Кәсіпкерлердің жетістігіне барша ел куә
Қостанайлық бизнесмендер ел экономикасына және өңірдің дамуына қосқан үлестері үшін зор сый-құрметке ие болды
Өткен жексенбі күні Кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңес мүшелерін марапаттау рәсімі өтті.
Шараны Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов ашып, «Иволга-Холдинг» ЖШС бас директоры, Өңірлік кеңестің төрағасы Василий Розиновқа қос бірдей медаль – «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» және «Қостанай облысына 80 жыл» медальдарын табыс етті.
«Мереке қарсаңында біз көптеген шаралар өткізіп, еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері туралы сөз еттік. Әрине, мұнда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің, соның ішінде «Иволга-Холдинг» ЖШС-ның қосқан үлесі зор. Кәсіпкерлеріміз «Атамекен» ҰКП-мен өзара ықпалдастық шеңберінде ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Үлкен жетістіктерге куә болып отырмыз. Сондықтан шын жүректен құттықтап, жаңа табыстар тілеймін!», – деді Базыл Жақыпов.
Тәуелсіздік мерейтойының медалі «Асалия» ЖШС директоры Дулат Шаяхметовке де табыс етілді. Кәсіпкер, өз кезегінде, жерлестерінің сенімін ақтайтынын жеткізді.
Өңірлік кеңес мүшелерінің Ұлттық кәсіпкерлер палатасын дамытуға қосқан үлестері де елеусіз қалған жоқ. «Атамекеннің» ІІІ дәрежелі «Ісіне адалдығы үшін» медалін Василий Розинов «Естаев» шаруа қожалығының басшысы Ыбраш Естаев пен «Қостанай диірмен комбинаты» АҚ бас директоры Александр Микетканың кеудесіне тақты.
ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовтің Құрмет грамотасы «Гранд» ЖШС бас директоры Андрей Емельяновқа, сондай-ақ Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің мүшелері – облыс прокурорының орынбасары Мұрат Төлебаевқа, облыстық прокуротураның бірінші басқармасының басшысы Асқар Сыздықовқа, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Асхат Ескендіровке, Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Самат Сәдуақасовқа және құқықтық қорғау бөлімінің сарапшысы Марат Әбішевке берілді.
«Марапаттау рәсімін қалалық билікпен бірлесіп өткізіп жатқандығымыз біраз нәрседен хабар береді, – деп атап өтті Василий Розинов. – Бұл барлығымыздың кәсіпкерліктің дамуына, кәсіпкерлердің еркін жұмыс жасауына, экономикамыздың нығаюына мүдделі екенімізді көрсетеді. Жаңа жыл қарсаңында істеріңіз алға басып, барлық арман-тілектеріңіз орындалсын деп тілеймін!».
Пікір қалдыру:
Пікірлер: