Сертификаттар бір жерден берілгені жөн
Кәсіпкерлер фитосанитарлық және ветеринарлық сертификаттардың «бір терезе» арқылы берілгенін қалайды
Олардың айтуынша, бұл шара мемлекеттік қызметтерге тез қол жеткізуге, нәтижесінде бизнестің қаржылық шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұл мәселе Кәсіпкерлер палатасы қабырғасында мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен қызметтік кездесу барысында талқыланды. Карантиндік өнімдерді экспорттауға арналған сертификаттарды Сервистік қызмет орталығы (СҚО) арқылы беруді жолға қою мәселесі кездесуге арқау болды. Қостанай темір жол вокзалы ғимаратында бұл жүйе таяуда қолға алынды.
«Қазақстан Темір Жолы» АҚ Қостанай жол бөлімшесі басшысының орынбасары Юрий Юревич жобаны таныстыра отырып, алғашқы кезеңде сервистік қызмет орталығына кәсіпкерлерден тек қана сертификаттарды алу туралы өтінімдер қабылдайтын мамандарды орналастырылатынын атап өтті. Кейіннен мұнда барлық қызмет көрсетушілер, оның ішінде фитосанитарлық және ветеринарлық қызмет өкілдері де көшірілмек, бұл дегеніміз құжаттарды алу оңайлайды деген сөз.
Алайда талқылау барысында-ақ, жоба түпкі мақсатына жетуі үшін бірқатар олқылықтарды жою қажет екені белгілі болды. Атап айтқанда, аймақтық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясы өкілінің мәлімдеуінше, бүгінгі күнге дейін ведомствода жеке инспекторлар бөлуге СҚО базасында маман жеткіліксіз. Ал жалпы жұмыс көлемін есепке алсақ, кемінде алты адам керек. Өсімдік карантині және фитосанитарлық бақылау бекеттері жөніндегі инспекция да осыған ұқсас проблеманы хабарлады. Сонымен бірге, қызмет көрсетушіге кәсіпорындарға шығу үшін қосымша автокөлік пен мемлекеттік органдардың порталына кіруге арналған жеке VPN-арнасы қажет болады. Мұның бәрі шығын шығаруды талап етеді, сонымен қатар бейінді министрліктердің нормативтік актілеріне өзгерістер енгізуге тура келеді.
Ал Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы қыметкерлері айтылған проблемалар кешенді түрде шешілмейінше және барлық бизнес-процестер толық зерттелмейінше, Сервистік қызмет орталығы арқылы сертификаттарды беру тиімсіз деп отыр.
«Қазіргі таңда өтінімдер электронды портал арқылы немесе ХҚКО арқылы қабылданып жатыр, ал бұрын тікелей қабылданатын болған. Тәжірибе көрсеткендей, артық қызмет көрсетушінің пайда болуы, керісінше, кәсіпкерлердің сертификаттарды алу мерзімдерін ұзартып жіберді. Осыған ұқсас жағдай СҚО-да да болуы мүмкін, себебі түбінде қызметтер бәрібір де аумақтық орналасуына қарай, қашықтықтан көрсетілетін болады. «Бір терезе» қағидасы толықтай жүзеге асырылу үшін, белгілі бір мамандарды ғана емес, нақты мемлекеттік органдарды бір жерге жинау қажет», – деп есептейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.
Экспорттаушы фирмалардың өкілдері аудандар мен моноқалалардағы жұмыс ерекшеліктерін мысалға келтірді. Мемлекеттік органдар мұнда бір ғимаратта немесе салыстырмалы түрде бір-біріне жақын жерде орналасқан. Сондықтан Қостанайда олар осыған ұқсас қағиданың болғанын қалайды. Ал ең дұрысы – барлық қызметті бір ғимараттың ішінде іске асыру.
Кездесуге келген Қостанай облысы әкімінің орынбасары Сергей Карплюк, өз кезегінде, атқарушы билік Кәсіпкерлер палатасымен бірге, бизнесмендердің жұмысын жақсартуға бағытталған барлық ұсыныстарды қарауға дайын екенін жеткізді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: