«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсетіледі

2016 жылғы 20 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
13435 просмотров

Оңтүстік Қазақстан облысында отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған жаңа жоба таныстырылды

Оны іске асырудағы бірінші қадам Кәсіпкерлер палатасы, бас мердігер және отандық тауар өндірушілер арасындағы үш жақты келісімнің жасалуы болды.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасы жүргізген сатып алуларға тауарлық тұрғыда жасалған талдау көрсеткендей, бүгінде облыста жүргізілген сатып алуларға жергілікті тауарлардың 32 пайызы ғана қатыстырылады екен. Мәселе бір нәрсені өндірмеуде немесе тауар сапасының нашарлығында емес. Өндірушілер де, тапсырыс берушілер де бірін-бірі біле бермейтін жағдайлар көптеп кездеседі. Бұл тапсырыс берушілерді тауарларды ел аумағынан тыс жерлерден іздеуге мәжбүр етеді, ал тура сондай тауар өзімізде де шығарылатындығынан беймәлім қалады. Оған мына бір жағдай мысал бола алады: шымкенттік компаниялардың екі директоры кездесіпті, бірі – бөлшектер шығарса, ал екіншісі сол бөлшектерге тегершіктер шығарумен айналысады екен. Бөлшектер шығаратын компания жолдың арғы бетінде тегершіктер шығаратын компания бар екенінен хабарсыз болғандықтан, қажет заттарын шетелден сатып алуға бел буады. Алайда, олар бір-бірі туралы Кәсіпкерлер палатасында өткен жиындардың бірінде кездейсоқ біледі.

Сондықтан, отандық тауар өндірушілерге өнімдерін өткізуге, ал бас мердігерлерге отандық өнімдерді таңдауға көмектесу мақсатында ОҚО Кәсіпкерлер палатасында бүгін маңызды құжатқа қол қойылды. Ол – құрылыс компаниялары мен отандық өндірушілер арасындағы үш жақты келісім. Оған оңтүстікқазақстандық 26 компания қол қойды. Аталған құжаттың басты мақсаты – жергілікті құрам үлесін арттыру және импорт алмастыру бағдарламасын іске асыру.

«Келісім шеңберінде әр тарап өзіне нақты бір міндеттемелер алады, нақтырақ айтсақ, бас мердігер тауарларға деген сұраныс көлемін бірыңғай үйлестірушіге – ОҚО Кәсіпкерлер палатасына жібереді. Онда тауар түрлері мен санаттары туралы ақпараттар өңделіп, жеткізу шартын жасау үшін отандық тауар өндірушілергі жөнелтіледі. Бұл отандық тауар өндірушілер мен бас мердігер арасында азаматтық-құқықтық қатынастар орнатады», – деп түсіндірді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Талғат Егембердиев.

Келісім ашық түрде болады, яғни оның құрамына өндіруші немесе бас мердігер деген дәрежесі бар кез келген кәсіпкер кіре алады.

Кәсіпкерлермен өткен кездесуде ішкі және сыртқы нарықтардағы сұраныстың бірден түсіп кетуіне байланысты, мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алулары, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алулары отандық бизнесті дамытуға арналған қаржы көзі болып отырғаны аталып өтті. Ұлттық палатаның қазақстандық компаниялардың тендерлерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыс атқарғаны сөзсіз.

«Палатаның маңызды мақсаттарының бірі – экономиканың барлық секторында барлық қазақстандық тауарлардың, жұмыстар мен қызмет түрлерінің пайдаланылуын арттыру. Бұл мақсат әрқашан біздің қызметіміздің басты басымдығы болған және болып қала береді де. Келісімге қол қою соған дәлел», – деп атап өтті ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер