Жер телімін алу үшін не істеу керек?
Жер телімін алу үшін, алдымен мемлекеттік актіге төлем төлеп, сосын аукционға қатысу тиіс екен. Атырау облысы Индер ауданының тұрғыны Сұңғат Ізбасаров осындай жағдайға тап болған.
Бизнесмен кәсіпкерлікпен 2008 жылдан бастап айналысады екен. Осылайша, Бөден ауылынан шаштараз бен дәріхана ашу мақсатында, кәсіпкер жергілікті әкімдікке жер телімін беру туралы өтініш жазған. Арада біршама уақыт өткен соң, әкімдіктегілер кәсіпкердің өтініші мақұлданғанын, енді оған жер телімін өз меншігіне өткізу үшін, акт толтыруы тиіс екенін жеткізіпті. Кәсіпкер жерді өз меншігі ретінде рәсімдеп, қажетті соманы төлегеннен кейін, «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» аудандық бөлімі Сұңғат Ізбасаровқа жер телімінің оған заңсыз берілгенін хабарлап, енді оған қол жеткізу үшін, аукционға қатысуы тиіс деп мәлімдеген.
Кәсіпкер, осылайша, Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына өтініш жазып, оның шағымы аудандық прокуратураға жіберіліпті. Қадағалау органы «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығының» мұндай әрекеті заңды деген шешімге келіпті.
«Онда ауыл әкімі неліктен маған жер телімі берілді деп хабар жіберді? Одан кейін мен мемлекеттік актіні рәсімдеу үшін, белгілі бір мөлшердегі төлем төледім ғой. Енді ол ақшаны маған кім қайтарады?», – деп шағымданды бизнесмен.
Индер ауданының тағы бір кәсіпкері, «Ақтай» шаруа қожалығының басшысы Сәулен Нұғыманов алаяқ жеткізушілердің әрекетінен зардап шеккен екен. Бұл ретте, бизнесмен мал ішегін қайта өңдеумен айналысатын өндіріс орнын ашу үшін, несие алған көрінеді. Осылайша, ол ресейлік «СибирьСнаб» компаниясымен қондырғыларды сатып алу туралы келісімшартқа қол қойған. Айта кетерлігі, кәсіпкер арнайы құрал-жабдықтарға қол жеткізу үшін, компания есепшотына 170 мың рубль, яғни 850 мың теңге көлемінде қаражат аударған. Алайда, бизнесменге әлі күнге дейін қондырғылар жеткізілмеген. Аталған мәселені шешу мақсатында, Сәулен Нұғыманов Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының көмегіне жүгінген.
Индер ауданының тағы бір тұрғыны Асхат Базарғалиев 2015 жылы анасының қайтыс болуына байланысты, азық-түлік дүкенін мұра ретінде алып қалған. 2015 жылдың басында, дүкен алкоголь өнімдерін сатуға қажет лицензия алады. Алайда, 2016 жылы Асхаттың анасының қайтыс болуына байланысты, лицензияны ұзартуға қажет төлем төленбеген көрінеді. Сол себепті, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкерден айыппұл төлеуін талап етіп отыр.
Аталған мәселелердің барлығы Атырау облысы бойынша Қазақстанның кәсіпкерлер құқығын қорғау уәкілі аппаратының сектор меңгерушісі, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың қатысуымен өткен, кәсіпкерліктің түйткілді мәселелеріне арналған көшпелі отырыс барысында қаралды. Осылайша, шараға аудандағы шағын және орта бизнестің 40-тан астам өкілі қатысты.
Сонымен қатар, аталған тұлғалардан бөлек, бизнес-омбудсменнің өңірлік өкіліне жергілікті «Талап» және «Батыр» базарларында саудамен шұғылданатын кәсіпкерлер де шағым түсірді. Кәсіпкерлер жолдаған сауалдардың дені тұтынушымен есеп айырысу барысында қолданылатын кассалық аппарат мәселесіне қатысты болды.
«Біздің баршамыздан келесі жылдан бастап, кассалық аппаратты қолдануды талап етіп отыр. Алайда, ауылды жерлерде сауда өте баяу жүреді. Кейде тіпті, тауарды қарызға беруге тура келеді. Сондай-ақ, «Талап» базарында кассалық аппаратты қосу үшін тиісті жағдайлар жасалмаған. Тіпті, аппаратты іске қосатын қарапайым розеткалар да жоқ. Сонымен бірге біз, Палата мамандарына мекемені жалға алуға қатысты келісімшартты жасауда құқықтық көмек сұраймыз. Себебі, қолданыстағы келісімшарт бізге тиімсіз болып тұр», – дейді кәсіпкерлер.
Бұған Қазақстанның Атырау облысы бойынша Кәсіпкерлер құқығын қорғау уәкілі аппаратының сектор меңгерушісі Сәрсенбай Молдыбаев, кассалық аппараттарды пайдалану реті ҚР Салық заңына сәйкес белгіленгенін жеткізді. Ал, 2015-2016 жылдардан бастап, өз қызметін бастаған шағын және орта бизнес субъектілерінің жеке санаттарына қосымша талаптар бекітілген екен. Аталған мәселе бойынша барлық қажетті кеңес мемлекеттік кірістер департаментінде беріледі деді Палата өкілі.
«Екінші мәселеге келер болсақ, азаматтық-құқықтық акт ретінде, базар иесі мен жалға алушы арасында келісімшарт болуы тиіс және онда екі тараптың да пікірлері ескерілуі керек. Сол себепті, базар басшыларымен кездесіп, жаңа келісімшарт жасау қажет. Егер олар бұған қарсы болса, онда медиация ретінде, атаған мәселені шешу мақсатымен, Кәсіпкерлер палатасына жүгінуге болады. Базар қожайыны жалпыға бірдей ережелер бойынша салық төлеуші болғандықтан, олардың қолында жалға алушылармен жасасқан келісімшарт міндетті түрде болуы тиіс», – деп қорытындылады Сәрсенбай Жолдыбаев.
Ал, өзге өтініш берушілерге келесідегідей жауап берілді.
Сәулен Нұғыманов алдымен өз пайдасына шешілген сот шешіміне қол жеткізу керек. Одан әрі, аталған шешім негізінде, сот талаптарының орындалуын қолға алу қажет. Егер, заңға қатысты кеңестер қажет болса, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы заңгерлері көмек көрсетуге әзір екенін жеткізді.
Асхат Базарғалиевқа келесі заң актілеріне сүйене отырып, мемлекеттік кірістер басқармасы арасындағы мәселені шешу туралы кеңес берілді. ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің 38-бабының 4-тармақшасына сәйкес, егер сот шешімімен кәсіпкердің қаза болғаны жарияланса, жеке кәсіпкерлік қызметі мәжбүрлі түрде тоқтатылады екен. Сонымен бірге, ҚР «Растаулар мен ескертулер туралы» заңының 35-бабы 4-тармақшасына сәйкес: лицензия немесе лицензияға қосымша тек жеке тұлға қызметі тоқтаған жағдайда, заңды тұлға қызметі жойылған кезде ғана өз күшін жояды екен. Ал, қаза болған азаматқа айыппұл салу ісі қалай орын алған? Бұл сауалды да мемекеттік кірістер басқармасына жолдаған жөн деді сарапшылар.
Ал Сұңғат Ізбасаровтың жер телімі мәселесімен Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының мамандары айналысатын болды. Мәселеге қатысты нәтижелер біршама уақыттан кейін хабарланады.
Қазақстанның Атырау облысы бойынша Кәсіпкерлер құқығын қорғау уәкілі аппаратының сектор меңгерушісі, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, кәсіпкерлермен жүздесуге мүмкіндік беретін көшпелі отырыстар, ауылдардағы нақты мәселелерге көз жеткізіп, олардың негізінде шағын және орта бизнес субъектілерінің құқығын қорғауға қатысты жұмыстарды қолға алуға жол ашады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: