«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық өндірушіге қамқорлық осы болар!

2017 жылғы 23 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
5188 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы мотор майларын шығаратын зауыттың мүддесін қорғады

Жер қойнауын пайдалану саласында шетелдік үлеспен жұмыс жасайтын компания олардың конкурстық өтінімдерін негізсіз кейінге қалдырып келген.

Президенттің отандық тауар өндірушілерді қолдау туралы үндеуіне қарамастан, кейбір компаниялар бұрынғысынша шетелдік өндірушілерді таңдап келеді. Оның өзінде келісімдер жасалған кезде сатып алудың қолжетімділігі мен сапасы көп жағдайда сақталмайды.

Қазақстандық тауар өндірушілердің құқықтарын бұзып, тиісті бағдарлама болса да, оларға қажетті деңгейде қолдау танытпайтындығын облыстық Кәсіпкерлер палатасы растап отыр. Мысалды алыстан іздеудің қажеті де болмады. Мотор майларын шығаратын шымкенттік «HILL Corporation» зауытының басшылығы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-мен әріптестік орнатуға қызығушылық танытып, компания өкілдерімен бірнеше мәрте келіссөздер жүргізіп, аталған кәсіпорын ұйымдастырған сатып алу рәсімдеріне жүйелі түрде қатысып отырған. Алайда, 2015 жылдың басына дейін өзара тиімді әріптестік орнатуға деген талпыныстары сәтсіз аяқталып келді.

Осыған байланысты зауыт басшылығы облыстық Кәсіпкерлер палатасы мен әкімдікке өтініш жіберді. Соның нәтижесінде «HILL Corporation» ЖШС мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның өзара әріптестік мәселесіне қатысты үшжақты жиын өтті. Сондай-ақ отандық майды бірнеше рет бұрғылау құрылғыларында сынап та көрген. Жүргізілген сынақтар мен майлау материалдарын жеткізу бойынша ұйымдастырылған конкурстың нәтижесінде, 2016 жылы майлар мен суытқыш сұйықтықтарды жеткізу туралы келісімшарт жасалып, оның талаптары дер кезінде орындалды. Айта кетерлігі, жеткізу кезінде барлық келісілген өнімдер «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның зертханасында сапа бақылауынан сәтті өтті.

Алайда сәл кейінірек жер қойнауын пайдаланушы компанияның мамандары шымкенттік зауыттың майы пайдаланылған жекелеген қозғалтқыштардың жұмысында ақаулар туындағаны туралы хабарлады. Тағы да екі жақ бірігіп ортақ талдау жүргізді. Нәтиже қазақстандық май сапасының жоғары екенін және қозғалтқыштар шығаратын компанияның талаптарына сай келетінін растағанымен, тапсырыс беруші жеткізілген майларды шетелдік майларға ауыстырған. Дегенмен, бұл әрекеттер қозғалтқыштардағы ақаулар мен олардың жоспардан тыс жұмысқа жарамсыз болып қалуын тоқтата қойған жоқ.

«Бірақ жер қойнауын пайдаланушы компания «HILL Corporation» ЖШС-ны алдағы байқауға қатыстырмау үшін бәрін жасап, шетелдік жеткізушілерге оң қабақ танытып отыр. Осыған байланысты шымкенттік зауыттың өкілдері әділ әрі бәсекеге сай келетін сатып алулар өткізуге көмектесу, сондай-ақ отандық тауар өндірушінің құқықтары мен заңды мүдделерінің  ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заң талаптарына сәйкес сақталуын бақылау туралы өтінішпен қайтадан облыстық Кәсіпкерлер палатасына жүгінуге мәжбүр болды.

Осы жылдың 20 қаңтары күні «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ашық түрде компрессорлық майларды сатып алу туралы келісімшарт жасау үшін әлеуетті жеткізушіні таңдау рәсімін өткізді. Дөңгелек үстел сипатында өткен шараға Кәсіпкерлер палатасының және жергілікті атқарушы биліктің өкілдері шақырылды. Сегіз лот бойынша жалғыз отандық өндіруші «HILL Corporation» ЖШС жеңімпаз атанды, тапсырыстың жалпы сомасы 453 млн теңге», – дейді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы  Владимир Сухорученко.

«HILL Corporation» ЖШС басшылығы Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасына көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер