«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Суды тоқтатып тастау дұрыс па?

2017 жылғы 12 Қаңтар
- Ақмола облысы
6906 просмотров

Аудандық прокуратура «Бурабай су арнасы» ШЖҚ РМК (шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын) әрекетіне заң тұрғысында тексеру жүргізеді

Парламент Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекованың қатысумен Щучинск қаласында өткен дөңгелек үстелде осындай шешім қабылданды.

Естеріңізге сала кетер болсақ, коммуналдық кәсіпорын жеке бастамасымен бірқатар қоғамдық тамақтандыру нысандарының аумағындағы ағынды суларды саралап, оларды қосымша тазалауға қомақты төлем талап еткен. Оған қоса компания кәсіпкерлердің нысандарындағы сумен қамту жүйесін өшіріп тастап, оларды кепілдік хатқа қол қоюға немесе шұғыл түрде төлем жасауға мәжбүрлеген.

«Бурабай су арнасы» берген түсініктеме бойынша, ластанған суларды тазалауға қосымша төлем Ұлттық экономика министрінің 20.07.2015 жылғы №546 бұйрығымен бекітілген Елдімекендердің су қабылдау жүйелері және ағын суларды қабылдау туралы ережесіне, сондай-ақ, Щучинск қаласының су тарту жүйелеріне ағын суларды қабылдау шартына сәйкес алынған.

Алайда аталған ережелер мен шарттарда кәсіпкерді қосымша тазалауға төлем жасауға міндеттейтін норма регламенттелмеген.

Жағдай қиын деуге болады. Ал кейбір бизнес субъектілерінің коммуналдық кәсіпорынның шарттарын орындауға асығыстық танытқандары оны одан сайын күрделендіре түсті. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті департаментінің өкілдерінің пікірінше, типтік шартта қос тараптың да ерік білдіруі қарастырылған, алайда Бурабай ауданының кәсіпкерлері мұнымен мүлде келісер емес.

Құжатқа түзетулерді негізсіз емес, қосымша ескертпе алған екінші тараптың келісімімен ғана енгізу қажет, деп есептейді олар.

Қызу пікірталас барысында «Қазақстан су арнасы» Қазақстан Республикасы сумен жабдықтау және су тарту жөніндегі кәсіпорындар қауымдастығы президенті Валерий Синдюков «өндірістік ағынды сулардағы зиянды заттардың шекті концентрациясын есептеу әдісін...» (айта кетерлігі, ол нормативті-құқықтық акт емес және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде тіркелмеген) қайта қарау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық департамент басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Мусина санитарлық ережелер шеңберінде нысандардағы ағын суларды тазалау және залалсыздандыру жалпы қалалық тазалау орындарында жүргізілетіндігін түсіндіріп өтті. «Кәріз желілерінің бітеліп қалуының алдын алу мақсатында ғимарат сыртында, сыртқы кәріздік желіге түскенге дейін өндірістік ағындар шығатын жолдарда: залының сыйымдылығы 500 және одан көп орыннан тұратын жартылай фабрикаттармен жұмыс істейтін; залының сыйымдылығы 200 және одан көп орыннан тұратын шикізатпен жұмыс істейтін тамақтану нысандары үшін май және езінді сүзгіштер орнатылады», – деп атап өтті ол.

«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, монополистердің әрекеттері көбінде мемлекеттік қолдау шараларын жоққа шығарады. Бүгінде монополияға қарсы ведомстволардың өкілеттіліктерін күшейтуге қатысты бірқатар түзетулер қабылданды. Енді олардың өкілеттіктеріне монополистердің әрекеттеріне тоқтау салу, қадағалау және тергеу органдарымен бірлесе отырып, әрекеттердің заңдылығын тексеру кіреді. Бұл баға саясатына ғана емес, негізсіз айыппұлдарға, тексерулерге және тағы басқа жайттарға да қатысты», – деді Меруерт Қазбекова.

Депутаттың пікірінше, кәсіпкерлердің өздері де белсенділік танытып, сыртқы кедергілерге қарсы тұрып, өз құқықтарын қорғай алулары қажет, сондай-ақ жұмыс істеуге кедергі келтіретін жайттар туралы айтудан қорықпаулары керек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер