«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тендердегі теңсіздік

2017 жылғы 23 Қаңтар
- Шымкент қаласы
13939 просмотров

Шымкенттік шенеуніктер мемлекеттік тапсырыстарды сыбайлас фирмаларға беру үшін,  заңның әлсіз тұстарын пайдаланып келген 

Ал, қадағалаушы органдар тендердегі теңсіздіктерді елеусіз қалдырғанымен қоймай, мәселенің алдын алмақ болған тұлғаларға кедергі келтірген. Кәсіпкер палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшелері, зардап шеккен кәсіпкерлермен өткен кездесуден кейін  осындай пікірге келді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін, мемлекеттік сатып алулар байқауын электронды форматқа өзгерткен еді. Жаңа бастаманы енгізушілердің айтуынша, бұл шенеуніктерге байқау жеңімпазын анықтау процесіне араласуға мүмкіндік бермейді екен. Алайда, жобаның әлсіз тұстары әлі күнге дейін жойылмаған көрінеді. Ал, бұл кемшіліктерді заңсыз жұмыс жасайтын бизнесмендер мен олардың мүдделерін қорғайтын тұлғалар ұтымды пайдаланып келеді екен. Мәселеден хабардар болған, өңірлік Кәсіпкерлер палатасының мамандары, Оңтүстік Қазақстанда жиі орын алатын мемлекеттік қазына қаржысының әлдекімдердің қалтасына кетуіне қатысты бірнеше мысалдарды сараптап, олардың жүйелі түрде орын алу себептерін анықтап көрді.

№1 әдіс

Қызылорданың «Промстройсервис» ЖШС компаниясы құрылыс нарығында осымен 16 жыл жұмыс істеп келеді. Компания жүздеген мектептер, ауруханалар мен балабақшалар, тұрғын үйлер салған. Айта кетерлігі, компанияның әр нысаны мемлекет қаржысы есебінен салынып, олардың барлығы дерлік мемлекеттік комиссия тарапынан жоғары бағаланып келген. Биылғы жылдың көктемінде ЖШС, Оңтүстік Қазақстан облысының Қарабұлақ ауылындағы мектеп құрылысына қатысты байқауға қатыспақ болған.  Қызылордалықтар өзге өңірде жеңіске жетудің қаншалықты қиынға соғатынын ескере келе, байқау құжаттарын даярлау ісіне тыңғылықты әзірленген екен. Алайда, олардың байқауға қатысу туралы өтініші кері қайтарылған. Сөйтсе, өтініште көрсетілген техника тізімінде соңғы жабын жабуға қажет қондырғы ұсынылмапты.

«Комиссия осы машинаның орнына, оған балама ретінде басқа қондырғыны ұсынғанымызды, оны мектеп жобасының авторымен бекіткенімізді мойындаудан бас тартты, – деп шағымданды «Промстройсервис»  ЖШС бас директоры Манарбек Еспенбетов. – Біз көмекке жүгінген қаржылық бақылау органы, бізді қолдап, компаниямызды жеңімпаз деп тану туралы құжатты тапсырды.  Комиссия бұл құжаттан да бас тартып, байқау өткізілмеді деген желеумен, өзге компанияны жеңімпаз деп таныды. Бұл байқауға тек бір ғана құрылыс компаниясы – біздің қарсыластырымыз ғана қатысқан болатын. Әрине, қарсыластары болмағаннан кейін, олар тендерді ұтып алды. Енді, келісімшартқа сәйкес, олар салатын мектепке мемлекет бізбен салыстырғанда, 85,5 миллион көп теңге төлемек».

Қазір бұл жағдайға қатысты сот ісі басталған. Ал, Қарабұлақта мектеп салу жұмысы басталып кеткенге ұқсайды. Қызылордалықтар сотта жеңген жағдайда, істің немен аяқталары әзірге белгісіз.

№2 әдіс

«Берен» құрылыс компаниясының құрылыс саласындағы еңбек өтіліне де 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Компания басшылығымен, өңірде көптеген нысандар бой көтерген. Жобалардың басым көпшілігін мемлекет қаржыландырған көрінеді. Алайда, компанияның құрылыс саласындағы бай тәжірибесі мен өңірдегі ірі материалдық-техникалық базаның бар болуына қарамастан, компания кейінгі жылдары мемлекеттік тапсырыс байқауларында жеңіске жете алмай жүр екен. Тек соңғы екі жылдың өзінде ғана «Берен» ЖШС 28 мемлекеттік нысан құрылысының байқауына қатысып, олардың ешқайсысында жеңіске жетпепті. Бұл уақытта атқамінерлер тендерге ірі компанияларды қатыстырмау үшін, түрлі әдіс-айлаларды меңгеріп те алыпты.

Осылайша, «Беренді» банктің тиісті анықтама қағазының болмағаны үшін, байқаудан шектеткен. Ал, заңға сәйкес, байқау комиссиясы алдымен мемлекттік тапсырысқа қатысушылар ұсынған құжаттар пакетін қарап, кәсіпкерлерге оларда жіберілген қателіктерді жою үшін арнайы мерзім белгілейді. Одан кейін, комиссия мүшелері байқау құжаттарын екінші мәрте тексереді. Бұл кезеңде де, құжаттарында қателіктерге жол берілген компаниялар, тендерге қатысу мүміндігінен айырылады. Десе де, комиссия мүшелеріне де бұл деңгейде қандай да бір шектеулер қарастырылады. Осылайша, заңға сәйкес, ұсынылған құжаттарды екінші рет қарағаннан кейін, олардың байқау қатысушыларына жаңа талаптар қоюға құқығы жоқ екен және аталған «жаңа» қателіктер компанияларды байқаудан шығарып тастауға негіз бола алмайтын көрінеді.

«Біздің жағдайда, екі тендердегі (Отырар ауданы Қоғам ауылы мен Ордабасы ауданы Шұбар ауылындағы емхана құрылысы) банктен берілетін анықтама қағазының жетіспеушілігі деген талап, тек екінші кезеңде ғана белгілі болды, – дейді «Берен» ЖШС Нұрлан Бесенов. – Оған дейін, анықтамалардың жоқ болуына қатысты ешкім ешқандай уәж айтпаған еді. Осыған қарамастан, бізді екі байқаудан да шеттетті. Нәтижесінде екі лот бойынша, тендер бір реттен ғана, яғни, баламасыз негізде өткізіліп, оны біздің бәсекелестіріміз ұтып алды. Алайда, қаржылық бақылау органдары соңғы тұжырымдаманы біздің пайдамызға шешіп берген еді».

Бұл жағдайда да «Берен» ЖШС ұсынған құрылыс қаражаты, мемлекет жеңімпаздарға беретін қаражаттан әлдеқайда аз болған.

№3 әдіс

Шымкенттік шенеуніктер тәжірибесінде тағы бір келесідей айла-әдіс бар екен. Ол әдіс «Берен» ЖШС-нің облыстық туберкулезге қарсы диспансердегі жөндеу жұмыстарына қатысуына кедергі келтірген. Байқау комиссиясы «Берен» ЖШС-інің серіктесі болып табылатын «Kazmedpribor Holding»  компаниясының қатысуына да мүмкіндік бермеген. Жоспар бойынша, аталған компания қосалқы мердігерлік келісімшарт аясында,  тубдиспансерге қажет арнайы медициналық қондырғыны жөндеп, оны орнатуы тиіс еді. Алайда, аталған өтінішті қарау барысында, байқау комиссиясы «Kazmedpribor Holding»-та «қосалқы мердігерлік келісімшартқа сәйкес, жұмыстарды атқаруға қажет, ресурстық база жоқ» деген шешім шығарған. Салдарынан, «Берен» компаниясы тағы да туберкулезге қарсы диспансерге жөндеу жұмыстарын жүргізуден шет қалған. Бір қызығы, содан бірнеше ай бұрын, «Kazmedpribor Holding» ЖШС-нің ресурстық базасын байқау комиссиясы барлық талаптарға сай келеді деп тапқан. Ол кезде, облыстық онкодиспансер ғимараты жанындағы палата корпусы құрылысына мемлекеттік бюджеттен жарты миллиардтан астам қаражат бөлінген екен. «Берен» компаниясы да аталған тендерге қатысқанымен, «Kazmedpribor Holding» бәсекелес компанияның қосалқы мердігерлік компаниясы болғандықтан, тендер жеңімпазы аталған компания деп танылған. Бұл ретте, «Берен» ЖШС ұсынған баға, жеңімпаз компания бағасынан әлдеқайда төмен болған.

№4 әдіс

Берендіктер бұдан да басқа бірқатар мәселелерге душар болыпты. Осылайша, «Сарыағаштағы» мектеп құрылысының тендері нәтижелерін жариялаған күні, «Берен» ЖШС-нің жеңімпаз деп танылуына санаулы уақыт қалғанда, қарыз төлеушілердің бірыңғай реестрінің (ҚБР) мемлекеттік жүйесі кенеттен, Сарыағаш мектебіне қатысты мемлекеттік сатып алулардың электронды мәліметтер базасына, компанияның 1020 теңге көлеміндегі салықты төлемегендігі туралы ақпаратты жариялайды. Бұл – бірнеше ай бұрын өткен сот ісіне қатысты мемлекеттік баж салығы болған көрінеді. Бір қызығы, дәл осы күнге дейін, «Берен» ЖШС-не бұл туралы ешкім ескертпеген екен. Осыған байланысты, портал автоматты түрде фирманы тендерге қатысу мүмкіндігінен айырады.

«Біз шынымен, ол туралы хабарсыз болдық. Сосын оны ести салысымен, мәселенің мән-жайын білу үшін, облыстық сот орындаушысына бардық, – дейді Нұрлан Бесенов. – Бір жыл ішінде қарыз жабылды. Бірақ ол уақытта, тендер нәтижелері жөніндегі хаттамаға байқау комиссиясы қол қойып үлгерген екен. Сөйтіп, біз тағы да жеңіліс таптық».

Мәселенің осылайша өрбуіне кімдердің себеп болғаны әлі де белгісіз күйде қалуда.

Жүйедегі келеңсіздіктер

Шенді-шекпенділердің тендерге қатысты осы және өзге де «құпиялары», Палата сарапшыларына  2016 жылғы мемлекеттік сатып алулардың байқау нәтижелеріне тексеріс жүргізуге түрткі болды.  Бұл ретте, мамандар өңірде 100 миллион теңгеден астам сомаға өткізілген тендерлерге тексеріс жүргізген. Тексеру қорытындылары көңіл көншітерлік нәтиже бермеді дейді Палата сарапшылары.

«Байқау комиссиялары, біз тексерген тендерлердің 70 пайызын, өткізілмеді деп танып, кейін, оларға сыбайлас фирмаларды қатыстырып келген, – деп тексеру нәтижелерімен бөлісті Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Талғат Егембердиев. – Жүйе қарапайым: алдымен тендерге қатысушылардың бәрі қандай да бір сылтаулармен оған қатыстырылмаған. Тендерге қатысу мүмкіндігіне тек бір компания ие болады. Ол комиссия тұжырымдамасына сәйкес, барлық талаптарға сай деп табылып отырған. Бұл кезеңде байқау өткізілмеді деп танылып, жабылады да, кейін уақыт өте келе, осы «дұрыс» деп танылған фирмаға жаңа тендер өткізіліп отырған. Бірақ, оған жоспарға сәйкес, тек бір ғана фирма қатысқан және ол сәйкесінше жеңімпаз деп танылады. Заң жүзінде бәрі заңды, ал шынтуайтына келгенде бәрі қитұрқы әрекеттер. Мұндай сыбайлас жемқорлық жүйелі сипатқа ие болып, оның ауқымы кеңейген деуге негіз бар».

Барлық материалдарды ОҚО Кәсіпкерлер палатасы облыс прокуратурасына, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы мен Қазақстанның кәсіпкерлер құқығын қорғау уәкіліне жолдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер