«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Полиция қызметкері заңсыз айыппұл тағайындаған

2017 жылғы 13 Қаңтар
- Қарағанды облысы
7638 просмотров

«Алания» караоке-барының иесі көңіл көтеру орны ешкімнің тыныштығын бұзбағанын дәлелдеп берді

Өткен жылдың күзінде «Алания» караоке-барының иесі Елена Шрайнер полиция қызметкерлерінің заңсыз тексерістері мен қысымына шағымданып, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңеске көмек сұрай барған еді. Мекеме басшысы жоқ кезде келген полицейлер нысан қызметкерлерін күдікті құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген. Бірінші рет келгендерінде тексерушілер караоке-бар түнгі он бірден кейін халықтың тыныштығын бұзады деген мазмұнда шағым келіп түскенін мәлімдеген. Көңіл көтеру орны Қарағанды медицина университеті жатақханасының бірінші қабатында орналасқан.

«Мен шағымды көрсетулерін сұрадым. Маған 321-бөлменің қызы жазған шағымды көрсетті. Ол бөлме үшінші қабатта орналасқан. Ал менің кафемнің үстінде спорт залы орналасқан. Студентке қалай кедергі келтіргенімді білмеймін. Ол арызды полицейлердің өздері жазған деп ойлаймын», – деп мәлімдеді кәсіпкер Кәсіпкерлер кеңесінде.

Полиция қызметкерлері әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырып, кафе иесіне 42 420 теңге (20 АЕК) мөлшерінде айыппұл салған, бірақ Е.Шнайдер актіге қол қоюдан бас тартады. Бір апта өткен соң полицейлер қайта оралған. Олар мекеме басшысы жұмыс орнында болмаса да, караоке-барды тексеруді ұйғарып, мекеме жұмысшыларынан еңбек шарттары мен санитарлық кітапшаларын көрсетуді талап ете бастапты. Сыпырушылардың бірі оларға құжаттар әкімшілікте екенін айтқан. Полицейлер одан түсініктеме жазуын талап етіп, құқықбұзушылық туралы акт жасаған. Бұдан соң да полицейлер кафеге бірнеше мәрте келіп, «Алания» караоке-барында болған 16 қылмыстық іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдейді. Сондықтан тәртіп сақшылары мекеме басшысына клиенттердің жеке заттарының жоғалуын болдырмау үшін, бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес берген.

«Біз құқықбұзушылық жасауға ықпал ететін жағдайларды жою туралы ұйғарымды қарап шықтық. Онда көрсетілген мәліметтер шындыққа сай келмейді. Бейнебақылау камералары караоке-барда төрт жылдан астам уақыттан бері бар. Олар жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге кафенің ішінде, көзге көрінетін жерлерде «Қараусыз қалдырылған заттар үшін әкімшілік жауап бермейді» деген жазуы бар тақтайшалар орнатылған», – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Юлия Олейник.

Кәсіпкердің ісі сотқа дейін жетті.

Палата сарапшыларының арқасында полиция қызметкерлерінің хаттаманы дұрыс толтырмағаны дәлелденді. Соның нәтижесінде әкімшілік сот Елена Шрайнерге салынған айыппұлды алып тастады. Сот студенттердің шағымын есептемегенде, полицейлерде кафеде түнгі он бірден кейін музыка ойнап тұрғандығы  туралы дәйек болмаған деген шешімге келді. Айта кетерлігі, полиция қызметкерлері шағымданушыдан жауап алмаған. Оған қоса, сот бизнес-ханымға айыппұлды полицейдің салғанын атап өтті. Мұны істеуге полицейдің өкілеттігі жоқ.

Әкімшілік соттың қаулысы заңды күшіне енді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер