«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Министрліктің заңсыз әрекеті анықталды

2017 жылғы 06 Қаңтар
6058 просмотров

Инвестиция және даму министрлігі кәсіпкер сұратқан құжатты беруден бас тартқан

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өтінішін қарастыру нәтижесінде, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті, аталған министрлік тарапына бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заң баптарын бұзғаны үшін ескерту жасап, олқылықты жою қажеттігін нұсқады.

Мәселенің мәнісіне үңілер болсақ, 2016 жылы, Инвестиция және даму министрлігі кәсіпкерлік субъектісіне өзінде қабылданған бірқатар құжаттар мәтінін беруден бас тартқан. Оның себебі ретінде, мемлекеттік мекеме өкілдері, сұралған актілердің жеке қолданыс мақсатында екенін және ИДМ қызмет аясында әрі дербес құзыры шегінде кәдеге жаратуға арналғанын алға тосқан. Сонымен қатар ҚР «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заңымен реттелетін қарым-қатынас нысаны емес екенін келтірген.

Ал Бас прокуратураның қисынды дәлел-дәйегі бұл желеумен жанаспайды. Өйткені, қадағалаушы орган қызметкерлерінің айтуынша, ақпарат иесі осы мағлұматты пайдаланушыға кез-келген деректі табыстауға міндетті. Әлбетте пайдалану шеңбері шектеулі ақпаратты қоспағанда.

«Атамекен» ҰКП сарапшыларының байыптауынша, шектеулі ақпаратқа мемлекеттік құпия, жеке-отбасылық, дәрігерлік, банк, коммерциялық және басқа да заңмен қорғалатын құпиялар, сондай-ақ, «Қызметтік пайдалануға» жазбасы бар мәліметтер жатады.

«Заңның 11-ші бабының 16-тармағында ақпарат берілмейтін негіздемелер тізімі егжей-тегжейлі көрсетілген. Сұралған актілер жеке қолданыста делінгенімен, өзге кәсіпкерлік субъектісіне ұсынылған, яғни қолжетімділігі шектеулі ақпараттан тұрмайды», - деп түсіндіреді ҰКП сарапшылары.

Бірақ ИДМ өкілдері ҰКП хатына жауабында, аталған актілер өзге кәсіпкерге коммерциялық емес ынтымақтастық жайлы жасалған шарт бойынша берілгенін жеткізіп, тағы да құжатты беруден бас тартқан.

«Атамекен» сарапшылары құжатты азаматтық-құқықтық шарт негізінде бір бизнесменге беріп, екіншісінің құқығын кемсіту, ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сай бәсекелестікке қарсы әрекет деп бағалады.

Осы ұстанымды арқау еткен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тексеру жүргізуді сұрап, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне жүгінген.

Нәтижесінде, 2016 жылдың 29 желтоқсаны, монополияға қарсы комитет тексеріс қорытындысында министрліктің Кодекстегі 194-баптың 2-тармағы 9-шы тармақшасын бұзғанын анықтайды. Бұл дегеніңіз, мемлекеттік мекеменің жекелеген нарық субъектілеріне жеңілдіктер немесе басқа да артықшылықтар қамтамасыз ететін, бәсекелестерін қолайсыз жағдайға ұшырататын келеңсіз іс-қимылы болып отыр.

Түйінінде, Инвестиция және даму министрлігі, бәсекелестікті қорғау бағытындағы заңбұзушылықты жоюы тиіс. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер