«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ескі ережені қолдану қисынсыз

2016 жылғы 26 Желтоқсан
- Жетісу облысы
6174 просмотров

Кәсіпкерлер тоғыз жыл бұрынғы су құбырын қабылдау ережелерімен келіспейді

Неліктен «Жетісу-су құбыры» компаниясы ағын суларды қабылдау ережелерін 2007 жылдан бері өзгертпей келеді? Бұл талаптар кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне қалай әсер етіп отыр? Осы және өзге де мәселелер Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысының басты тақырыбына айналды. Мемлекеттік кәсіпорын қызметінің заңдылығын талқылауға себеп болған кәсіпкер, қалалық мейрамханалар желісінің иесі Рустам Хакимовтың арызы еді. Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Рақым Жанысов түсіндіріп өткендей, қазіргі таңда су құбыры өз қызметін «Өндірістік ағын суларды Талдықорған қаласы кәріз жүйесіне қабылдау ережелері» бойынша атқарып келеді. Ережедегі тармақтардың бірінде концентрацияның шекті мөлшерінен асып кеткен ластанған ағын суды жібергені үшін қосымша төлем төлеу қарастырылған. Зиянды заттардың рұқсат етілген концентрациясын есептеу кезінде кәсіпорын 2007 жылы бекітілген Қабылдау ережесіне сүйенеді. Сол жылы аталған Ережеге мемлекеттік сараптама мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қорытындылары берілген. Алайда бүгінде Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы бұйрығына сәйкес жаңа талаптар бар.

Сондықтан көптеген кәсіпкерлерде аталған талаптардың негізділігіне, сондай-ақ есеп-қисап әдістемесін анықтауға қатысты, рұқсат етілген шекті концентрация қандай нормативті құжатқа сай анықталады және бұл мөлшер санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының аумақтық бөлімшелерінің келісімімен бекітілген бе деген бірқатар сұрақтар туды.

«Көріп отырғандарыңыздай, «Жетісу су құбыры» күшін жойған нормативтік құқықтық құжаттар негізінде әзірленген ескі құжаттарды пайдаланып отыр. Бұл ережелер мен есептеулер 9 жыл бұрын жүргізіліп, Талдықорған қаласы бойынша 2007 жылғы анықтамалық мәліметтер негізінде бекітілген. Мәселен, қолданылып жүрген ағын сулардағы ластайтын заттардың рұқсат етілген шекті концентрациясында: майлар –  23.0 мг/литр болса, жаңа нормативтер бойынша биологиялық тазалауға арналған рұқсат етілген концентрацияда: майлар – 50 мг/литр. Тұрмыстық тұтынушылар үшін: орташа мөлшер: 30-50 мг/литр», – деді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Рақым Жанысов.

Сондықтан,  сарапшының пікірінше, қолданыстағы шекті концентрацияның ескі нормативтері қала кәсіпкерлерінен қаржыны заңсыз алуға апарып соқтыруы мүмкін.

Өз кезегінде осы кәсіпорынның тазарту ғимаратының басшысы Алла Квон да жұмыс барысында тоғыз жыл бұрынғы құжаттың қолданылатындығын растады. Бірақ, оның айтуынша, ескі ережелерден бас тартуға себептер жоқ, өйткені көрсеткіштер сол деңгейде қалған.

Кеңес мүшесі Қайрат Дүзгенбаев әріптестерінің назарын мынаған аударды: 2007 жылдан бері халық саны, қаланың кәсіпкерлік субъектілері, зиянды заттардың химиялық құрамы және басқа да химиялық, техникалық көрсеткіштер өзгерген. Сондықтан есептеудің жаңа әдістемесін қолдану жайы өзекті болып тұр.

Кеңес төрағасы Баниямин Файзулин бұл ұсынысты қолдап, су құбыры компаниясының өкілдеріне Ағын суларды қабылдаудың жаңа ережесін әзірлеуге кеңес берді.

Бұдан бөлек, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес құрамын өзгерту мәселесі қаралды, сондай-ақ келесі жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Баниямин Файзулин көшпелі отырыстар өткізудің маңыздылығын атап өтті.

«Кәсіпкерлік сектордың түйіткілді мәселелерін көбірек қамту үшін және Кеңестің тиімділігін арттыру үшін келесі жылы біз аудандарда көшпелі отырыстар ұйымдастыруымыз керек», – деді Кеңес басшысы. Сондай-ақ Кеңес түйткілді мәселелерге талдау жүргізу үшін жоғары оқу орындарының студенттерін тартуды жоспарлап отыр.

Жиын соңында Баниямин Файзулин Кеңес мүшесі, Аматы облысы бойынша қорғаушылар алқасының төрағасы Данипа Әділбековаға кәсіпкерлік қауымдастықты нығайтуға және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының Құрмет грамотасын табыс етті. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер