Құс фермалары көбейеді
Оңтүстік Қазақстан облысында құс фермаларының саны көбейіп, құс етін өндіру көлемі артпақ
Palata.kz-ке берілген анықтама бойынша, қазір облыс аумағында 35 ірі және шағын құс фабрикасы бар екен, онда 2 млн 638 мың құс өсіріледі. 2016 жылы өндіріс көлемі 300 млн дана жұмыртқа мен 12,1 мың тонна құс етіне тең болған.
Бұл нарықтың да көшбасшылары бар. Атап айтсақ, «Ордабасы құс» ЖШС 648 276 бас түйетауық өсірсе, «Инфрастрой ЛТД» ЖШС өсіретін бройлерлер саны 250 мыңға жеткен, ал «Шымкент құс» ЖШС-да 646 900 құс өсіріледі.
ОҚО құс өсірушілері алдына жаңа мақсат қойып отыр, яғни импортты азайтып, халықты барынша жергілікті өніммен қамтамасыз етуге қол жеткізу. Бұл үшін облыс аудандары мен қалаларда 2020 жылға дейін тағы 78 шағын құс фабрикасы ашылмақ.
ОҚО әкімдігі таратқан мәлімет бойынша, бүгінгі таңда оңтүстікқазақстандықтарды құс етімен қамту – 73,7%-ға, жұмыртқамен қамту – 75%-ға тең екен. Құс өсірушілер үшін мемлекеттің 2016 жылы бөлген 2 млрд 29 млн 246 мың теңге мөлшеріндегі субсидиясы зор демеу болып тұр. Бұл қаражаттың 1 млрд 471 млн 440 мың теңгесі түйетауық етін өндіруді арттыруға, ал 132 млн 499 мың теңгесі бройлерлер еті өндірісін арттыруға бөлінген. ОҚО әкімдігінің дерегіне сүйенсек, 2017 жылы құс өсіру саласын одан ары дамытуға 2 млрд 30 млн теңгедей субсидия бөлінеді деп күтілуде.
Жанар Сердалина
Пікір қалдыру:
Пікірлер: