«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан мен Израиль арасында бірқатар құжаттарға қол қойылды

2016 жылғы 14 Желтоқсан
7584 просмотров

Агроөнеркәсіптік кешен, инновациялар, медицина, бизнес – бұл Астанада өткен Қазақстан мен Израиль басшылары кездесуінде талқыланған басты тақырыптар болды

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада елімізге алғаш рет іссапармен келген Израильдің Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуді қабылдады. «Тәуелсіздік алғалы бері Израиль жақын әрі маңызды экономикалық әріптесіміз болып келді, болып қала береді де. Елдеріміздің арасындағы ерекше қарым-қатынастар кездейсоқ құрылған жоқ», – деп атап өтті Қазақстан Президенті келіссөздер қорытындысы бойынша өткен ортақ брифингте. Елбасы кездесудің «ашық және сенімгерлік жағдайда» өткендігін атап өтті. Кездесу барысында тараптар екіжақты өзара ықпалдастық, халықаралық тәртіп, терроризммен күрес мәселелерін талқылап, өзге де мәселелер бойынша пікір алмасқан.

«Израильдің аграрлы кешенді дамытудағы табыстары таңданарлық екені белгілі. Біз олардың тәжірибесін біртіндеп үйренудеміз. Бүгін бірлескен жұмыс тобын құру, жоспар, шарт және жол картасын жасау туралы келісімге келдік. Құжаттар дайын бола салысымен, Премьер-министр екеуміз шартқа қол қойып, бірге жұмыс істеуді бастап кетеміз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Израиль Астана мен Тель-Авив арасында тікелей әуе қатынасын ашу келешегін, сондай-ақ визаны алып тастау мүмкіндіктерін талқылады. Елбасы «бұл мәселені Қазақстан өз тарапынан шешіп жатқанын» атап өтті. Экономикалық жобалар Қазақстан – Израиль бизнес-форумында талқыланбақ. Оған Қазақстан Президенті мен Израильдің Премьері қатысады деп жоспарланып отыр.

Израиль ЕАЭО аясындағы еркін сауда аймағына қатысуға қызығушылық танытуда. «Төрағалық ететін ұйым ретінде Қазақстан мұны қолдайды. Біз бұл жағынан ғана емес, адамдарымызды оқыту, жаңа технологияларды үйрену, индустрия жағынан да әріптестік орната алатынымызды айттық. Олар ұсынып отырған тәжірибені үйрену – Қазақстан үшін үлкен қолдау», – деп сөзін түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Биньямин Нетаньяху қос елдің бірлесе отырып, көп нәрсеге қол жеткізе алатындығын атап өтті. «Сіз шикізатқа негізделген экономикадан енді жаңа экономикаға өту керек деп дұрыс нұсқадыңыз. Біз бұл мәселе бойынша бірлесіп көп нәрсе істей аламыз», –деді Премьер-министр.

Қазақстанға келген мәртебелі қонақ: «Қазір Израиль өте бақытты ел, бізде табиғи ресурстар да, техногенді ресурстар да бар», – деп сөзін жалғады.

«Менің ойымша, сіздер талпынып жатқан дүние мен біз атқарып жатқан дүние арасындағы тамаша қатынас бар. Ең алдымен, бұл біздің «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу ниетімізден көрінеді. Біз мұндай шешімді бірден қабылдадық. Біз сіздермен ауыл шаруашылығы, ғылым мен технология салалары боынша әріптес болғымыз келеді», – деп атап өтті Биньямин Нетаньяху.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан мен Израиль бірқатар құжаттарға қол қойды. Бұл, негізінен, қос ел үкіметі арасындағы Ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестік туралы келісім, Биометрлік ұлттық құжаттардың иегерлерін визалық талаптардан босатуға бағытталған ортақ декларация, ҚР мен Израиль мемлекеті арасындағы әуе қатынастары туралы меморандум. Сонымен қатар Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік пен Израильдің «Матимоп» өнеркәсіптік ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрылымдық жұмыстар орталығы арасында индустриялды зерттеулер туралы өзара түсіністік және әріптестік туралы меморандумға, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Израиль мемлекетінің Мемлекеттік қызмет комиссиясы арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер