«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың жаңа ережелері талқыланды

2017 жылғы 07 Қаңтар
15067 просмотров

Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген мемлекеттік қолдау шараларына шаруалар неге алаңдаулы?

Иван Сауэрдің төрағалығымен өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) комитеті отырысында, егін және мал шаруашылығына субсидия берудің жаңа ережелері талқыланды. Басқосуға ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов, министрліктің салалық департаменттерінің директорлары, өзге ведомство өкілдері, АӨК комитетінің салалық қауымдастықтары мен отандық ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер қатысты.

Департамент директорларының жаңа ережелерге қатысты негізгі ұсыныстары мен өзгертулерін тыңдаған ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, Ұлттық палата жаңа ережелерді өңірлерде қауымдастықтармен бірге талқылағанын атап өтіп, ҚР ҰКП-ға келіп түскен негізгі  өзекті мәселелерге тоқталды.

«Кәсіпкерлерді алаңдатып отырған бірінші мәселе, ол жергілікті атқарушы органдардың қолындағы артық құзыреттер болып отыр. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, өңірлерде аталған мәселе тығырыққа тірелгендігін аңғаруға болады. Мысалы, әкімдіктер неге екені белгісіз, өңірлердің ерекшеліктерін ескермей, субсидияларды мақсатсыз, ретсіз бөледі екен. Бұл ретте, мұның бәрі республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатын көрінеді. Осы арқылы, ондағылар азғантай субсидияның көлемін одан сайын азайтпай ма? Сол себепті, біз барлық қаражат тағы да тиімсіз жұмсала ма деген ойда қалып отырмыз», – деп өз пікірін ортаға салды Нұржан Әлтаев.

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары, сонымен бірге, субсидия алушылар саны артқанымен, көмекке бөлінетін қаржы көлемінің ұлғаймағандығын жеткізді. «Бізде бұған дейін де субсидия бәріне бірдей жете бермейтін. Енді оны алушылар қатарын көбейткен кезде, бұл процестің бәрі тек ресми, қағаз жүзінде ғана қалып қоймай ма? Яғни, іс жүзінде аталған субсидияларды алу қажет еді, алайда қаражат жоқтың қасы. Сол себепті, аталған субсидияларды кім ала алатынын нақты біліп алған дұрыс», – деді ол.

Нұржан Әлтаев, сонымен қатар, тағы бір мәселеге баса назар аударды. «Біз бағдарламаны (АӨК дамыту бағдарламасы – авт.) тез арада қабылдау қажет екендігін түсінеміз, себебі, жыл аяқталып қалғандықтан, фермерлер субсидияға қол жеткізе алмай қалатын еді. Ол біздің қатысуымызбен қабылданды және оған қатысты сұрақтарымыз жоқ. Алайда, жаңа ережелерге қатысты асығыс шешім қабылдамағанымыз жөн. Себебі, тыңғылықты талқылауды қажет ететін техникалық мәселелер өте көп», – деп Басқарма Төрағасының орынбасары.

АӨК комитетінің төрағасы Иван Сауэр, өз кезегінде, бағдарламаны әзірлеушілердің назарын жаңа ережелердің шамадан тыс бюрократияланып кеткендігіне аударды.  «Бүгінде тауар өндірушілерден, АӨК комитеті төрағасы ретінде, маған көптеген шағымдар келіп түсуде. Енді, субсидияға қол жеткізу үшін, Ет одағы аталған тізімдерге қол қоюы керек екен. Ет одағының қанша мүшесі бар? Ал субсидиялауға мыңдаған адам қатысатыны белгілі? Бұл жұмыстарды өңірлерді кім атқаратын болады? Бұл қандай сөзбұйдаға салу? Әкімшілік кедергілерді азайтудың орнына, біз оларды көбейтіп отырмыз ғой. Біз мұндай жаңашылдықтарға қарсымыз!», – деп кесіп айтты ол.

Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов, аталған ескертпелер мен пікірлерге түсіністікпен қарап, ол ережелердің әлі талай мәрте өзгертілетінін айтты. «Бюрократияға жиі жол беріліп жатқандығы туралы пікірге қосыламыз. Бұл ережелердің драфт нұсқасы ғана, біз Сіздер ұсынған ескертулерді ескере отырып, көптеген бағыттарды реттейтін боламыз. Біз де әкімдіктерге көп өкілет берілгендігін көріп отырмыз және көп жағдайда барлығы біз жоспарлағандай болмай жатады. Десе де, біз сүйенуге тура келетін, белгілі бір өкілеттіктердегі шектеулерді де ұмытпаған абзал», – деді ол.

«ҚазАзот» ЖШС өкілі отандық тыңайтқыштар шығарушылардың атынан, субсидия бөлуде қазақстандық кәсіпорындарға басымдық бермеу неге алып келетіні туралы пікірін ортаға салды.

«Біз мұндай бастама жалпы кәсіпорындардың тұрақтылығы мен олардың одан әрі дамуына кері әсерін тигізеді деген ойдамыз. Себебі, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерді субсидиялау бағдарламасы – ол шаруалармен бірге, отандық өндіріске де серпін беретін мемлекеттік қолдаудың  кумулятивті  шаралары болып табылады. Кейінгі жылдардың статискасына көз жүгіртсек, агрохимия саласындағы қарқынды дамуды аңғаруға болады. Орта және шағын бизнесте тыңайтқыштар шығаратын көптеген кәсіпорындар ашыла бастады. Демек бұл бағдарлама аталған саланы дамытуға серпін берді. Бізге субсидия беріңіздер, ал біз, өз кезегімізде, келісілген баға бойынша, уақтылы, сапалы тыңайтқыштарды жеткізуге уәде береміз», – деді ол.

Вице-министр, өз кезегінде, мәселенің екінші бір ұшын алға тартты. «Сіздерге ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілікке баса мән берген жөн, себебі, өндірушілер бағаның жыл санап артып жатқанына риза емес. Шаруалар бағаларды реттеуге қатысты өтініш білдіріп отыр. Яғни, бәсекелесе отырып жұмыс істеңіздер. Біз, Ауыл шаруашылығы министрлігі, бірінші кезекте, отандық шаруаларға қолдау көрсетуге тиіспіз», – деді Қайрат Айтуғанов.

Отырыс барысында ауыл шаруашылығының түрлі салаларындағы кәсіпкерлер, ереже жобасына қатысты бірқатар ұсыныстар мен ескертулерді ортаға салды. Олардың барлығын мемлекеттік органдар мен мүдделі органдардың өкілдері тыңдады. Шаруалар көптеген түйткілді мәселелерге тұшымды жауап ала алды. Кездесу қорытындысы бойынша, салалық қауымдастықтардың барлық пікірлерін «Атамекен» ҰКП-да шоғырландырып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жөнелту туралы шешім қабылданды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер