«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Финляндия мұнай мен көмірден бас тартпақ

2016 жылғы 20 Желтоқсан
- Алматы қаласы
9099 просмотров

Фин елі Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне тыңғылықты дайындалуда

Финляндия Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде ұсынатын жобаларды дайындауға белсенді түрде кірісті. Фин павильоны үздік бестіктің қатарынан көрінеді деп күтілуде. Олардың өз күшіне сенетіндей жөні бар. Солтүстік Еуропада орналасқан бұл елдің ғалымдары жасаған энергетика, экология, тұрғын үй құрылысы, білім саласындағы инновациялық зерттеулері әлем бойынша үздіктер қатарында екені белгілі.

«Финляндия энергетика және көлік салаларында мұнай мен тас көмірді пайдалануды азайтады. 2030 жылға қарай біз аталған энергия тасымалдаушылардың дәстүрлі түрінен толықтай бас тартып, биоотынға көшуді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде-ақ биомассаның көмегімен мұнай мен көмірдің орнын табысты алмастырып отырмыз. Келешекте тас көмірді шұғыл жағдайларда ғана, ал мұнайды кері экспортқа шығаратын полимерлер мен пластмассалар өндірісінде ғана пайдаланбақпыз. Энергетикалық сектордағы инвестициялардан түсетін табыс 4,5 млрд еуроға тең және бұл жүздеген мың жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді қазақстандық журналистердің Финляндияға жасаған баспасөз-саяхатында Финляндия Республикасының сыртқы сауда және даму жөніндегі министрі Кай Мюккянен.

«ЭКСПО-2017» көрмесінде «Tikkurila» лак және бояу шығару зауыты, «Isku» жиһаз концерні, ауыз су, қағаз және мұнай өнімдерін шығарушы «Kemira» компаниясы, әлемдегі экологиялық жағынан таза тұрғын үй салумен айналысатын бірден-бір кәсіпорын «Honkarakenne» компаниясы, өнеркәсіптік жылу сорғыштар өндіретін «Oilon», климатология саласының сарапшысы «Vaisala» сияқты Финляндияның «жасыл экономика» алпауыттары өз идеяларын таныстырмақ.

«Келіссөздер негізінде біз сондай-ақ Қазақстан мен Финляндия арасында (Алматы-Хельсинки-Алматы) тікелей ұшу бағытын ашуды жоспарлап отырмыз. 2017 жылдың 19 шілдесінен бастап Астана мен Хельсинки арасында  «Финнэйр» бағыты іске қосылады. Қазақстанға Финляндияның Коувола қаласының ірі темір жол торабы өкілдері бастаған «Team Finland» делегациясы келіп кетті. Қазір тараптар (фин және қазақстандық темір жол тасымалдаушылары) тауарлар логистикасын және Ресей Федерациясының аумағы арқылы тікелей қатынас жолдарын ашу мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізіп жатыр», – деп атап өтті Финляндиядағы Қазақстан Республикасының Елшісі Мұрат Нұртілеуов.

Қазақстан мен Финляндия арасындағы екі жақты сауда-саттық 2016 жылдың қаңтар-қазан айларындағы көрсеткіш бойынша 268,3 млн АҚШ долларына тең болды (экспорт – 163,1 млн долл, импорт – 105,1 млн долл). 2015 жылы сауда айналымы 466,9 млн долларға тең болды (экспорт – 287,6 млн долл, импорт – 179,3 млн долл), бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 59,6%-ға кем. Финляндиядан Қазақстанға 2005 пен 2015 жылдар аралығында келген инвестициялардың жалпы түсімі 286,9 млн доллар болған.

Қазақстанда фин капиталының қатысуымен 70-тен астам кәсіпорын тіркелген. Қазақстандық экспорттың негізгі салалары – мұнай және мұнай өнімдері, көмір және брикеттер, ілеспе газ, бидай. Финляндиядан импортталатын тауарлар: өнеркәсіптік жабдықтар мен техникалар, қағаздар мен қатырма қағаздар, мұнай өнімдері, химикаттар, дәрі-дәрмектер, медициналық бұйымдар, косметикалық заттар.

Маңызы басым ортақ жобалар. 2015 жылдың сәуір айында финдік «Tikkurila» компаниясы Алматы облысында лак және бояулар шығаратын зауыт ашты. Қалдықсыз өндіріс технологиясын қолданатындықтан және экологиялық жағынан таза болғандықтан, бірегей кәсіпорын саналады. Жобаға қойылған финдік инвестицияның көлемі 1 млн доллар АҚШ доллары болды. 2015 жылдың шілде айынан бастап Солтүстік Қазақстан облысында фин технологиясына негізделген, түрлі модельдердегі комбайндар мен тракторлар шығаратын өндіріс жолға қойылды. «Sampo Rosenlew» және «Самұрық-Қазына Инвест» компаниялары іске асырып отырған жобаның жалпы құны 8 млн еуроға бағаланды. Солтүстік Қазақстан облысында финдік «General Finland» компаниясымен бірігіп, ортақ кәсіпорындар құру жұмыстары жалғасуда. Олардың негізгі қызмет түрлері ағаш өңдеу және балық шаруашылығы болмақ. Компания сондай-ақ ағаш дайындауға арналған машиналар шығаратын зауыт ашу туралы келіссөздер жүргізуде. «General Finland» компаниясы Батыс Қазақстан облысында энергияны үнемдейтін технология бойынша есіктер, терезелер шығаратын өндіріс орнын ашуды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында бірқатар жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. «ICM Recycling» фин компаниясы Орал қаласының әкімдігімен құны 1,4 млрд теңге болатын «Орал қаласының қалдықтарын басқару жүйесін жаңғырту» жобасын іске асыру жөнінде меморандумға қол қойды. Аталған жоба алдыңғы қатарлы еуропалық технологиялар негізінде жұмыс істейді. 2015 жылдан бастап финдік «Lamor» компаниясы Қашаған кен орнындағы мұнай төгілген жерлердің топырағын «EKO/GRID» технологиясы бойынша тазарту жобасына қатысып келеді. Аталған технологияға барынша аз қаражат жұмсалады әрі пайдалану шығындары да аз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер