«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Текеліде туризмге бос жер жоқ

2017 жылғы 24 Қаңтар
- Жетісу облысы
8155 просмотров

Дегенмен қала әкімі бұл мәселе шешіледі деп сендірді

Туристік индустрияны дамыту мәселесі Текелі қаласы филиалының есептік кездесуінде талқыланған басты тақырып болды. Өңірлік кеңес басшысы Римма Салықованың айтуынша, Текелінің табиғаты да айрықша, ауа райының өзіндік ерекшелігі бар. Бірақ, осыған қарамастан ауданға ағылып жатқан туристердің қарасы көрінбейді. Екі ай бұрын тағайындалған қала басшысы Бақтияр Өнербаевтың айтуына қарағанда, туризм саласы басымдық берілген бағыттардың қатарында тұр, алайда қазіргі таңда туризм нысандарын салатын бос жер табылмай отыр. Кәсіпкерлердің пікірі де осыған саяды. Олардың айтуынша, бұл мәселе туризм саласындағы кәсіпкерлікпен айналысуға кедергі болып отыр. Бақтияр Өнербаев болса, әкімдік бұл проблеманы шешумен айналысып жатқанын және таяу арада нәтижеге қол жеткізу үшін барын салатынын айтты.

Сонымен қатар, жергілікті биліктің алдында ауылшаруашылық саласындағы бизнесті қолдауды күшейту міндеті де тұр. Еске салсақ, моноқала ірі полиметалл кен орнында орналасқандығымен ерекшеленеді, сонымен бірге ол бірегей өнеркәсіптік аудан болып есептеледі.

Кездесуде қала әкімі Бақтияр Өнербаев Палата мен әкімдік арасында жақсы байланыс қалыптасқанын атап өтті.

«Осыдан екі жыл бұрын келгенімде, мұндағы Палатаның жұмысы жолға қойылғанын, оның кәсіпкерлермен айрықша қарым-қатынасын өз көзіммен көріп кеткен едім. Мұнда оларға дамудың жаңа жолдарын тауып беріп, қаржы ресурстарын алуға көмектеседі, сондай-ақ, заңды бұзбастан, жұмысты жолға қоюға бағыттайды. Бұл тұста мемлекеттік органдармен өзара байланыс та орнатылған. Бизнестің күш салуының, өзара түсіністікке құрылған қарым-қатынасының арқасында қалада кәсіпкерлер аллеясы ашылды. Мен жұмысқа кіріскелі екі ай болды және есептік кездесулер кезінде соншалық жаһандық мәселелердің жоқтығына көзім жетті. Мұнда барлығын шешуге болады», – деді ол.

Атқарылған жұмыстар туралы филиал директоры Тұрысбек Жұмаділов айтып берді. Мысалы, былтыр кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша 20 өтініш келіп түскен (олардың үшеуі әкімшілік кедергі). Олардың барлығы да оң шешім тапқан. Айта кетерлік жайт, туындаған проблемалардың барлығы жер телімін алу немесе қайта рәсімдеуге байланысты болып отыр. Филиалдың кадрларды даярлау саласындағы жетістіктері мол. Былтыр Қазақстанда алғаш рет Орталық Азия университетінде «Уату қондырғыларының операторы-ұсақтаушы»  деп аталатын жаңа мамандық ашылған. Қазіргі таңда 19 адам осы мамандық бойынша оқуын тәмамдап, оны сәтті аяқтағаны туралы сертификат алған.

«Былтыр «Бизнес кеңесші» жобасы аясындағы білім беру айрықша болды. Мәселен, 49 әлеуетті кәсіпкердің 25-і 2-ші және 3-ші топтағы нашар еститін жандар еді. Қазақстанда оларға арналып алғаш рет сурдо-аудармасы бар курстар өткізілді. Бұл Палатаның жеке бастамасы болды және ол нәтижесін берді. Мысалы, Ольга Рыжкова мемлекеттік грантқа ие болып, өз ісін ашуға мүмкіндік алды. Кәсіпкер әйел декор, кәдесый және ойыншық қуыршақтар даярлаумен айналысады», – деп бөлісті Тұрысбек Жұмаділов.

Бизнесті сервистік қолдау мамандары текеліліктерге 940 қызмет көрсетіп, мемлекеттік бағдарламаға қатысуға арналған 40 бизнес-жоспар жасап берді. Сонымен бірге «Каженов» ШҚ-ның алма сақтау және өңдеу туралы жобасы Өңірлік даму картасына енді.

«Жұмыс қорытындыларына тоқтала келе, бірінші кезекте, кәсіпкерлерге алғыс айтқым келеді. Олардың арқасында біздің филиал жұмыс жасап, өңір дамып келеді», – деп атап өтті филиал басшысы.

Таныстырылымнан соң кәсіпкерлер өз пікірлерімен бөлісіп, филиал қызметін жақсартуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Тұтас алғанда, кәсіпкерлер директор жұмысына оң баға беріп, осы қарқыннан қалмауды ұсынды. Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, филиал мен прокуратураның өзара ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп, бірлескен жұмысты жандандыру қажет.

Текелі қаласы Кәсіпкерлер палатасы мен қалалық әділет басқармасының арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Тараптар меморандум құқықтық көмекті нығайтып, мәселелерді жедел түрде шешуге септігін тигізетінін атап айтты.

Кездесу соңында қала прокуроры Дамир Қарашевқа және кәсіпкерлерге кәсіпкерлік қоғамдастықты нығайтқаны үшін Алғыс хаттар табысталды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер