«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Арман Тосқанбаев: «Бизнес – уақытты инвестициялау арқылы табыс табу»

2016 жылғы 27 Желтоқсан
5381 просмотров

Мемлекет басшысының қолына отандық сағат сыйлап, талай жанды таңдандырған жас кәсіпкер Арман Тосқанбаев ауыл шаруашылығын дамытуға, әсіресе мал азығын дайындау тәсіліне жаңашылдық енгізіп, талай шаруаның жұмысын жеңілдетуге үлес қосып келеді. Мал азығын жыл бойы қамтамасыз етуге ұсынылған әдіс қандай? Ішкі нарықта сұраныс бар ма? Бұл туралы кәсіпкердің өзінен сұрастырдық...

Арман, міне, осы жылдың ең басты оқиғасы Елбасына отандық сағатты сыйлау шығар, сұхбатты сол сәтке шегініспен бастасақ...

– Әрине, ең бір есте қалатын қуанышты оқиға. Жастар форумына шақырту алғаннан дайындалдым. Тіпті көпшіліктің алдында сөйлейтін сөзімді шатасып қалмас үшін жаттап та алдым, бірақ дәл сол кездегідей толғаныс болады деп күтпедім. Нұрсұлтан Әбішұлына сағатты тебіреніспен тапсырдым, алайда сол мезетте қолына тағады деген ой келмеді. «Тағайын ба?» дегенде аузыма басқа сөз түспей, «Давайте» дегенді айтыппын (күліп). Мемлекет басшысының қолына өзіміздің OTAN сағат компаниясының «Қазақстан» маркалы өнімі тағылғанына қуаныштымын.

Сағат – өз алдына бір бренд. Бизнесіңіздің келесі бағыты мал азығын дайындауда гидропондық әдісті пайдалану, сол идеяның жүзеге асырылуы қандай деңгейде? Мемлекет тарапынан көмек берілді ме?

– Гидропондық әдісті қолдана отырып өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада, яғни қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіруге болады. Ресейдің Томск қаласында оқып жүргенімде гидропондық әдіспен шөп өсіру идеясы келіп, еліміздің ауылшаруашылығы министрлігіне хат жолдадым. Осы ұсынысымды жетілдіру керектігі туралы берілген жауап ынталандырды. Қарағандыға қайтып келіп, әкеммен бірге осы әдісті іске асырдық. Дайын жүйені шетелден сатып алып келгеніміз жоқ. 2014 жылы «Бизнестің жол картасы» бойынша 3 млн теңгеге грант ұтып, қажетті құрал-жабық сатып алдық. Гидропондық әдіс арқылы шөп өсіруді зерттеп, дәнекерлеуші құрал мен қажетті жабдықты қолдан жасап шығаруға тура келді. Қазір осы әдістің 2 позициясы бойынша патент алу жұмысы жасалып жатыр.

Қондырғыны орнату қиын емес пе? Өніміңізге елде сұраныс көп пе?

– Девальвация кезінде Голландиядан, Кореядан алып келетін жабдықтардың бағасы қымбаттап кетті. Бірақ, қымбат қондырғыны орнатуға шағын шаруа қожалықтарының мүмкіндігі жетпейді. Сондықтан бағаны көтергеніміз жоқ. Қызмет көрсетуде барлық нұсқаулық түсіндіріліп, қажетті жарық пен судың, шикізаттың мөлшері қаншалықты болу керектігі айтылады. Бұл әдісті қолдану өте оңай, қарапайым әрі  өнім түсімі мол. Бүгінде біз ұсынған қондырғының пайдасын 40-тан астам шаруа қожалығы көріп отыр. ТМД бойынша осы әдісті орнататын компаниялар арасында 3-орындамыз. Бізде 135 мың теңгеден басталады. Сондықтан біз арзан сегментті компаниямыз. Ресейде мұндай технологияны 2-3 есе қымбат бағада ұсынады. Шетелден тасымай-ақ, өз елімізден де алуға болатынын әрдайым айтып келеміз. Әлеуметтік желілерде арнайы ашылған парақшалардан, http://www.newgreentech.kz сайтында бұл әдіс туралы ақпарат берілген, байланыс нөмірлері көрсетілген, көмектесуге дайынбыз.

Дәл осы әдіспен жем өсірудің тиімділігіне тоқталсаңыз...

– Гидропондық әдіс арқылы көп сатылы сөрелерде жыл бойы жемдік шөп өсіруге мүмкіндік бар. Шөптің құрамында дәрумендер, құнарлы заттар сақталады. Бір аптаның ішінде 33 килограмм дәннен  165 килограмм көлемінде ұзындығы 25-30 см көк шөп өсіп шығады. Сиыр сүтін қыстың күні 15 пайызға көбейтеді. Себебі, көк шөпті арпа, бидай, сұлы, қарабидай дәндерінен өсіреміз. Егер жүгері дәнін қосса, құнарлылығы жоғары сүрлем шөбі шығады. Нарықта 1 килограм құрама жемнің орта бағасы 53 теңге болса, гидропоника бойынша өсірілген көк шөптің бір килограмы 8-10 теңге. Жақсы өнім алу үшін күн сәулесі түсетін немесе жарық орнатылған жылыжайда, жертөледе ауа ылғалдылығы 60% жоғары, ал ауа температурасы +18-25 градус болу керек. Қажетті жарық пен судың мөлшері де аз жұмсалады. Себебі жайылымда бағу үшін 1 мал басына 1-1,5 гектар жер керек болса, бұл әдіспен жемдеу үшін 1 мал басына 1 шаршы метр ғана қажет, әрі құнарлы көк шөп сөрелерде өсіріледі. Осылайша жауын-шашын аз түсіп, қуаңшылықтың кесірінен жем-шөпсіз қалып, мал басын көбейте алмай отыратын шаруалардың мәселесі жертөледе-ақ шешіледі. Бұл – мал бордақылауға  өте тиімді.

Гидропондық жүйемен тек жем-шөп өсіріп қоймай, сондай-ақ гүл, көкөніс және бұршақты дақылдарды өсіруге болады. Осы саланы да қолға алу туралы ой тумады ма?

Әрине, жаңашылдыққа, дамуға құштармыз. Осыған орай біздің жақсы жаңалығымыз бар. Серіктесім Диас Тастанбековпен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің технопаркінде орналасқан жылыжай жұмысын бастадық. Онда тағамға қосатын хош иісті шөптің түр-түрін өсіруді жоспарлап отырмыз. Жері шөлейт Израильде өсірілген рукола деген шөп біздің елімізде 1 килограмы 3500 теңгеге сатылады екен. Одан бөлек, салат, тимьян, жалбыз сынды тағамдық шөптер де шет елден жеткізіледі. Тіпті көрші Өзбекстанда өсірілген осындай шөптер біздің нарыққа әкелінеді. Демек аталған тауарларға сұраныс жоғары. Әрине, израильдік нұсқамен салыстырғанда өзбек тауарының сапасы төмендеу, есесіне арзан. Тиісінше ішкі нарықты қамтамасыз етіп, импортты азайту үшін гидропоника, аэропоника, тамшылатып суару әдістерін қолдануды дамыту керек. Отандық кәсіпті дамытуда «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген қағиданы ұстанған жөн.

Жаңашылдыққа ұмтылған жас кәсіпкер ретінде жеке бизнес ашудың артықшылығы туралы айтсаңыз...

– Өзіңе жұмыс істеу мен біреуге жалданып істеудің айырмашылығы жоқ. Ең бастысы – уақыт. Бір ай бойы жұмыс істеп, бекітілген еңбекақыны алу – өз уақытын сондай сомаға сату. Мысалы, біреу күзетші болып өз уақытын арзанға сатады, ал екіншісі басқа саланы таңдап, көбірек табыс табады. Бизнес –  уақытты инвестициялап, көбірек табыс табу. Нарықтық экономикада уақыттың құнын білу керек. Уақыт жұмсалады, одан түсетін пайда қандай? Әркім өз таңдауын жасайды.

Ал кәсіпкерлікке баулу туралы ойыңыз қандай?

«Кәсіпкер болу керек» деп айта бергеннен кәсіпкер шықпайды. Адам жастайынан қай салаға икемді болса, соны дамыту керек деп ойлаймын. Уақыт өте келе бір саланы таңдауға тура келеді. Экономика саласына маманданғанның бәрі бизнеспен айналысады деген қате пікір. Өзінің ісін ашып жүрген филологтар, журналистер бар. Тек идея мен қабілет болса, орындалмайтын іс жоқ. Сондай-ақ, кәсіпкер бір саланы өмір бойы алып жүрмеуі де мүмкін. Нарыққа қарай бейімделіп, жаңа жобаларға көңіл бөліп, кейінгі технологияны да пайдаланған абзал.

Сұхбатыңызға рахмет. Қолға алған әлеуметтік маңызы зор жобаларыңыз сәтті болсын!

Сұхбаттасқан Қарлыға Телман 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер