Сервистік қызмет базарда да көрсетілетін болады
Кәсіпкерлер палатасы жыл басынан бері сервистік қолдау бойынша 28 мыңнан астам ақыл-кеңес берген
Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының сервистік қолдау көрсету жөніндегі жылдық қорытындысын жариялау брифингінде бұл Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда ең жоғарғы көрсеткіш екені келтірілді.
ӨКП директорының орынбасары Тимур Нақыпбековтің айтуынша, жыл өткен сайын Кәсіпкерлер палатасының қызметіне мұқтаж адамдардың саны көбейіп келе жатыр. Биыл 9 мыңнан астам кәсіпкерге қызмет көрсетілді, былтыр бұл көрсеткіш 7 мыңнан асқан еді. Бұл Палатаға деген сенімнің артқандығын ғана емес, қызмет көрсету сапасының да өскендігін білдіреді. Палата қызмет көрсетуші мамандарды үнемі оқытып, біліктілігін көтеріп отырады.
«Оқытуды мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргіземіз. Мысалы, егер мәселе құқық саласына не жер қатынасына қатысты болса, онда біздер сәулет және мемлекеттік сәулет-құрылыс саласын бақылайтын мамандарды шақыртамыз, және тағы басқа, – дейді Т.Нақыпбеков. – Келесі жылдан бастап ОҚО Кәсіпкерлер палатасы көрсетілетін қызмет түрлерін көбейтуді көздеп отыр».
Баспасөз мәслихатында хабарланғандай, келесі жылы қызмет көрсету саласы көбейіп, олардың қатарына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша кеңес беру енеді, себебі көптеген кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау қалай жүргізілетінін әлі де түсінбей жүр. Бүгінгі таңда консультанттар Кәсіпкерлер палатасында осы сала бойынша білімін жетілдіріп жатыр.
«Қолдау тетіктерінің көбеюі кәсіпкерлердің сұранысына да қатысты. Палата жұмыс істей бастаған алғашқы жылы тек 7 түрлі қызмет көрсетілетін, келер жылы оларға «Бизнес-мектеп», «Аға сеньорлар», «Іскерлік байланыс» бағдарламалары бойынша кеңес беру қосылды, енді міне «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік» бойынша да кеңес берілмек. Яғни, сұранысты кәсіпкерлердің өзі тудырып отыр», – дейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының Қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Данияр Дәрмен.
Қызмет көрсету шағын бизнес үшін аса маңызды, себебі оның мақсаты – үйрету, бағыттау, кеңес беру, мемлекеттік қолдау мен қызмет көрсетудің жолдарын жеңілдету.
«Біз «Айна базар» және «Самал» базарларымен келісімге қол қойдық, солардың аумағынан кеңес беретін бөлмелер ашамыз. Онда заңгерлер, бухгалтерлер, салық мамандары, кеден мамандары отырады. Сауда орындары – есеп беру, салық төлеуден көп қиналатын кәсіпкерлер ортасы. Сондықтан олар қажет мәселелер бойынша тегін кеңес алатын болады. Базар иелері бізді қолдады, олар да кәсіпкерлердің жұмысы жүріп, бизнесі кеңейгенін қалайды» – дейді Т.Нақыпбеков.
Бұл пилоттық жоба Қазақстан бойынша бірінші рет іске асып жатыр. Егер пайдалы екендігін көрсетсе, онда келесі жолы мемлекеттік органдардың қызметкерлері де осы бөлмеде қызмет көрсететін болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: