Бизнеске қысым көрсетуге болмайды!
Қостанайлық кәсіпкерлер ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Тарас Хитуовпен және Ирина Смирновамен өткен кездесуде осындай ой айтты
Кәсіпкерлер палатасында өткен жиында сөз алған кәсіпкерлер, бизнес жүргізуге қатысты өз пікірлерін ортаға салып, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Айта кетер жайт, депутаттар бизнестің түйткілді мәселелерімен танысу мақсатында, аталған жиынның өтуіне өздері мұрындық болған.
Қосымша құн салығын қайтару қажет!
Көп уақыттан бері күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі – қосымша құн салығын қайтару процесінің қиындығы еді. Оған дәлел ретінде, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мүшесі, «Қостанай мелькомбинат» ЖШС басшысы Александр Микетка келесідегідей мысал келтірді.
«Менде қайтарылмаған ҚҚС – 600 млн теңгені құрайды. Айтайын дегенім, әу бастан-ақ, аталған жүйені ойлап тапқандар, салықты қайтармау мақсатын көздеген сынды. Неге қайтармайды дейсіздер ғой? Себебі, олар мені емес, маған жеткізушілерді егжей-тегжейлі тексереді де, қандай да бір заңбұзушылықтар тауып қарқ болады. Ал, нәтижесінде оның зардабын мен тартамын. Тіпті, осындай келеңсіздіктердің кесірінен еріксіз ыңғайсыз жағдайда қалады екенсің. Мәселен, Федя ағай бензинді тиісті жерден сатып алмайды екен немесе акциздің бір мөлшерін төлемеген екен... Ал, кінәлі мен болып шығамын? Дәл осы тұста қандай кінәм бар? Естеріңізде болса, ол менің айналымдағы қаржым, менің бизнесім, бұрынғы ескі курспен келе жатқан долларлар ғой», – деп шағымданды Александр Микетка.
Әріптесінің пікірін қос қолдап қолдаған «ЕвразКаспианСталь» ЖШС директоры Сергей Сотников, ҚҚС жүйесі жалпы өндірушілер мүддесіне сай әзірленбеген деген пікірді алға тартты.
«Бұл заң шикізатпен жұмыс жасайтындарға арналып жасалмаған! Яғни, мұнайшылар, кеншілер үшін әзірленбеген. Әр тоқсан сайын мен 450-550 млн теңге төлеп келдім. Жарты жылдан кейін олар әрине қайтарылуы немесе тағы бір күлкілі жағдай орын алуы әбден мүмкін. Мәселен, бізге 2014 жылы 330 млн теңгені қайтарып берді, ал 2015 жылы 200 млн-ды қайта қайтарып беріңдер, біз сіздерге дұрыс аудармаппыз дейді. Сол себепті, біз қазір осы орын алған жағдайға байланысты соттасып жатырмыз. Енді өздеріңіз зерделеп көріңіздерші, бір тексеруші келіп, бәрі дұрыс деп соманы қайтарып береді екен, кейін тағы біреуі келіп «жоқ бұл дұрыс емес» дейді. Осындай бассыздыққа қатысты не айтасыздар?», – дейді Сергей Сотников.
Александр Микетка тағы бір жайтқа баса назар аударды – ол макарон өнімдерін шығару барысында, салық жеңілдіктерін қолдану мүмкіндігінің жоқтығы еді.
«Ұн шығаруға қатысты ҚҚС жеңілдігі бар. Ал, заңды қабылдау барысында, макаронның бидай өнімі екені ұмыт қалған ба сонда? Біз жыл сайын ұсыныстар айтып келеміз, бірақ бәрі сол бәз-баяғы қалпында. Былтыр, тіпті, Үкіметке де осы мәселеге қатысты сұрау тастаған едік. Ондағылар, «мәселе өзекті емес, 1 қаңтардан бастап сатылымнан түсетін салық өз күшіне енеді» деп мәселені жылы жауып қойды. Мен тым болмаса, уақытша енгізу қажет деген ұсыныс айтқан едім. Бірақ көріп отырғандарыңыздай нәтиже жоқ. 1 қаңтар да келіп жетті, ал сатылымнан түскен салық әлі жоқ. Мәселенің тоқетерін айтқанда, бізге ҚҚС-ны қайтарып беріңіздер, сонда одан да көп мөлшерде салық аласыздар», – деді Александр Микетка.
Теміржол тасымалындағы келеңсіздіктер
Кездесуге қатысушылардың басым көпшілігі бидай өңдеу және ұн экспортымен айналысатын компания жетекшілері болғандықтан, теміржол тасымалы мәселесі де қатысушылар назарынан тыс қалмады. Мысалы, «Ассалия» ЖШС директоры Дулат Шаяхметов, көп мөлшердегі тарифке қатысты наразылық білдірді.
«Егер осыдан бес жыл бұрын біз теміржол көлігі қызметіне шамамен 500 млн теңгедей төлеп келсек, қазір ол сома 1 млрд 700 млн теңгені құрап отыр. Тіпті, процедураның өзі де қиындай түсті. Бұрындары біз бірден 20 вагонды рәсімдейтінбіз, ал қазір әр вагонды рәсімдеуге тура келеді. Менде қазір фирмада бұл мәселемен бір адам емес, төрт маман айналысып келеді. Сонда, одан әрі не болмақ? Эскпорт көлемі күн санап төмендеп келеді емес пе? Мәселе осылай қала берсе, тығырыққа тірелетініміз айдан анық», – деп өз пікірін білдірді Дулат Шаяхметов.
Кездесуге қатысқан «Қазақстан темiр жолы» АҚ Қостанай жол бөлімшесі жетекшісінің бірінші орынбасары Юрий Юревич, бәсекенің орын алуына қатысты мәселенің бір ұшы, олардың жекеменшікке өтуі деп түсіндіріп, өз бөлімшесінің клиентке басымдық берілетін тұстарына тоқталып, қолға алынатын реформаларды тілге тиек етті. Алайда, кәсіпкерлердің сала басшыларына айтқан уәжінен кейін, теміржол торабындағы бизнестің дамуына, бірқатар кедергілер бар екені де анықталды.
«Біз 2016 жылдың желтоқсанында локомотив күші үшін, бір вагонға 153582 теңге төледік. Бүгінде бұл сома 156800 теңгеге жетті. Бізге, жанар-жағармай үшін, ҚТЖ тарифті көтереді деп жатыр. Ал, вагондар үшін тарифтерді көтерудің қажеті қанша, оларға жанармайдың қандай қатысы бар?», – деді «Казторгтранс» ЖШС Халилолла Гран Ака.
«Вагондар тапшылығы мәселесінің өзін әрең шешіп келеміз, – деп тағы да сөз алды «ЕвразКаспианСталь» ЖШС директоры Сергей Сотников. – Ал, қыркүйекте, кенеттен қандай да бір өңірде көмірдің жетпей жатқаны анықталып, барлық құрамдар соған жөнелтіледі. Ал, біздің жеткізу уақытымыз туралы кім ойлайды екен? Біз бір мәмілеге келе алмасақ та, әйтеуір амалын тауып, ортақ шешімге келіп жатамыз. Осылайша, тарифтерге қатысты жеңілдіктерге қол жеткіземіз. Онсыз да кәсіпорын шығындарының 5%-ы теміржол қызметін пайдалану үлесінде жатыр. Қызметкерлердің жалақысы мен энергияға жұмсалатын шығындар да арзан емес. Бізге үнемі, шығындарды қайта қараңдар деп жатады. Одан әрі оларды қалай оңтайландырмақпыз?».
Бидайға деген сұраныс төмен болса...
Шетелдік әріптестер саланы қарқынды дамытпағанда, тасымалдауға қатысты келеңсіз жағдайлар орын алмауы мүмкін еді дейді мамандар. Мәселен, қостанайлық компаниялар бидай өнімін тұрақты түрде экспорттап келе жатқан Орта Азия елдері, бүгінде, күшті диірмендерді салу ісін қолға алып, біздің өнімге деген сұраныс жыл санап төмендеп келе жатыр дейді. Бұл ретте, Дулат Шаяхметов, біртіндеп ауған нарығын «жоғалтып келе жатқандығын» жасырмады. Оған қоса тарифтердің жоғарылауы, кәсіпкерлер шығындарын еселеп көбейтуде дейді Шаяхметов.
Ал, «Қостанайлық мелькомбинат» ЖШС жетекшісі Александр Микетка, өз кезегінде, нарықты жоғалту процесі орынды деген пікірде. Десе де, саладағы шешілмеген мәселелер де шаш-етектен деді ол.
«Кез келген мемлекет азық-түлік қауіпсіздігі мәселесімен айналысатыны анық және ол орынды әрі қалыпты жағдай. Алайда, егер ұн өнеркәсібі бағытын сала ретінде сақтағымыз келсе, мәселені кешенді түрде мемлекеттік деңгейде шешу керек. Бұл мәселені, көп болып, күш біріктіре отырып шешуге тиіспіз», – деді бизнесмен.
Осылайша кәсіпкерлер түйткілді мәселелерді ортаса салса, депутаттар, өз кезегінде, оларды бақылауға алатындарын мәлімдеді.
Мәжіліс депутаттары Тарас Хитуов пен Ирина Смирнова, депутаттар атқарып жатқан заң шығару жұмыстарына тоқталып өтті. Бұл ретте, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе қолға алынған жұмыстар мен олардың нәтижелері де назардан тыс қалмады. Кездесу қорытындысында, қос тарап атқарылатын жұмыс көп әрі оны тез арада қолға алу қажет деген қорытындыға келді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: