«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Колледж оқытушылары көкжиегін кеңейтті

2017 жылғы 16 Қаңтар
- Жетісу облысы
7970 просмотров

Былтыр 30 оқытушы кәсіпорындарда тағылымдамадан өтті

Қазіргі жаңа технологиялар мен идеялар ғасырында өндірістік тағылымдамадан өту біліктілікті арттырудың тиімді тәсілдерінің біріне айналды. Тәжірибелдік сабақтар теориялық білімді бекітуге сеп болып, жаңа білім мен машық жинақтауға мүмкіндік бермек. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғалы бері, кадрларды даярлау мен оқу орындарының бизнес субъектілерімен өзара ынтымақтастығына көптеп көңіл бөлінетін болды. Бұл техникалық және политехникалық білім беруді (ТжПБ) ұйымдастыруда аса өзекті болып отыр. Себебі, болашақ мамандарды оқытуды теоретиктер емес, өндіріске қатысып, технологиялық процестті өз көзімен көрген оқытушылар қолға алғаны жөн.  Педагог – білім беру процесіндегі басты тұлға. Сондықтан ол еңбек нарығында қажетті мамандарды даярлауы, технологиялар мен инновацияларды зерттеуі қажет. Палата бұл мақсатта, оқу орындарының өтініші бойынша, ТжПБ оқытушылары үшін жыл сайын кәсіпорындарда тағылымдамадан өтуді ұйымдастырып келеді. Мысалы, былтыр кәсіптік және техникалық колледждердің 30 өндірістік оқу шебері облыстағы жетекші кәсіпорындарда тағылымдамадан өтті. Курстың ұзақтығы – 40 сағат.

«Өндірістік тағылымдама – оқытушылық қызметтің дамуы мен өсуін қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі. Бүгінгі таңда колледждерге теоретиктер қажет емес. Студенттер оқу құралдарындағы деректерді білумен шектелгісі келмейді, олар шынайы деректерге қаныққысы келеді. Сондықтан, әр жылы колледжердің өтінімдері бойынша біз өндірістік сабақтар ұйымдастырамыз. Оны табысты аяқтаған қатысушыға арнайы сертификат беріледі», – деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының адам капиталын дамыту бөлімінің сарапшысы Ардақ Қашқарова.

Өндірісте тағылымдамадан өту тегін, ал қалған шығындарды оқу орны мойнына алатынын атап айту керек. Бастысы – Кәсіпкерлер палатасына өтінім берсеңіз болғаны. 

Жақында Өскемен қаласының Экономика және қаржы колледжінің өндірістік оқу шебері Дәулет Шындығатаев кезекті тағылымдамадан өтті. Ол еліміздегі жалғыз «Қайнар-АКБ» аккумуляторлық зауытынан қорғасын қышқылды аккумулятор батареяларын шығару технологиялары бойынша өндірістік оқытудан өтті. Шебер батареяларды жинақтауды өз көзімен көріп, бұрын пайдаланылған аккумуляторларды қайта құрастыратын су жаңа жабдықпен таныс болды.

Ал Талдықорғандағы «Fortuna food»  ЖШС  танымал кондитерлік өнімдер желісі Сарқан политехникалық колледжінің оқытушылары Айгүл Досыбаева мен Алена Бондаренконы тағылымдамадан өткізді. 40 сағат ішінде олар кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерін шығарудың құпияларымен танысты.

Жуық арада Талдықорған политехникалық колледжінің 11 өндірістік оқыту шебері облыстағы зауыттар мен цехтарда тағылымдамадан өтетін болады. Оқыту тек өңірлік ауқымда ғана жүзеге асырылмайды. Мысалы, екі оқытушы Алматы компанияларынан энергетика және туризм бойынша тағылымдамадан өтеді деп жоспарланып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер