатысты барлық құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсеткен екен. Ал, ғимарат табу ісі кәсіпкерге қиынға түскен екен. Себебі, тирді қала орталығынан ашу қымбат: айына 40 мың теңге. Ал, кәсібін енді ашып жатқан кәсіпкерге мұндай соманы ай сайын төлеу қиынға соғатыны анық. Бұл ретте көмекке жергілікті Пәтер иелерінің тұтыну кооперативі келген көрінеді. Олар орталықта орналасқан көп қабатты үйлердің бірінің бос тұрған жертөлесін берді. Айтуларынша, бұған дейін, аталған орында спорт секциясы болған екен.
«Тирді әкеліп, барлық керек-жарақпен толтырып қойдым. Сөйтіп, біртіндеп балалар келе бастады. Біздікі, тіпті, Кореядан да асып түскен сияқты. Себебі, бізде тек лазермен ғана емес, пластикалық оқпен де атуға болады. Ер балалар лек-легімен келетін болды. Ойынның бес минуты бізде – 200 теңге. Алматыда бұл сома – 1000 теңге екен. Жұмысқа тағы да үш мүмкіндігі шектеулі жанды тарттым. Олардың бірі ғимарат тазалығына жауап берсе, енді бірі клиенттерге қызмет көрсетумен айналысады. Табыс көлемі аз ғана, бірақ қол қусырып, бос отырғаннан әлдеқайда жақсы. Біраз уақыт өткен соң, балалардың қызығушылығы төмендей бастады. Сосын мен досымнан қарызға ақша алып, «Play station» сатып алдым. Одан кейін балалар тағы да көптеп келе бастады. Біреулері «Play station»-да ойнаса, енді біреулері тирде ойнайтын болды. Табыс көлемі аз, бірақ мен үшін қаражат жағы маңызды емес», – дейді Павел.
Кәсіпкердің сөзіне сенсек, ол кәсібінен түскен алғашқы қомақты қаржыны мүгедектер бірлестігі ғимаратына пластикалық терезе сатып алуға жұмсапты. Өйтпеген жағдайда, ғимаратта қыста суық болатын көрінеді. Сондай-ақ, ол кішкентай мергендерге жүлделер тағайындайды. Оларды да мүмкіндігі шектеулі жандардан сатып алатын көрінеді. Ондай сыйлықтардың қатарында кәдесыйлар, түрлі әшекей бұйымдар және тағы басқалар бар. Осындай болмашы әрекеттің өзі бәрінің көңілін жадыратады дейді Павел. Әрине, кәсіпкерге бұдан да көп табыс табуға болатын еді. Алайда, ол тегін байқаулар өткізіп, мерекелерге мектеп оқушыларын шақырады. Бастысы, жастардың көңілін аулап, бос уақытының зая кетпеуін қамтамасыз етеді.
«Маған достарым, енді сен бизнесменсің, «үлкен» адамсың дейді. Мен ондай сөздерге күле қараймын. Себебі, бизнесмен болуға әлі үйренбеген сияқтымын. Көңіл қуантарлығы жоба жүзеге асырылды және мұнымен мен тоқтамақ емеспін. Қазір бізге тұтас отбасыларымен келіп ойнап жататындар көп. Ендігі ойым, біраз қаражат жинап, ең кішкентай бөбектерге де ойын бөлмесін ашсам деп отырмын. Менің басты табысым – ол адамдардың ризашылығы, балалардың қуанған жүздерін көру, мен үшін одан асқан алғыс жоқ», – деп сөзін қорытындылады өмірге құштарлығы зор кейіпкеріміз.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: