«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Эльдар Жұмағазиев: «Bastau Бизнес» – кәсіпкерлікке үйрететін бірегей жоба

2017 жылғы 20 Қаңтар
6478 просмотров

Кәсіп ашудың қыр-сырын үйрететін «Bastau Бизнес» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен өткен жылы басталған еді. Бұл кешенді оқыту бағдарламасы халыққа кәсіпкерліктің негіздерінен бастап маркетинг пен менеджментке дейін үйретеді. Әзірге «Bastau Бизнес» жобасы еліміздің батыс өңірінде өз жұмысын бастап үлгерді. Осы орайда, бағдарламаның міндеті мен болашаққа жоспары туралы «Атамекен» ҰКП Аппарат басшысы Эльдар Жұмағазиев айтып береді.

– Эльдар Тынышбайұлы, «Bastau Бизнес» жобасының көздеген мақсаты қандай? Халыққа кәсіпкерлікті үйрету идеясы қалай туды?

– Осыдан екі жыл бұрын «Атамекен» халықтың мұң-мұқтажын білу үшін еліміздің оңтүстік, батысынан бастап, 7 өңірді араладық. Сонда байқағанымыз – ауыл жастары бизнес ашуға ынталы. Олар «бізді бизнеске үйретсе, әлеуметтік лифт болып, өзімізді асырайтындай деңгейге жетер едік» деп, мұң-мұқтаждарын айтқан болатын.

Ауыл жігіттерінің қазіргі болмысы қандай? Мектеп бітіріп, оқуын жалғастыруға қаражаты болмай, амалсыз ауылда қалып кеткен. Солардың көбі жігіт ағасы жасына жеткендерде ішкі потенциалын қайда жіберерін білмейді. Жастар малды өсірудің маманы, бірақ оны қалай ақшаға айналдырудан хабары жоқ.

Қазіргі жағдайда ауыл жастарын оқытып-тоқытатын жүйелі оқыту бағдарламалары жоқтың қасы. «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлікке 2-3 күн оқыту қарастырылған. «Алған сертификаттарымыз бар, бірақ бизнес бастауға жүрегіміз дауаламайды. Кәсіпкерлік негіздеріне өңірлерге келіп, талдап-түсіндіретін, мерзімі ұзақтау  оқыту ашылғанын қалаймыз» деп ауыл халқы ұсыныс айтты. Ал кәсіпкерлікке бір ай коммерциялық оқыту құны шамамен 150-200 мың теңге екен. Мұндай қаржыны ауылдағы ағайынның қалтасы көтере бермейді. Осыларды зерделей келе, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аясында тегін оқытатын «Bastau Бизнес» жобасы құрылды.

– Бастапқыда Маңғыстау халқы іскерлікке тегін үйрететін мектепке қалай қарады? Жалпы батыс өңірі «Bastau Бизнесті» қалай қарсы алды? Жеке бизнес ашуға, іскерлікке халықтың қызығушылығы қандай?

 Халықтың кәсіпкерлікті үйренуге ынтасы зор. Оқыту жұмысын Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданынан бастадық. Одан кейін Ақтөбе облысының Темір ауданында оқыту өткіздік. Сосын Жаңаөзен қаласында дәріс оқыдық. Үш қалада да жобамыз сәтті өтті. Халықтың қабылдауы, оқуға қатысуы, атсалысуы жоғары. «Bastau Бизнес» жобасының халық ықыласына бөленуіне бизнес-тренерлердің біліктілігі жоғары, оқу бағдарламасы кешенді, жүйелі өткендігі себеп болды деп есептеймін. Оқу бағдарламасы күніне 4 сағаттан жалпы 80 сағатты қамтыды. 120 сағат жеке кеңес беру сабақтарына бөлінді, яғни әр жеке сұраққа кешенді жауап берілді. Бұл факторлар жергілікті тұрғындардың іскерлікке ынтасын көтеріп, жеке бизнес бастауына жақсы әсер етті.

Сондай-ақ, «Bastau Бизнесті» тәмамдағандар Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жаңындағы кредиттік комиссиялардан 4 пайыздық несие алып, бизнес бастап та кетті. Мәселен, маңғыстаулық азаматша Әлия Бадақбаева акушерлік кабинет ашып, жеке кәсіп бастады. Осындай мысалдар көп.

– «Bastau Бизнес» кәсіпкерлік негіздері, маркетинг пен менеджментке қоса психологияны да үйретеді екен. Жалпы психологияның іскерлікке қаншалықты қатысы бар?

– Бизнес – мәнін түсінбесе екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Оның үстіне, адамның жаратылысы да кәсіпкерлікке бейім болуы керек. Сондықтан, оқыту жұмыстарының алдында қатысушылардың әлеуетін анықтап, кәсіпкерлікке икемділігін анықтаймыз. Психология осындайда көмекке келеді. Іскерлікке қабілетті анықтау үшін шетелдік мамандар ұсынған «Joozy» тестін пайдаламыз. Сол арқылы адамның қай салаға бейім екенін анықтаймыз.

– «Bastau Бизнестен» үйренгенін өмірде қолданып, өз шаруасын дөңгелетіп әкеткендер бар екенін атап өттіңіз. Жалпы жоба семинарларына қатысқандардың арасында үйренгенін пайдаға асырғандардың саны қанша? Халыққа тиімділігін қалай анықтайсыздар?

– Әуелі жобаны Астана қаласында бастап, үш айлық оқу курсын ұйымдастырдық. Оқытудың жалпы жүйесі үш сатыдан тұрды. Ауыл-ауылдан жиналған 100 жасты 1 ай бойы бизнеске икемділігін анықтау үшін психолог мамандардың көмегімен түрлі тренингтер мен тесттерді өткіздік. Екінші айда қаржылық талдау жасауды, қаржылық модельдеуді, маркетинг жүйесін үйреттік. Ал үшінші айда бизнес жоба жасауға баулып, қаржы институттары алдында өзін-өзі ұстауды, өз жобасын қорғауға машықтадық. Әр кезең сайын қатысушылар саны азая берді. Бастапқыда 100 адам болса, екінші кезеңге 50 адам іріктелді, үшінші кезеңге 30 адам өтті. Ең соңында жобасын қорғаған 15 адам қалды. Олардың жұмысын «Атамекен» ҰКП басшылығына көрсеттік. Басшылық тарапы жобалардың тиімділігін жоғары бағалады.

Алайда біздің назарымыздан тыс қалған, кәсіпкерлікке үйрететін басқа жобалардың бар-жоғын анықтау үшін бір жыл бақылау жасадық. Өкінішке қарай, тиімді жобалар кездескен жоқ. Сондықтан, өткен жылдың шілдесінен бастап «Bastau Бизнесті» қайта қолға алдық. Еліміздің батыс өңірінде өткізілген бағдарлама нәтижесінде 40-тан астам жоба қорғалды. Соның 29-ын қаржыландыру бойынша шешім шығарылып, қалғаны қайта жетілдіруге берілді. Жобаларды қаржыландыру былтырғы күзден бастап жүзеге асып жатыр.

– «Bastau Бизнес» аясында кәсіпкерлік семинардан бөлек, журналистерге арналған іскерлік мектеп те өз жұмысын бастаған екен. Журналистердің қызығушылығы қалай? Осы бағыт бойынша алда қандай жоспар бар?

– Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қалыптасқан эко-жүйе керек. Мұны өркендетудің үш бағыты бар. Біріншісі – бизнес негіздерін оқыту. Екіншісі – қаржылық көмек, үшіншісі – жер ресурсы. Соңғысы – ақпаратпен қамтамасыз ету. Мәселен, бір ауданды алайық. Онда бизнес мектебі, несие беру жүйесі, индустриялы желілер бар. Осы тізбекке жетпейтіні – ақпараттық саясат. Мәселен, Қытайдың тәжірибесін алып қарасақ, олардың телеарналары күні бойы бизнесті насихаттайды, осы саладағы жаңалықтар мен ақпараттар таратады. Әр бизнесменнің жетістігін айтып, сол туралы деректі фильмдер, сериалдар түсіреді. Несиені қайдан алғанын, несие беретін мекеменің мекен-жайын, қаржыландыруды қалай жүзеге асыру керектігін баяндайды. Жеке бизнес ашуда іскер адамдар қандай қиыншылықтарға тап болғаны, кедергілерді қалай жеңгені – бәрі-бәрі түсінікті баяндалып, жұртшылыққа толық ақпарат беріледі. Біздің нарыққа жетпейтіні де осы.

Біздің көздегеніміз – облыстық, аудандық ақпарат ресурстары арқылы адамдарға бизнес саласына қатысты күнделікті ақпарат тарату. Қазір кәсіпкерлік пен бизнеске қатысты бұқаралық ақпарат құралдарына кеңес беріп келеміз. Оған қоса, осы салаға маманданған білікті журналистер санын арттыруды мақсат еттік.

– Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікке тарту» деп аталатын жаңа жобасын 2017 жылдан енгізу туралы тапсырма берген еді. Елбасының бастамасына «Bastau Бизнес» жобасының да қосары бар шығар?

– Президенттің ұсынысы бүгінгі қоғамға өте керек бағдарлама. Жыл сайын мектепті бітірген түлектердің жиырма мыңнан астамы жоғары білімсіз, жұмыссыз қалады екен. Мұның себебі – жастардың құлшынысы емес, мүмкіндігі жоқтығында. Сондықтан, тегін кәсіптік-техникалық білім беру ұсынысы қолға алынған болатын. Бұл лекке «Bastau Бизнес» мектебінің де қосар үлесі зор.

Осыған орай, бір мысал келтіре кетейін. Маңғыстау облысында тігіншілерді оқытып, маркетингке, өз еңбектерін сатуға қатысты білім бердік. Яғни, тігіншілер өнімдерін сатылымға шығарып, пайда табуға үйренді. Оған қоса, тігіншілерге тігін машинасын алу үшін шағын несие алуға көмектестік. Өзін-өзі жарнамалау арқылы тігіншілер біреуге күні түспей, өз-өздерін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, біз оқытқан токарьлар 3-4 адамнан бірігіп, токарь станок сатып алып, жеке тапсырыстар қабылдап, кішігірім бизнесін ашып, жұмыс жасауда. Осы жүйе аталмыш мемлекеттік бағдарламаға енді.

– Биыл «Bastau Бизнес» оқыту жобасы қай өңірлерді қамтиды?

– «Bastau Бизнес» жобасын 2017 жылы 80 аудан орталығында ашу жоспарланған. Келер жылы аудан санын 160-қа жеткіземіз. Биыл мемлекеттің тапсырмасы бойынша, 15 мың адамды кәсіпкерлікке оқытып шығуымыз керек. Елбасы шағын және орта бизнестің үлесін 50%-ға жеткізуге тапсырма берді ғой. Менің ойымша, бұл межені, соның ішінде, «Bastau Бизнес» жобасы арқасында жүзеге асыруға болады.

– Эльдар Тынышбайұлы, жеке кәсіп ашуға ниетті адамдарға қандай кеңес берер едіңіз. Мәселен, «жеке бизнес ашу үшін қыруар ақшаның болғаны жеткілікті» деген мифке айтарыңыз?

– Мысал ретінде айтып өтейін, «Bastau Бизнес» мектебін оқып шыққаннан кейін Маңғыстау тұрғындарының «Мәселе ақшада емес екен» дегендері жадымда қалыпты. Демек, халық ақшаның негізгі фактор емес, қаржылық сауаттылық маңызды екенін түсінді. Кәсіпкердің құндылығы – бір тиыннан екі тиын жасау. Дұрыс жоспарланған бизнес кәсіпкерді ғана емес, қасындағы ағайын-туысты да қаржылай қамтамасыз ете алады. Жалпы бизнесмен жауапкершілігі мол азамат болуы тиіс. Яғни іскерлікте біліктілігі жоқ адам ақшаны бір сәтте жойып жіберуі мүмкін. Күнделікті өмірде қаржыны қарызға алып, қайтара алмай қалған жағдайлар өте көп. Бизнеске деп ақша алып, көлік алып немесе баласына той жасағандар да кездеседі. Мұндай олқылықтың алдын алу үшін іскерлік сауаттылықты арттыру керек.

– Енді кәсібін ашамын дейтіндер әдетте неден бастау керек?

– Жеке кәсіп бастауды жоспарлап жүргендерге «Bastau Бизнес» мектебін оқып шығу ұсынамын. Яғни, ең бастысы – білім алу. Білім, біліктіліксіз алынған ақша мен несие құрдымға апарады. Менің ойымша, кәсіпкер өте төзімді, білімге құмар адам болуы керек. Білім алуға ерінген, төзімсіз адамнан жақсы бизнесмен шықпайды.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер