«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қырғызстанның ауылшаруашылық тауарлары Қазақстан арқылы кедергісіз өтеді

2017 жылғы 09 Қаңтар
6962 просмотров

«Атамекен» 105 қырғыз тауар топтамасының Қазақстан арқылы Ресейге жеткізілуінің қамтамасыз етілуі жайында хабарлады.  Бірақ бұл транзиттік тасымал бағытына қатаң санитарлық бақылау орнатылады. Бұл жайында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерінің қатысуымен өткен  баспасөз мәслихатында мәлімделді.

Себебі, қазіргі уақытта, қырғыз елінің ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі Еуразиялық экономикалық одақтың аталған саладағы талаптары мен қағидаттарына сәйкес келмеуде. Тиісті жайт, 2015-2016 жылдары, Одаққа мүше мемлекеттер өкілдерінің қатысуымен өткен инспекциялық тексеру қорытындысында анықталған. Сондықтан, қазақстандық-қырғызстандық шекарадағы ветеринарлық бақылауды алып тастау, Қазақстанның ауылшаруашылық кешеніне қауіп-қатер төндіріп, бірқатар тәуекелдер тудыруда. Мәселен, құзырлы мекеменің ақпаратына жүгінсек, былтыр Қазақстан арқылы өткен карантиндегі қырғызстандық фитосанитария өнімдерінің жұқпалы түрлері жиі алаңдатып, қазақстандық тарапты етек-жеңді жиып ұстауға мәжбүр еткен. Нәтижесінде, өткен жылдың 26 желтоқсанында Ресейдің Санкт-Петербор қаласында қол жеткізілген уағдаластықтар аясында, Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік шекарасында ветеринарлық-санитарлық бақылау күшін жоймастан жұмыс істеуде.

Ал бауырлас қырғыз халқы Ресей Федерациясының ішкі нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу және тауар айналымын арттыруға ниет-құлшынысын айқын аңғартуда. Мысалға, бүгінде, 15 қырғызстандық кәсіпорын Ресей нарығына және 8 кәсіпорын Қазақстанның оңтүстік өңірлер нарығына ветеринарлық бақылауға жататын термикалық өңдеудегі сүт, дайын ет өнімдері және балық сияқты белгілі бір тауар түрлерін жеткізуге мүмкіндік еншілеген. Қазақстанның Ауылшаруашылық министрлігі, болашақтағы бірлескен инспекцияларда, ұқсас қырғызстандық жөнелтушілер тізімін кеңейтуге тырыспақ және де транзитке қырағы бақылау орнату жайлы шешім қабылданған.

«Қазіргі қойылып отырған шарттар алдын ала Жол картасында айтылған дүниелер. Фитосанитарлық-ветеринарлық бақылау тұрғысында жалғасын табудағы іс-қимылдар жемісінде Қырғызстанмен өзара шекара бөлігінде жағдай оңала түседі деп сенеміз. Қазірде өткен жылғы шілде және желтоқсан айларындағы тексерулерде белгілі болған кемшіліктердің жартысы еш түзетілмегеніне қанықтық.

Сондықтан тауар айналымын көтеру мұратында транзитті мұқият бақылауды қолға алдық. Сөзімізге дәлел, былтыр қырғыздық жақ Ресейге 121 партия сүт өнімін жіберсе, Қазақстанға ағарғаннан 939 партия жөнелтті. Қарапайым тілмен жеткізсек, тірі төрт түліктен басқасын транзиттеуді мойнымызға алып отырмыз. Бүгінгі таңда тығыз ынтымақтастық ауқымында, ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметіндегі 4 тауар белгісі бойынша, қырғыз тауар топтарын 105-ке көбейттік. Өнімді пломбаланған вагондарда тасымалдау мал ауруларын таратпауға мұрсат береді», – деп талдаған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева қарым-қатынас тауарды алып жүруді электрондық зерделеудегі ақпараттық жүйе арқылы да атқарылып, Қырғызстанның бұл жерде де ақсап отырғанын жеткізді.

Атап өтерлік жайт, қырғызстандық мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігіне, бұдан бұрын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы күдігін білдірген еді. Өйткені, аграрлық ел ретінде, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтан тыс, өзге де мемлекеттерге ауылшаруашылық тауарларын экспоттаумен айналысатындықтан, сырттан мал сырқаттары енсе, осы уақытқа дейін бағынған белес-көрсеткіштер күрт төмендеп, бірден 9 облыс арнайы екпесіз аусылдан аман мәртебесінен айырылмақ. Бұл дегеніңіз, еліміз болашақта қалған 5 облысты да осындай дәрежемен қамтуға көздеп отырғанын ескерсек, халықаралық нарықтағы мінсіз беделге нұқсан келмек.

«Жалпы Санкт-Петербор қаласындағы шешімге дейін арада ұзақ келіссөздер жүрді. Кәсіпкерлер қауымдастығы ықпалдастық үрдістеріне белсенді атсалысуда. Ветеринарлық бақылауға «Атамекен» айрықша көңіл бөліп, басым бағыттарды сараладық. Бұл тұста шекарадағы қалыптасқан рәсімдерді алып тастауға асықсақ, салдары ұлт денсаулығы тәрізді маңызды мәселелерде орасан зиян шектірер еді. Сондықтан тараптар толығымен міндеттелген шараларды бұлжытпай орындағаны абзал», - деп нұсқады «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Дана Жүнісова.

Ахуалды байыптай келе, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы, 2016 жылдың 31 желтоқсанында бірлескен бұйрық жариялауды жөн көрген. Құжатқа сай, карантинге іліккен қырғыз өнімдері, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, тек темір жол көлігін кәдеге жаратқан райда Қырғызстаннан Қазақстанға кіргенде Луговая станциясы, елімізден Ресейге шыққанда Илецк бекеті арқылы тасымалданатыны ұйғарылған. Алдағы сәтте қосымша бағдарлар да іске қосылуы ықтимал.

«10 қаңтардан бастап, қырғыз әріптестерімізге жағымды жаңалық, тамызға болжанған мерзімнен ертерек, баршамызға ортақ бірыңғай тарифті пайдаланбақпыз. Бұның арқасында тасымал құны 3 есеге жуық арзандайды. Бұл тасымал көрігін қыздыруға үлкен серпін сыйлайды деп санаймыз. Бір жылға есептелген 42 миллиард теңгелік қаржылық шығынды тасымал қарқынының өсімі жабатынына үміттенеміз», - деп хабардар етті «ҚТЖ-Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының президенті Оралхан Құлақов.

Қырғызстаннан Қазақстан аумағы бойынша Ресей Федерациясына транзит мәселесін анығырақ нақтылау мақсатында, бүгінгі таңда қажетті тәртіп құжаты келісілуде екен. Ол бекітілген соң, қосымша түсіндірмелер берілмек. Осы орайда, «Атамекен» ҰКП, отандық кәсіп иелерінен Қырғыз Республикасымен сауда-саттық кезінде өздерінің жоспарларына жоғарыда келтірілген бұйрықты арқау етуді сұрайды.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер