«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақтың қымыз өндірісі жандануда

2017 жылғы 12 Қаңтар
- Жамбыл облысы
13621 просмотров

Облыста қымыз өндірушілер қауымдастығы құрылды

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының атсалысуымен «Қазақ қымызы» атты ұлттық қымыз өндірушілер қауымдастығы құрылды.

Айта кетерлігі, қауымдастық құру туралы идеяны, былтыр Кәсіпкерлер палатасының Агробіліктлілік орталығы аясында өткен семинарға жиналған аталған сала кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтардың басшылары көтерген еді. Сол кездің өзінде-ақ, ауыл кәсіпкерлері қымыз өндірісін дамыту әрі жандандыру үшін, күш біріктіру керек деген пікір айтқан-ды. Бұл ретте, идеяның тууынан бастап, қауымдастықтың ресми түрде тіркелгенге дейінгі жұмыстың басы-қасында, Кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіп кешен бөлімінің басшысы Руслан Рақымбаев жүрді.

«Бұл ауыл тұрғындары үшін, әлеуеті мол әрі табысты көп әкелетін бағыттардың бірі, – деді ол. – Қауымдастық Қазақстан Республикасы аумағында қымыз өндірісі технологиясын тарату мақсатында ғана құрылған жоқ, ол сонымен қатар, осы салаға тікелей қатысы бар бизнес пен сүтті жылқыларды дамыту үшін құрылды».

Қазіргі таңда қауымдастық құрамына Тараз қаласының және облыс аудандарының бес кәсіпкерлік субъектісі – «Заң» ЖШС, «Бекболат» ШҚ, «Жасұлан» ШҚ, «Жуасбек» ШҚ және «Сейітжан» ЖК енген. Десе де, қауымдастық мүшелері, ұйым құрамына енуге ешбір шектеу жоқ дейді. Жиында, қауымдастық президенті ретінде «Заң» ЖШС директорының орынбасары Эльмира Ыбыналиева сайланды.

Бірлестік жоспарлары мен салада орын алып отырған түйткілді мәселелер жөнінде «Заң» ЖШС директоры, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми-техникалық кеңес мүшесі, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Дүйсенбек Ыбыналиев баяндап берді.

«Қымыз қазақстандық брендке айналуы тиіс, – дейді ол. – Мысалы, Германияда жыл сайын өтетін сыра фестивалі бар, сондай-ақ, Англияның шайға қатысты дәстүрлерін де білесіздер. Сол сияқты, Қазақстанда да Қымыз күні аталып өтуі керек».

Профессор, сонымен бірге, ұлттық сусынның пайдалы тұстары туралы да айтып берді. Ұлттық медицинада қымызды қатты жүдеп, денсаулық әлсірегенде, ағзада дәрумендер жетіспеген уақытта қолданады. Қымыз адамға күш беріп қана қоймай, жүйке жүйесінің жандануына септігін тигізіп, ағзадағы зат алмасуды реттейтін көрінеді. Ертеде қымызды «батырлар сусыны» деп атаған екен. Ол ұзақ сырқаттанған адамдарға ағзаны қайта қалпына келтіруге, сау адамдардың денсаулығының күшті болуына көмектесетін көрінеді.

«Біз ішкі нарықта қымызды жеткізу және оны танымал ету ісін жолға қойып қана қоймай, сондай-ақ, эспортқа шығуды да қолға алуымыз керек. Бұл ретте, бізде қымыз өндірісінің патенттелген технологиясы да бар ғой. Мемлекеттік стандартқа сай, қымыз 72 сағатқа дейін сақталынады, ал біз, осы мерзімді 60 күнге дейін ұзарта алдық! – дейді Дүйсенбек Ыбыналиев. – Біз қазір мүдделі клиенттер сұранысын зерттеуіміз қажет. Оның ішінде, шипажайлар, ауруханалар мен емдеу-сауықтыру және тағы да басқа мекемелер бар. Мемлекеттік тапсырысты, көбіне көп қымызды барлық стандарттарға сай өндірмейтін компаниялар ұтып алатыны баршаға мәлім. Және мұндай келеңсіздіктер, қымыздың бес түрін өндіретін толық автоматтандырылған желі жұмыс жасап, өз нәтижелерін беріп жатқан кезде орын алып отыр!»

Оның айтуынша, қауымдастық алдында тұрған басты мақсаттардың бірі – қымыз өндірісін ғылыми тұрғыдан жандандыру.

«ТарМУ ғалымдарымен бірге қазірдің өзінде, дәрі ретінде ұнтақталған қымыз әзірледік. Яғни, бір дәріні араластырған уақытта, ол жарты литр қымыздың эквивалентіне тең болып отыр. Қымызды жаппай өндіру үшін тиісті қондырғылар керек. Біз бұл жұмыстарды алдағы уақытта қолға алмақпыз», – деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер