«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Туристік индустрияда маман тапшы

2016 жылғы 27 Желтоқсан
- Жетісу облысы
7611 просмотров

Облыста туризм саласындағы мамандарға сұраныс артып келеді

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Жұмыс орындарын іздеуге арналған бірегей алаң мемлекеттік және жергілікті басқару, менеджмент және маркетинг саласындағы жоғары оқу орындарының 50-ден астам түлегі мен студенттерін жинады. Жәрмеңкеге жұмыс беруші ретінде Кәсіпкерлер палатасының, бизнес-құрылымдардың, қаржы институттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Жарты жыл ішінде Палатаның қатысуымен облыс бойынша 20-дан астам бос орындар жәрмеңкесі өткен. Мұнда үміткерлер түйіндемелерін қалдырып қана кетпейді, жұмыс берушілермен танысып, әңгімелеседі. Жәрмеңке еңбек нарығын білуге, өз қателіктерін көріп, артық тұстарын анықтауға жақсы мүмкіндік береді, дейді ұйымдастырушылар.

Бүгінде жұмыс берушілер туризм мамандарына деген сұраныстың ерекше екенін атап өтуде. Өңірдің туристік әлеуетін ескерсек, жыл өткен сайын мамандарға деген сұраныс артуда. Осы саланы дамыту үшін және мамандарды сапалы түрде дайындау үшін бизнес өкілдерін тарту қажет. Сондықтан Кәсіпкерлер палатасында бұл мамандықты дуальды білім берудің жол картасына қосу бойынша жұмыстар басталып кетті. Енді кәсіпкерлер туризм саласына мамандар даярлау жұмысына қатысады.

«Бүкіл әлемде туристік бизнеске мамандар даярлауға айтарлықтай көңіл бөлініп жатыр. Болашақ маманға теориялық білім ғана емес, тәжірибелік машықтар да маңызды. Студенттер бұрын да салалық компанияларда тәжірибеден өтетін, алайда бұл ықпалдастық әрдайым тиімді болған жоқ. Дуальды білім берудің арқасында студент уақытының көп бөлігін болашақ жұмыс берушінің қасында өткізеді», – дейді Кәсіпкерлер палатасы Адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева.

Жуырда Талғар ауданында Жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып, 20 кәсіпорын мен 85 жұмыссыз қатысқан бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылған еді. Жәрмеңке қорытындысы бойынша 18 бос жұмыс орны ұсынылып, 12 адам жұмысқа орналастырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер