«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Темір жолдағы жүк тасымалына тариф қаншалықты өседі?

2016 жылғы 28 Желтоқсан
10724 просмотров

Еліміздегі басты темір жол операторы «ҚТЖ» ҰК» АҚ өз қызметінің бағасын 10 пайызға өсіруді құп көрсе, бизнес-қауымдастық тарифтің ең жоғарғы шегі 7%-ға дейін ғана көтерілуін жөн санайды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында жүк тасымалы қызметтері бойынша тарифті жоғарылату жобасын талқылауға арналған жиын өтті.

Шараға ҰКП мен бизнес-қауымдастық өкілдерінен бөлек, «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің басшылары қатысты.

Өзекті мәселеге байланысты ұйымдастырылған кеңесті ашқан «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева баршаны алаңдатқан локомотив тартымының құнын қымбаттату түйткілінде негізінен төрт бағыттағы жүк жөнелтушілердің талап-тілегіне айрықша назар аудару керектігін атап өтті. Бұл көмір мен астық, темір сынықтары және құрылыс заттарының өзіндік құнындағы алыс-беріс үлесі болып отыр.

«Қазақстан темір жолының қарыздарын өтеу мүмкіндігі, инвестициялық мүмкіндіктері, дизель отыны сынды жайттарға көңіл бөлген райда, бизнес-ортамен арадағы өзара ұтымды шешім қабылдағанымыз абзал. Бұған дейін өткен алдын ала талқылауларда айтылған ұсыныс-пікірлерді, барлығын ортақ арнаға тоғыстырып, Үкіметке бірыңғай шоғырланған көзқарасымызды танытуымыз қажет», - деді Юлия Якупбаева.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Президенті Қанат Алпысбаев Ұлттық алаңға осындай сұхбат алаңы үшін алғысын жеткізіп, мұндай кездесулердің түсініспеушіліктерді жойып, болашақ жоспарды айқындауға септігін тигізетінін нығарлады. Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтың біртұтас көлік кеңістігінде қазіргі қалыптасқан жағдайда, ықтимал өзгерістерге аса мұқият дайын болған ләзім.

«Тариф мәселесін қозғауға, тікесіне көшсек, бос вагон паркінің қысқаруы әсер етуде. Мысалға ресейлік 100 мыңнан астам вагон қолданыстан шығарылып үлгерді. Ал ҚТЖ дәстүрлі түрде жалпы жүк тиелімінің 40 пайызын қамтамасыз етіп келетінін ескерсек, бүгінгі таңда жылжымалы құрам жағында белгілі бір кілтипандар туындауда. Жиынға қатысушылар да ахуалдың күрделігін сезініп үлгерді деп ойлаймын. Сонымен қатар ашық вагондарға баға мөлшерлемесі көбеймесе, азаймауда. Мәселен Ресейдегі әріптестерімізде вагонға мөлшерлеме тәулігіне 1300 рубльді құраса, біздегі жекеменшік тасымалдаушылар шынтуайтында 5500-6000 теңге баға белгілеуде. Алдағы жылы нарық қажетті вагон құрамдарымен толықтай қамтамасыз етіледі деу қиын нәрсе. Өйткені көрші елде ауыр жөндеу түрлері арқылы темір жол техникасының қызмет ету мерзімін ұзарту күнтәртібінде тұрған жоқ және де оған заңмен тыйым салынған. Сондықтан келесі жылғы тапшылық кезінде қалай жұмыс істеу тиістігі тереңінен таразылауға сұрануда», - деп мән-жайға қанықтырды Ұлттық компания жетекшісі.

Қанат Алпысбаев магистральдық желі қызметінде ұзақ мерзімді межеде тарифті жылына орташа алғанда 4%-ға өсіру көзделсе, локомотив тартымында инфляциялық дәліздің назарда ұсталатынына сендірді. Сондай-ақ вагон паркі жетіспеушілігі ауыртпалығын жеңілдетуде көптеген ірі өндіріс иелерімен, яғни белді жүк жөнелтушілермен келіссөздер басталған.

«Әрине ішкі әрі экспорттық қатынаста вагон құрамдасы бөлігін есептеуде саналуан ынтымақтастық тетіктерін қарастыруға әзірміз, дегенмен өзімізге шығын әкелетін, қарызға батыратын жағдайда жұмыс істемейтініміз анық. Қосымша табыс көзін таппайынша, іс жүзінде вагондар қарасы да қалыңдамайтыны даусыз. Тариф тұрғысында сол баяғы Ресей Федерациясымен салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей, оларда екі есе жоғары. Дизель отынын, жанар-жағармайды, мемлекет реттеуден бас тартқандықтан, нарықтың көтеріңкі бағасымен сатып алудамыз», - деп шағымданды «ҚТЖ» ҰК» АҚ Президенті.

Қанат Алпысбаев ағымдағы жылдың 23 желтоқсанында электрондық алаңда өткен қызу сауда кезінде Екібастұз станциясынан Ресейге экспорттық бағытқа көмір тасымалы үшін қойылған «Қазтеміртранс» компаниясының 130 вагоны арқылы «Богатырь-транс» АҚ жеңімпаз болып танылып, бір вагонның тәуліктік бағасы 6360 теңгеге жеткенін мәлімдеді. Сәйкесінше, Қазақстан темір жолы, келесі жылы қолданыстағы меншікті жылжымалы құрам айналымына қосымша қазақстандық өндірістегі бірнеше мың ашық вагонды жұмылдыруды мақсат тұтуда. Өз кезегінде, бұл қадамды еңсеру үшін, қыруар қаржы іздестірілуде.

Тау-кен және металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец барша жүк жөнелтушілерді вагон жетіспеушілігі мәселесін егжей-тегжейлі сараптауға, жағдайды қырағы бақылауда ұстауға шақырды.

«Бизнес иелері ҚТЖ қанша жүк көлемін тасымалдауға қауқарлы екенін ертерек анықтап, әрі қарай өздері меншікті вагондарын кәдеге жаратуда белсенді іс-әрекетке кіріскендері жөн. Бәлкім алдағы бес жылдағы жоспарға түзетулерге енгізіп, салық жеңілдіктерін жасау қажет шығар. ҚТЖ локомотив тартымына тарифті 10% көтерген дұрыс деп санаса, біз инфляция деңгейінен жоғары шарықтап кетпейтіндей, 7% шекте тоқтаған жөн деген пікірдеміз. Екіншіден ірі кәсіпорындармен жария меморандумдарға қол қойылып, темір жол тарапы жүк жіберушілермен ымыраға келсе жағдай орнығады. Жеке паркті пайдалану коэфициентін де жақсартайық. ҰКП осы тұста қос жақтың тиімді қимылын үйлестіруші рөлді мойнына алса. Мүмкін уақытша науқанға ұмтылып, артық вагондар алып қойылса ше? Келесі мәжілісте жаңа нарықтағы ойын ережесін құрсақ деген өтініш бар», - деді қауымдастық басшысы.

Қанат Алпысбаев қарамағындағы Ұлттық компания жауапкершілікті тең көтеруге келіскенімен, кейбір жекеменшік экспедиторлық фирмалардың адалдығына күмән келтіріп, алаяқтық көріністерден жалпы абыройға нұқсан келетініне қынжылды.

Қазақстан май одағының президенті Тұрлан Қойшыбаев тарифті көтеру талпынысына қарсылық білдіріп, ең бірінші кезекте халықтың сатып алу қабілетін ескеру керектігін еске салды.

«Май өнімдерін бұқара халық жаппай қолданатынын келтірер болсақ, темір жол тасымалына жұмсалатын қаражат азық-түліктің түпкі бағасына салқынын тигізіп, еріксіз түрде қымбаттатуға соғады. Сондықтан аса нәзік мәселеге абай болып, ҚТЖ-дағы басы артық шығындарды қысқартқан жөн шығар? Бұған дейінгі несиесін өзі төлесін. Әйтпесе тұтынушы наразылығына ұшырағымыз келмейді», - деді одақ басшысы.

Химия өнеркәсібінде аммиак селитрасын шығарумен шұғылданатын «Қазазот» ЖШС өкілі келесі жылдың қаңтар айынан бастап өнімдерін ауылшаруашылық тыңайтқышы ретінде темір жолмен жеткізу қолға алынатындықтан, көтеріліп отырған мәселенің маңызы зор екенін айтып, оң шешімге үміт білдірді. Оның «Тарифті көтеруге жолаушы тасымалының не қатысы бар?» деген сұрағына, жолаушы тасымалы әлеуметтік мәніне қарай мемлекет үнемі субсидиялап келе жатқанымен, шығынның бір бөлігі жүк тасымалы есебінен жабылатыны айтылды. 

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының орынбасары Әлия Жұмабаева кез-келген тарифті көтеру бастамасы айқын айғақ-дәлелдермен дәйектелу керектігін келтіріп, алайда бүгінде іс жүзінде қолданылудағы тариф бағамында белгіленген 99 теңге отын бағасы 25%-ға жуық өскенін атап айтты.

«Локомотив құрамында негізгі шығындарға тиіспегеннің өзінде, дизельдік отынның қымбаттауы қазынаны жұқартуда. Бұл несие қарызын жабуды қоспағанда. Сондықтан, расында ҚТЖ ұсынған құжаттар бойынша, тарифті жоғарылатуға мұқтаждық байқалады. Ал несие берешегінде қаржы тікелей тасымалға қызмет көрсету ауқымында, жаңа локомотивтер мен вагондар алуға жұмсалған», - деді комитет өкілі.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер