«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тәуелсіздік құрдасы

2016 жылғы 15 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
14020 просмотров

Олар тәуелсіз Қазақстанда дүние келген жаңа формацияның адамдары. Елдің дамуы оның әрбір азаматының қажыр-қайратына байланысты екенін жас буын жақсы түсінеді

Шымкенттік кәсіпкер, «IT-Invest Group» ЖШС-ның бас директоры Әлішер Әбдуәлиев бүгінде Қазақстанда жас бизнесмендер үшін тамаша мүмкіндіктер жасалғанына сенімді.

Төрт жасында ол компьютерді әкесінің жұмысынан алғаш көрген еді, ғажайып машинаға таң қалғаны соншалық, кейін компьютерлік технологиялар оның өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды. Мектепті бітірген соң Әлішер Қытайға оқуға бармаққа дайындалды: ағылшын және қытай тілдерін меңгеріп, ондағы жоғары оқу орындары туралы мәліметтер жинады. Алайда ғалым әкесінің «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөзі, туған жеріңде білім алып, еңбектену қажет деген ақылы оның жоспарларын өзгертіп жіберді. Бүгінде ақылдың әкенің ұлы жақсылыққа сенеді. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші курсында оқып жүріп-ақ Әбдуәлиев жеке бизнес ашу туралы ойлана бастады. Бұл ой мұқтаждықтан емес, өзін, өз мүмкіндіктерін тексеріп көру мақсатында туған еді. «Ақпараттық жүйелер» факультетіндегі оқуы жеңіл болды, қызыға оқыды, сондықтан Әлішер бос уақытын тиімді пайдалануды жөн санады. Әкесінен 50 мың теңге қарызға алып, оқу орнының жанынан компьютерлік және көшірме қызметтерін көрсететін орталық ашты. Тасы өрге домалап жүре берді. Екінші курсында пысық студент өзі оқып жүрген оқу орнынан әдістемелік оқу құралын көбейту туралы тапсырыс алып, алғашқы миллион теңгесін тапты. Көмекші алуға да тура келді. Үшінші курс оқып жүргенінде Әлішер жеке кәсіпкерлігін тіркеді. Алған білімі компьютерлерді жөндеу арқылы қаржы табуға мүмкіндік берді.

Бірте-бірте Әлішер жаңа мақсаттар қойып, соған қарай ұмтыла бастады. 2012 жылы жеткілікті қаражат жинап алған соң, «IT-Invest Group» ЖШС құрды. Төрт жыл ішінде жүздеген тұрақты клиент жинап үлгерді. Оларға компьютерлік, видеобақылау, өрт сөндіру, дабыл, телефон жүйелері бойынша қызмет көрсетті.

Тағы да бір белес бағындырылды. 2015 жылы Ә.Әбдуәлиев құрылысқа арналған қаптама материалдар өндірісін іске қосуға бағытталған 6 млн теңгелік грантты ұтып алды. Ноу-хауды әзірлеген туған ағасы. Екі ай өтер-өтпес мерзімде кәсіпорын іске қосылды.

«Сол кезде мені Қытайға жібермегені үшін әкеме алғысым шексіз, – дейді Әлішер. – Туған елім маған бәрін берді, еңсемді тіктедім. Бүгінде біздің елде бизнес ашуға тамаша жағдайлар жасалған: ең бастысы  идея болса, қалғаны өз орнына келеді».

Ол шахматпен, музыкамен әуестенеді. Жаңа идеяларға тұздық болатын іскерлік әдебиетті оқуды да міндеті санайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер