«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қосымша құн салығы қайтарылады

2017 жылғы 11 Қаңтар
- Қарағанды облысы
10052 просмотров

Салық органы «Изоплюс Орталық Азия» компаниясының 78 миллион теңгеден астам қаржысын қайтарады

Орталықтандырылған жылу жүйесіне арналған оқшауланған құбыр желісі жүйесін өндіруші қарағандылық «Изоплюс Орталық Азия» ЖШС 2015 жылы жергілікті энергиямен жабдықтаушы компанияға өнімдер жеткізген. Серіктес отандық өндіруші әрі 2011 жылдан бері «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы саналады. Бұл дегеніміз – кәсіпорын ҚР Кедендік кодексінде көрсетілген артықшылықтарды қолдана алады деген сөз. Арнайы экономикалық аймақ аумағынан дайын өнімдерді шығару үшін, CT-KZ үлгісіндегі сертификатты декларация рәсімдеу кезінде ғана ұсыну қажет.

Уақыттың тығыздығына қарай, яғни жылу беру маусымы басталып кеткендіктен, кәсіпорын сертификатты алу мерзімін күтіп отырмастан, 28 700 074 теңге мөлшерінде кедендік баждар мен салықтарды, сондай-ақ 49 626 468 теңге мөлшерінде импортқа ҚҚС төлеп, тауарларды «ИМ40» режимінде тиеген (кедендік баж салықтары мен ҚҚС-ны толықтай төлеген).

Соған қарамастан компания «ИМ40» бойынша тиелген тауарларға СТ-KZ үлгісіндегі тауардың шығу тегі туралы сертификаттар алу дерегі бойынша Қарағанды облысы Мемлекеттік кірістер департаментіне өтініш білдірген. Өз хатында өндіруші қолайлы режимді қайта қалпына келтіруді өтінген, өйткені CT-KZ үлгісіндегі тауардың шығу тегі сертификаттары бар екен, сондай-ақ кедендік жарналар мен ҚҚС-ны есептеуді/қайтаруды сұраған. Өндірушінің мұндай құқығы ҚР Кедендік кодексінің 96-бабында қарастырылған. Алайда компанияның атынан барлығы 10 хат жолданса да, Мемлекеттік кірістер департаменті оларды жауапсыз қалдырған.

Салық органының шешімдері мен әрекеттеріне шағымданып, сотқа талап арыз жазуға тура келді. Өйткені кедендік орган кедендік декларацияны растаған күннен бастап бір жыл өткенге дейін тауарды шығарушы елдің оны растауы туралы шарты орындалған. Ал бұл тарифтік жеңілдіктерді ұсыну режимін қолдануға негіз болмақ.

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «Изоплюс» жеңіліс тапты. Компанияның соттағы өкілі Ғалымбек Керейбаевтың айтуынша,  салық органы CT-KZ үлгісіндегі тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттағы мәліметтерді сәйкестендіру мүмкін болмағандықтан, одан бас тартқан.

«Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының пікірінше, Кедендік одақ комиссиясының №437 шешіміне сәйкес, тауардың Еуразиялық экономикалық одақтың тауары ретінде танылғандығы туралы қорытынды ұсынуымыз керек екен. Алайда Арнайы экономикалық аймақта дайындалған өнімдерді Кедендік одақтың тауары ретінде тануға жеткілікті болатындай Кедендік одақ комиссиясы өндірістік және технологиялық операциялар шарттарының тізімін бекітпеген», – дейді кәсіпорынның өкілі.

Арнайы экономикалық аймақ жөніндегі келісімде тауарларды Кедендік одақтың тауарлары ретінде тануға арналған Кедендік одақ комиссиясының шешімдері күшіне енгенге дейін, Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес бекітілген өлшемдер қолданатындығы айтылған. Яғни шығу тегі CT-KZ үлгісіндегі сертификатпен расталған тауарлар Кедендік одақтың тауарлары ретінде танылады.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Игорь Кветинский талап арыз берушінің бұл дәйегін Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының тәжірибесі растайтындығын атап өтті.

«CT-KZ үлгісіндегі тауардың шығу тегі туралы сертификаттары бар тауарлар Кедендік одақтың тауарлары ретінде танылады. CT-KZ үлгісіндегі сертификаттарды қолдану керектігі ҚР Жоғарғы сотының басқа да қаулыларында расталған. Аталған іс бойынша оң шешім шығарған апелляциялық комиссияны осыған сендіре алдық.  Біз соттан Департаментті кедендік жеңілдіктерді ұсыну режимін қайта қалпына келтіруге, 28 700 074  теңге мөлшеріндегі салықтар мен кедендік баждар, сондай-ақ 49 626 468 теңге мөлшеріндегі қосымша құн салығы артық төленгенін растайтын растама беруге міндеттеуді және тауарларға берілген Декларацияларда көрсетілген мәліметтерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге міндеттеуді сұрадық», – деп түсінідіріп өтті ӨКП заңгері.

«Айтылған жайттарды ескере отырып, бірінші инстанция сотының шешімін заңды және дәйекті деп тануға болмайды, осыған байланысты «Изоплюс Орталық Азия» ЖШС-ның апелляциялық шағымындағы дәйектерді алқа назар аударарлық және қанағаттандыруға тұрарлық, ал шешімді жою қажет деп таныды», – делінген азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысында.

«Изоплюс Орталық Азия» ЖШС-ның «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі комитетінің Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне қатысты шешімдері мен әрекеттеріне шағымдану туралы талаптары қанағаттандырылды. Сот салық органын қателіктерді жойып, арызданушының бұзылған құқықтарын қайта қалпына келтіруге міндеттеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер